Басты ақпаратРуханият

Геральдика – рәміздер жүйесі

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай рәміздер әлемінің терең қатпарларын зерделеп жүрген белгілі геральдист-ғалым, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Сараптамалық кеңестің сарапшысы Айдын Рысбекұлымен өрбіген сұхбатты ұсынамыз.

– Айдын мырза, геральди­ка тек рәміздерді ғана зерттей ме, әлде елтаңбаларды да қамти ма?

– Геральдика ең алдымен елтаңбаларды (гербтерді) зерттейтін ғылым ретінде қалыптасқан. Яғни оның тарихи өзегі – гербтер жүйесі, олардың құрылымы, элементтері мен мағынасы. Елтаңбадағы қалқан, түстер, бейнелер мен композиция құрылымы – барлығы – геральдиканың негізгі зерттеу нысаны. Алайда қазіргі ғылыми түсінікте геральдиканың аясы айтарлықтай кеңейді. Бүгінде ол тек елтаңбалармен шектелмей, жалпы рәміздер жүйесін қамтитын кешенді ғылымға айналды. Бұл тұрғыда «символ» – рәміз, «символика» – рәміздік жүйе, ал «символдық бейне» – рәміздік бейне ретінде қарастырылады. Сондықтан геральдика әрбір рәмізді тарихи, мәдени, құқықтық және семиотикалық қырынан кешенді түрде зерттейді.

– Бүгін біз қоғамда көп айтыла бермейтін, бірақ мемлекет үшін аса маңызды сала – ресми геральдика туралы сөз қозғаймыз. Алдымен, ресми геральдика дегеніміз не?

– Ресми геральдика – мемлекеттік билік органдары немесе уәкілетті мекемелер бекітетін, заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен айқындалған тәртіпте қолданылатын рәміздер жүйесі. Алайда оны тек сыртқы көркем белгілер жиынтығы ретінде қабылдау – үстірт түсінік. Шын мәнінде, ресми геральдика – құқықтық сана, тарихи жады және мәдени код тоғысқан күрделі семиотикалық кеңістік.

– Яғни әрбір рәміздің артында терең мазмұн жатыр ғой?

– Әрине. Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасындағы бейнелер кездейсоқ таңдалған элементтер емес, олардың әрқайсысы терең тарихи-мәдени және дүниетанымдық мазмұнға ие. Мәселен, шаңырақ – ортақ үйдің, мемлекеттің тұтастығы мен халық бірлігінің рәмізі. Ол тек архитектуралық элемент емес, ұрпақ сабақтастығын, кеңістік пен уақыттың бірлігін білдіретін философиялық ұғым. Қыран – еркіндік пен асқақ мұраттың, биік рух пен тәуелсіздікке ұмтылыстың белгісі. Ол – кең дала өркениетінің дүниетанымымен астасып жатқан тарихи бейне. Ал күн – өмір мен өркендеудің, энергия мен дамудың әмбебап философиялық рәмізі. Оның шуағы мемлекет пен қоғамның болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Бұл рәміздер – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымның ықшамдалған, жинақталған көрінісі. Сондықтан рәміз – жай ғана бейне емес, тарихи жадының, рухани кодтың және ұлттық болмыс­тың көркем тілге айналған формасы.

– Мемлекеттік гераль­диканың орны қандай?

– Мемлекеттік геральдика – мемлекеттің тәуелсіздігін және конституциялық негіздерін білдіретін ең жоғары деңгейдегі рәміздер жүйесі. Ол – тек көрнекі белгілер жиынтығы емес, саяси легитимділік пен ұлттық бірлік идеясын тұтастандыратын идеологиялық-мәдени құрылым. Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимні – осы жүйенің негізгі өзегі. Бұл рәміздер арқылы мемлекет өзінің тарихи тамырын, қазіргі болмысын және болашаққа бағытталған стратегиялық мұратын айқындайды. Мысалы, тудағы көгілдір түс – бейбітшілік пен ашық аспанның белгісі ғана емес, сонымен қатар түркілік дүние­танымдағы «көк» ұғымымен сабақтас терең мәдени код. Ал ортасындағы күн бейнесі – өміршеңдік пен өркен­деудің әмбебап символы ретін­де қабылданады. Елтаңбадағы пырақтар – еркіндікке ұмтылыс пен тарихи сабақтастықтың көркем бейнесі. Шаңырақ бейнесі мемлекеттің тұтас­тығы мен бірлігін білдіретін орталық рәміздік өзек ретінде ерекше мәнге ие. Осылайша, мемлекеттік геральдика тек ресми рәміздер жүйесі емес, ол – ұлттың тарихи санасын, рухани болмысын және мемлекеттік идеясын жинақтаған тұтас символдық кеңістік.

