Балалардың бақытты болуы маңызды

Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай «Астана» футбол клубы, Қазақстан футбол федерациясы мен «Сауап тобы» қайырымдылық қорының бірлесе футбол мерекесін ұйымдастырды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – инклюзивті балаларды барынша қолдау, қоғамға, белсенді өмірге тарту, сондай-ақ бала отбасының өрісі, ұрпақ жалғастығы екенін аңғарту.
Сонымен қатар «Сауап тобы» қорының құрылтайшысы Сұлтанбек Абзалбек мырза бұл іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Бұл іс-шара әр жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл жолы да арнайы балалар күніне орайластырдық. Балаларға футболка, бейсболка, доптар әртүрлі спорттық сыйлықтар тараттық. Осындай жақсылықтардан кейін, адамның өзі де жақсарып, қоғамға үлес қосып жатқанымызға ризамыз. Алдағы уақытта осы балаларға арналған шағын футбол алаңы салынса деген тілегіміз бар, – деді іс-шара демеушісі.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Еңбек сіңірген қайраткер Сүндет Байғожин да өз ой-пікірін білдірді.
– Балалардың жағдайын ойлап, Балалар күніне орай футбол ойынын ұйымдастырғанына қуанып қалдық. Бір уақыт баланы әкеліп, спорттық іс-шараларды көрсетіп, көңіл-күйлерін жақсартып, бір серпілтіп алғанымыз дұрыс болды. Қоғам үшін әр баланың өз орны бар. Ең бастысы, балалар бақытты баянды ғұмыр кеше бергей, – деді ол.
Балаларға «Астана» футбол клубының негізгі құрамының ойыншылары Руслан Уәлихан, Айтуар Төкен мен жастар құрамасының ойыншылары Нұрсат Нұрмұхамбет, Абзал Сағын, Арсен Ахметов атсалысып, қолтаңба-сессия ұйымдастырды.
Сонымен бірге, ойыншылар мен Футбол орталығының тәрбиеленушілері доп тебудің қыр-сырын көрсетті.
– Бұл шараның маңызы зор. Әсіресе балаларға жақсы әсер етті. Бұл тек футбол кеші емес. Сондай-ақ өнерпаздар өнерін көрсетіп, аниматорлар балаларға қуаныш сыйлады. Біздің ойыншылар игі істерге атсалысып жүр. Мұндай қайырымдылық істер жалғасын таба берсе екен, – деп түйді футболшы Айтуар Төкен.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ



