Туризм қалай дамиды?

Мемлекет қазынасын толтырып, ел экономикасының қалтасын қампайтуға атсалысатын саланың бірі – туризм. Әсіресе табиғаты көркем, жері кең, климаты алуан түрлі, шөлі мен көлі қатар тұрған Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Осындай ерекшелік елімізді шетелдік саяхатшылар үшін тартымды етеді. Өйткені қыдырған ел тек демалыс қана емес, жанға жайлы ауа, сапалы қызмет, ерекше табиғат пен тарихи орындарды іздейтіні анық.
Соңғы жылдары елімізде туризм саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанға келетін шетелдік қонақтардың саны артып отыр. E-Qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, өткен жылы елімізге шамамен 16 миллион турист келген. Олардың басым бөлігі – 30 бен 50 жас аралығындағы шетел азаматтары. Сонымен қатар туризм саласына құйылып жатқан инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға 1 трлн 256 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 32 пайызға көп. Демек мемлекет те, кәсіпкерлер де туризмнің болашағына сеніммен қарап отыр.
Қазақстандағы туристер ең көп баратын аймақтың бірі – Алматы облысы. Табиғаты әсем бұл өңір шетелдік қонақтарды ғана емес, отандық туристерді де ерекше қызықтырады. Мәселен, 2025 жылы «Іле Алатауы» ұлттық табиғи паркіне 945993 адам барған. Ал «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде демалушылар саны 600026 адамға жетіп, көрсеткіш 51,8 пайызға артқан. Сонымен қатар табиғаттың таңғажайып ескерткіші саналатын Шарын шатқалында демалушылар саны екі есеге көбейіп, 249928 адамды құраған.
Астанаға қанша мейман келді?
Соңғы жылдары бас қаламыз туристер жиі келетін қалалардың біріне айналды. Былтыр Астанаға 1 миллион 600 мыңнан астам саяхатшы келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Оның ішінде 400 мыңға жуық адам – шетелдік туристер. Басым бөлігі – Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан және АҚШ азаматтары. Олар ең алдымен елорданың басты символы саналатын «Бәйтерек» монументі, тарихи музейлер, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті, Ботаникалық бақ пен «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына келеді. Енді ғана пайдалануға берілген LRT жүйесі де Астананың заманауи келбетін айқындап, туристер назарын өзіне аударып отыр. Astana Tourism орталығының мәліметінше, елордаға келген турист орта есеппен тәулігіне 118 мың теңге жұмсайды екен. Бұл қаражат қонақүй, тамақтану, көлік, сауда, ойын-сауық салаларына түседі. Соның арқасында былтыр Астанадағы қонақүйлер мен хостелдердің табысы 74 млрд теңгеге жеткен. Бүгінде Астанаға келетін туристердің тек 31 пайызы ғана іскерлік мақсатта келсе, қалған қонақтар демалу, мәдени іс-шараларға қатысу, сауда жасау және қаланың сәулетімен танысу үшін келеді. Сонымен қатар халықаралық форумдар, экология саммиттері мен әлемдік деңгейдегі іс-шаралар шетелдік меймандар ағынын көбейтуде.
Жазда қайда баруға болады?
Жаз мезгілі басталысымен көпшілік демалысын тиімді өткізіп, табиғаты көркем жерлерге саяхаттауды жоспарлай бастайды. Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризм қарқынды дамып, ел аумағындағы демалыс орындарына қызығушылық артып келеді. Әсіресе көл жағалауы, ұлттық парк пен курортты аймақ туристердің сүйікті бағытына айналған. Осыған байланысты мемлекет те жазғы туристік маусымға қызу дайындық жүргізді. ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжановтың айтуынша, жазғы маусым қарсаңында еліміздің 8 негізгі туристік аймағында арнайы тексеру жұмысы жүргізілген. Олардың қатарында Алакөл, Балқаш көлі, Бурабай, Каспий теңізі жағалауы және Шығыс Қазақстандағы туристік бағыттар бар. Қазіргі таңда өңірлерде туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында құтқару бекеттері, санитария-гигиена нысандары, коммуналдық жағажайлар мен визит-орталықтар салынып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде. Әсіресе курортты аймақтардағы көлік қолжетімділігіне ерекше назар аударылуда. Жаз мезгілінде туристер саны күрт көбейетіндіктен, жол қатынасын жақсарту маңызды мәселеге айналған. Мәселен, Қарағанды облысында Балқаш көлі туристік кластерін дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Онда әуежайды жаңғырту және жаңа әуе бағыттарын ашу көзделген. Ал Ақмола облысында Бурабай курортын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Демалыс аймағында автотұрақтар салынып, туристік инфрақұрылым нысандары дамып жатыр. Алматы облысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды жаңарту, жол желісін дамыту және ұлттық парктерді абаттандыру жұмысы қолға алынған. Сонымен қатар Жетісу өңіріндегі Алакөл жағалауының көлік қолжетімділігі жақсарып, Үшаралға әуе рейсі мен теміржол қатынасы күшейтілмек. Ал Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауы бойындағы жағажайлар мен жағалау аумақтары жаңарып жатыр. Қауіпсіздік жүйелері күшейіп, сервис инфрақұрылымы кеңейтілуде. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да туристік кластерлерді дамыту жұмысы қарқын алған. Туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделіп, жаңа қонақүйлер мен демалыс орындары салынып жатыр. Табиғи аймақтарды абаттандыру жұмысы да ұмыт болған жоқ. Бұдан бөлек, елімізде оқиғалық туризмге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда республикалық іс-шаралар күнтізбесіне мәдениет, спорт және гастрономия бағытындағы 55 ірі іс-шара енгізілген.
Тау туризмінің жаңа бағыты
Жалпы елімізде туризм саласын дамытуға соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тек туристер санын арттыруды ғана емес, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, халықаралық талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыруды да басты назарда ұстап отыр. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында халықаралық қонақүй брендтерінің Қазақстан нарығындағы үлесін арттыру және еліміздің туристік әлеуетін шетелдік нарықта кеңінен насихаттау мәселелері басты назарға алынды. Сонымен қатар автотуризм, ат туризмі, гастрономия және MICE-туризм бағыттарын дамыту, туристік іс-шаралар күнтізбесін жетілдіру мен виза саясатын оңтайландыру жолы қарастырылды. Бұдан бөлек, аңшылық туризмінің мүмкіндігі мен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыланды. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамыту, туристік жүктемені реттеу және тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік айналымға енгізу мәселелері де кеңінен сөз болды. Сол жиында Almaty Superski жобасына да ерекше назар аударылды. Бұл бастама Алматы өңіріндегі тау туризмін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде бағалануда. Соңғы жылдары елімізге келетін туристер саны айтарлықтай өскен. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион адам келген. Ал ішкі туристер саны 10,5 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артқан. Бұл туризмнің ел экономикасындағы нақты өсім нүктесіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе табиғат, экология және тау туризміне қызығушылық күшейіп келеді. Қазақстанның көркем табиғаты мен ұлттық парктері саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналған. Тек 2024 жылдың өзінде ұлттық парктерге 2,8 миллион адам барған. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп көрсеткіш.
«Бұрын мұндай демалысты арнайы туристер мен тау шаңғысына әуесқойлар жиі таңдаса, бүгінде табиғи аумақтар көпшілік жаппай баратын орынға айналды. Адамдар ол жерге демалыс күндері жаяу жүру үшін, белсенді демалыс және табиғат аясына қысқа уақытқа шығып қайту үшін барады» деді Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Таудағы туризмді дамыту инфрақұрылымға жаңа көзқарасты талап ететінін айтқан ол тау шаңғысы туризмін дамыту Алматы тау кластеріне қатысты жаңа тәсіл мен заманауи көзқарасты қажет ететініне де тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнесті біріктіретін күрделі сала екенін ерекше атап өтті. Шаңғы туризмін дамыту туралы айта келе, Президент Алматы тау кластері үшін жаңа көзқарастың қажет екенін айтты. Дәл осы тұрғыдан алғанда, Almaty Superski жобасын қарастыру қажет. Бұл жеке инфрақұрылымды салу мәселесі ғана емес. Мұнда Алматының болашағы, Қазақстанның барлық туристік саласының дамуы, таулардың азаматтар үшін қолжетімділігі, адамдардың қауіпсіздігі және Іле Алатауының бірегей табиғатына жауапкершілікпен қарау туралы әңгіме болып отыр» деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, Almaty Superski жобасының мәні бір қаланың шеңберінен шығып, Қазақстанның заманауи, ашық әрі бәсекеге қабілетті туристік бағыты ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Көкжайлау жерлері «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрамынан шығарылмайтынын, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтайтынын және жоба аясында жеке коттедждер мен виллалар салу қарастырылмағанын атап өтті. Жоба экология талаптарын қатаң сақтау, ғылыми сүйемелдеу, қоғамдық бақылау және орындаушылардың жеке жауапкершілігімен ғана іске асырылады. Сондай-ақ Медеу – Шымбұлақ – Көкжайлау – Құмбел сияқты өзара байланысқан жүйе туристер ағынын тиімді бөліп, Шымбұлаққа түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
«Бізге тұрғындардың, экологтардың, сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі маңызды. Алайда талқылау фактілерге, ғылыми сараптамаға және Алматы мен бүкіл елдің ұзақмерзімді мүддесін түсінуге негізделуі тиіс» деді Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі.
P.S: Елге келген елдің рақметін де, ақшасын да алып қалу қашанда басты орында тұруы тиіс. Сонымен қатар әр өңірге қонақүй салғанда да сол аймақтың табиғатына, тарихи болмысына және мәдени ерекшелігіне сай етіп жобалау қажет деп ойлаймын. Мысалы, қонақүй форматында ежелгі Сауран базары мен Бозоқ ауылдарының, Сарайшық қалашығы ның заманға бейімделген нұсқасын жасап, туристерге тек демалыс емес, тарихи атмосфера сыйлайтын орталықтар ашсақ, қонақүйлердің ішкі және сыртқы дизайнын да көне дәуірдің рухын сездіретіндей етіп безендірсек, келушілер өздерін дәл сол тарихи кезеңде жүргендей сезінер еді.
Шапағат ӘБДІР