– Қазақстандағы гераль­ди­ка ғылымы толық қалыптасты деп айтуға бола ма?

– Толық қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Иә, мемлекеттік, ведомстволық және әскери деңгейде белгілі бір жүйелілік қалыптасқан, негізгі қағидалар мен тәжірибелік үлгілер орнық­қан. Бұл бағыттарда рәміздер заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, олардың қолданылу тәртібі біршама реттелген.

– Өңірлік геральдикадағы негізгі мәселе қандай?

– Өңірлік геральдикадағы ең өзекті мәселе – ортақ ұлттық геральдикалық стандарттың болмауы. Соның салдарынан әр өңір өз рәмізін әртүрлі тәсілмен қалыптастырып, бірізді жүйе орнықпай отыр. Бұл – тек көркемдік айырмашылық емес, рәміздердің мазмұндық тұтас­тығына тікелей әсер ететін фактор. Айталық, бір өңірдің рәмізінде классикалық геральдикалық қалқан пішіні, түстердің дәстүрлі үйлесімі мен композициялық тәртіп сақталса, басқа бір өңірде логотиптік, заманауи дизайн тәсілдері басым келеді. Соның нәтижесінде бір жерде тарихи-рәміздік мазмұн терең әрі жүйелі көрініс тапса, енді бір жерде визуал­ды жаңашылдық алдыңғы орынға шығып, рәміздің идея­лық салмағы әлсірейді. Мысал ретінде, Жетісу өңірінің рәмізінде дәстүрлі геральдикалық құрылым элементтері айқын байқалса, Абай өңірінің рәмізінде қазіргі графикалық шешімдер басымырақ көрінеді. Бұл айыр­машылықтар табиғи құбылыс болғанымен, олар бірыңғай стандарттың жоғынан жүйесіздікке ұласып отыр. Нәтижесінде рәміздердің ортақ мағыналық кеңістігі бұзылып, ұлттық геральдика жүйесінің тұтастығы әлсірейді. Сондықтан өңірлік геральдиканы ғылыми негізде біріздендіру – бүгінде маңызды міндеттің бірі.

– Ал ведомстволық және әс­кери геральдикада жағдай қалай?

– Бұл салаларда жүйелілік пен тәртіп салыстырмалы түрде жақсы сақталған. Мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың рәміздері белгілі бір геральдикалық қағидаларға сүйене отырып жасалады және олардың қызметтік ерекшелігін нақты бейнелейді. Мысалы, құқық қорғау органдарының рәміздерінде қалқан, жұлдыз, қылыш сияқты элементтер жиі қолданылады. Қалқан – қорғау мен қауіпсіздікті, қылыш – тәртіп пен күшті, ал жұлдыз – қызметтік мәртебе мен жауапкершілікті білдіреді. Осылайша әрбір рәміз – белгілі бір мекеменің миссия­сын, құзыретін және кәсіби бағытын кодтайтын мағыналық жүйеге айналады. Әсіресе әскери геральдикада тәртіп пен дәстүр қатаң сақталады. Әскери бөлімдердің тулары, айырым белгілері мен эмблемаларында олардың тарихи жолы, жауынгерлік жетістіктері және ерлік дәстүрі көрініс табады.

– Құқықтық геральдика жә­не құқықтық-норматив­тік геральдика қандай рөл ат­қарады?

– Құқықтық геральдика – сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының рәміздері арқылы олардың беделін, мәртебесін және қызметтік миссиясын айқындайтын маңызды сала. Мұндай рәміздер – тек айырым белгі ғана емес, құқық үстемдігі мен әділеттілік қағидаларын бейнелейтін мазмұндық құрал. Мысалы, сот рәміздерінде жиі қолданылатын таразы бейнесі – әділ шешім мен теңдік ұғымының әмбебап көрінісі, ал қалқан бейнесі – заң мен тәртіпті қорғау идеясын білдіреді. Ал құқықтық-нормативтік геральдика – рәміздердің құқықтық өмірін реттейтін жүйе. Бұл сала рәміздерді бекіту, тіркеу, ресми қолдану, қорғау және оларды заңсыз пайдалануға жол бермеу тәртібін анықтайды.

– Парламенттік геральди­ка және мәслихаттық геральдика қалай түсіндіріледі?

