Мәдениет

«Жүректегі дауыл» жарық көрді

Астана қаласының тұрғыны, жас ақын Ернар Жақсыбаевтың «Жүректегі дауыл» атты кітабы жарық көрді. Оқырманға ой салар жаңа кітап – жас ақынның тұңғыш жыр жинағы. Ернар Талапұлы балалар киносын түсірумен шұғылданды. Бүгінгі таңда жас өрендерді кино саласына баулып жүр. Сәл шегініс жасап көрейін…  

2023 жылы Астанаға көшуге бел байладым. Алдымен өзім барып жұмысқа орналасып алуым керек болды да қасыма серік іздей бастадым. Ойлана келе Ернар Жақсыбаев бауырыма қолқа салдым. «Жүрсеңші, бас қалаға барайық, сол жерде болайық» дегеніме кешігіңкіреп жауап берді. Бірге жолға шығатын болып уағдаластық. Мүмкін өзінің де Астанаға бару ішкі арманы болған шығар, әйтеуір менің ұсынысымнан бас тартпады. Жігітті жол сынайды. Ұзақ жолға шыққан екеуміз бұрынғыдан да бетер жақын болып кеттік. Аз сөйлесе де көзі сығыр, сөзі шымыр бауырым кісі көңіліне қарап тұрады. Елордаға Ернар ерте үйренді. Бұл енді басқа әңгіме…

Ол өлең жазады. Аз жазса да саз жазатыны бар. Жұртқа ұқсап ақыл айтпайды, оның әрбір өлеңі жігерлендіру, құлшындыру, ынталандыру тұрғасында өріледі. Оның кейде мен жақсы көріп, кейде жек көретін бір әдеті бар. Ол қырсық. Мойындамайды, бірден мойындатқысы келеді. Мұны енді өзінің жаратылысы, болмысы, мінезі шығар. Әйтпесе, ақылсыз емес қой…

Ернардың тағы көңілге қонымсыз бір әдеті бар. Ол – адамдардан алшақ жүретіндігі. Жан баласына қосылғысы келмейді. Оны өзі де мойындаған.

«Жақсы адамдардан қашып жүремін,

Қашық жүремін, ұнатып…

Құлақты кейде басып жүремін,

Жүректі қайтем жылатып?» дейді.

Міне, ақын жақсы адамдардың пендешілігін көріп, жек көріп кетуден қорқады. Осының барлығы, сайып келгенде, ақынға тән қасиет.

Ернардың тұңғыш жыр жинағы оқырман үшін – тек сөз емес, ой мен сезімнің теңізіне жасалған саяхат. Мұнда әр жолдан өмірдің нәзік сәттері, махаббат пен үміт, қайғы мен қуаныш аңғарылады.

Бұл кітап – әрбір оқырман үшін рухтандыратын серік. Ол сізге: «Сен жалғыз емессің, сенің жүрегіңде де дауыл, бірақ ол дауыл сенің күш-қуа­тыңа айнала алады» деген ойды жеткізеді. Осы өлеңдер арқылы Ернар бізге тек өмірдің қиындықтарын емес, сонымен қатар олардың үстінен қалай көтерілетінімізді, әр сәттің құндылығын сезінуді үйретеді.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button