– Парламенттік және өкілді, яғни мәслихаттық геральдика мемлекеттік биліктің өкілдік сипатын көрсетеді. Нақтырақ айт­қанда, парламенттік геральдика – жоғарғы заң шығарушы органдардың рәміздерін қамтитын сала. Бұл рәміздер мемлекеттегі заң шығару билігінің мәртебесін, оның конституциялық негізін және саяси легитимділігін білдіреді. Мысалы, парламентке тән рәміздерде мемлекеттік биліктің тұрақтылығы, заң үстемдігі және ұлттық бірлік идеялары көрініс табады. Ал мәслихаттық геральдика жергілікті өкілді билік органдарының рәміздік жүйесін білдіреді. Мұнда нақты өңірдің мүддесін білдіретін, жергілікті басқару ерекшелігін айқындайтын рәміздер қалыптасады. Мысалы, мәслихат рәміздерінде сол аймақтың тарихи-мәдени болмысы, қоғамдық келісім және өңірлік басқару идеясы бейнеленуі мүмкін. Осы екі бағыт та мемлекеттік басқару жүйесінің өкілдік тармағын рәміздік тұрғыда айқындап, биліктің легитимділігі мен қоғамдық сенімін нығайтуға қызмет етеді.

– Дипломатиялық геральдиканың маңызы қандай?

– Дипломатиялық геральдика – мемлекеттің халықаралық кеңістіктегі көрінісін айқындайтын аса маңызды сала. Бұл тек елшіліктердің мөртаңбалары мен ресми белгілері ғана емес, мемлекет беделін, саяси мәдениетін және дипломатиялық дәстүрін танытатын рәміздік жүйе. Мәселен, шетелдегі елші­ліктердің маңдайшаларында, ресми құжаттарында және дипломатиялық хат алмасуда қолданылатын рәміздер сол елдің егемендігін, құқықтық мәртебесін және халықаралық деңгейдегі орныққан бейнесін білдіреді. Әрбір белгі – елдің өзін қалай танытатынының көрінісі. Бұл салада протоколдық дәлдік пен халық­аралық талаптарға сәйкестік ерекше маңызға ие. Себебі дипломатия­лық кеңістікте қолданылатын әрбір рәміз тек ішкі мәнге ғана емес, сыртқы қабылдауға да әсер етеді. Қате немесе үйлесімсіз қолданылған рәміз мемлекеттің имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан дипломатиялық геральдика – ұлттық рәміздерді халық­аралық деңгейде дұрыс, дәл әрі беделді түрде ұсынудың маңызды құралы.

– Қазақстандағы геральдиканың басты түйткілдері қандай?

– Негізгі мәселе – құқықтық базаның толық жүйеленбеуі. Қазіргі таңда бірыңғай ұлттық геральдикалық стандарт қалыптаспаған, рәміздерді бекіту тәртібі әр өңірде әртүрлі жүзеге асады, ал олардың қолданылу регламенті көбіне толық айқындалмаған. Бұл жағдай тәжірибеде нақты қиындықтар туындатады. Кейбір өңірлерде рәміздер ресми түрде қабылдан­ғанымен, оларды пайдалану, қорғау және насихаттау тәртібі нақты белгіленбейді. Соның салдарынан рәміздер кейде орынсыз қолданылып, олардың мәртебесі мен мағыналық салмағы төмендейді. Мысалы, Семей қаласының рәмізі 2022 жылы мәслихат шешімімен бекітілгенімен, оны пайдалану және қолдану тәртібі әлі күнге дейін толық регламенттелмеген. Бұл – жекелеген жағдай емес, геральдикалық жүйедегі жалпы институционалдық олқылықтың көрінісі. Осы мәселені шешу үшін рәміздерді бекітумен қатар, олардың құқықтық мәртебесін нақтылайтын, қолданылу тәртібін айқындайтын және бірыңғай стандартқа негізделген кешенді жүйе қалыптастыру қажет.

– Оны қалай шешуге болады?

– Біріншіден, ұлттық ге­ральдикалық стандарт қажет. Екіншіден, ғылыми-сараптамалық кеңес құрылуға тиіс. Үшіншіден, құқықтық реттеуді күшейту керек. Сонда ғана рә­міздер жүйесі бірізді, мазмұнды әрі халықаралық талаптарға сай деңгейге көтеріледі.

– Геральдиканың келеше­­гі туралы не айтар едіңіз?

– Геральдика – өткеннің қалдығы емес, болашақтың негізі. Егер біз рәміздерді ғылыми тұрғыдан қалыптастыра алсақ, ол ұлттық бірегейлікті нығайтып, елдің рухани тұтастығын күшейтеді. Рәміз – үнсіз сөйлейтін тарих. Ол – халықтың болмысын, жадын және арманын сөзсіз жеткізетін рухани тіл.

Сұхбаттасқан

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button