
Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин өзінің «О ПОЕЗДКЕ В АУЛ ЧИНГИСА ВАЛИХАНОВА» деген жазбасында Шоқанның әкесі Шыңғыстың ауылына онымен бірге Петроград университетінің студенті – Тоқырауын өзенінің жағасында туған жас сұлтан (төре) Сұлтанғазин аудармашы ретінде бірге жолсерік болып барғанын жазады. Потанин жайында «Қазақ» газеті: «Потанин, Михаэлис сияқты адамдар тарих жүзінде бізге пайдалы һәм бізге сирек келетін адамдар. 79 жастағы шал қазақтың ертегісін, өлеңін, әндерін, ою-өрнектерін жиюды керек қылып жатқаны – қазақ жұртын сүйгендіктен істеп жатқан іс» деп баға берген.
Дінмұхамед Сұлтанғазин. Бұл есімге жалпы қазақ журналистикасының, оның ішінде «Дала уәләяты газетінің» тарихына қызығушылық танытқан кез келген жан жолығады. «Дала уәлаятының газеті» – 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде «Акмолинские областные ведомоства» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған ресми газет. Редакторлары Дінмұхамед Сұлтанғазин мен Есмұхаммед Абылайханов болған.
Газеттің ресми бөлімінде патша әкімшілігі мен жергілікті билік органдарының аймақты басқаруға қатысты жарлықтары, қаулылары және басқа да құжаттары жарияланды. Газетте сондай-ақ орыс ғалымдары мен жазушыларының жергілікті халықтардың тарихы, этнографиясы және мәдениеті туралы еңбектері де атап өтілді. Қазақ ауызша фольклорының үлгілері, соның ішінде «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Бозжігіт», «Еңлік-Кебек», Алдар-Көсе пен Жиренше-Шешен туралы аңыздар мен ертегілер жарияланды; аударылған шығармаларға Қожанасыр туралы әңгімелер, «Мың бір түн» жинағынан ертегілер, «Ләйлә мен Мәжнүн» поэмасы және басқалары кірді.
«Дала уәлаятының газеті» жергілікті халық арасында алғашқы қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов және И.Алтынсариннің көзқарастарын насихаттаған алғашқы басылымдардың бірі болды. М.Ж.Көпеев, Шәкәрім, Ә.Н.Бөкейханов және басқа тұлғалардың шығармалары жарық көрді. Дінмұхаммед Сұлтанғазин – екі жоғары білім алған бірінші қазақ – (1895 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану және құқық факультеттерін бітірген). Қазақша, орысша, арабша, парсышамен қатар латын және неміс тілдерін білген. Өмірінің соңында Баку қаласында ұстаздық қызмет атқарғанына қарап, әзербайжан, түрік тілінде де еркін сөйлеген деп топшылауға болады.
Дінмұхамед Сұлтанғазин – қазақ публицистикасының негізін қалаушылардың бірі. Өз заманында «Дала уәлаятының газетінде» маңызы мақалалар жариялап отырған. Мысалы, ол сонау 1890 жылы «Біздің қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз» деген мақаласында ең алғашқылардың бір болып тіл туралы мәселе көтерген. Сұлтанғазиннің жай ғана тәржімеші – редактор емес, әртүрлі тақырыптарға түрен салған, қазақ жастарының қалыптасуына, олардың таным көкжиегін кеңейтуге аямай үлесін қосқан, ағартушылыққа үлкен мән берген азамат. Болашақ алаш арыстары осы газетті оқып өскеніне ешқандай күмән жоқ.
Жоғарыда айтылғандай, оның Тоқырауын өзенінің бойында туғанын Г.Потанин айтып кеткен. Оның төренің ұрпағы екендігі де белгілі болған. Бір қызығы, сол өңірдегі төрелер шежіресінде Дінмұхаммед Сұлтанғазин жоқ. Тағы бір мәселе осы уақытқа дейін Дінмұхаммед Сұлтанғазиннің әкесінің аты белгісіз болып келген, сосын өзі кейде Газин деп те жазған. Кейінгі тағдыры белгісіз. Баку қаласында қайтыс болған. Бірақ қайда, қандай сабақ бергені белгісіз.
Мұрат Өтеп деген жігіттің ізденіп, жан-жаққа сұрау салып, Сұлтанғазиннің Томскі медицина университетінде оқып жүргендегі құжатын тауып алған. Онда Ханқожаұлы деп тұр. Барақ сұлтанның баласы, қазақтың соңғы хандарының бірі – Бөкей. Бөкейден – Батыр, одан – Мырзатай, одан – Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Бөкейдің тағы бір баласы Сұлтанғазыдан туатын Ханқожадан Дінмұхаммед туады. Әлиханмен шөбере туыс болып шығады және бір жас кіші. Неге Әлихан бұл бауыры жайында жазбаған, ол белгісіз. Ханқожа 1830 жылы туған. Дінмұхаммед 1867 жылғы.
Д.Сұлтанғазиннің Ханқожаға қатысы барлығына тағы бір жанама дерек. Г.Н.Потаниннің өтінішімен Д.Сұлтанғазин туған ауылында, Тоқырауын бойында ертегілер, аңыздар, кейбір халық ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алған. Соның бір дәлелі ретінде 1916 жылы Г.Н. «Живая старина» журналының екінші нөміріне Потаниннің редакциялауымен шыққан Д.Сұлтанғазиннің сұлтан Ханқожадан естіп жазып алған, бір әңгімесін аударып беріп отырмыз. Аңызда Шыңғыс ханның атасы болып келетін Дүйін баян жайында.
«Дүйін Баянның Буданшар, Қағыншар және Салжүт деген ұлдары болған. Шежіреде Бөденетей және Белгітай деген ағайындары болғаны айтылады, сонымен қоса Тағанатай мен Тарғылтай деген есімдерді қосады. Дүйін Баянның ұлдары бірінші әйелінен болды, одан кейін Алаңғуға үйленді. Дүйін Баян дүниеден өтіп бара жатып Алаңғуға былай деді: «Ол оған (кейін өлген соң) сәуле (нұр) болып келіп, кетерінде қасқырға айналады». Ол солай келді, кетерінде «Шыңғыс! Шыңғыс!» деп ұрандады. Алаңғу Шығысты туды. Ағайындары айтты: «Бала әкесіз, яғни ол заңсыз әкеден туды». Олар Шыңғысты өлтірмек болды. Шыңғыс бала болса да Керулен өзенінің ағысына қарсы қашты. Қашып бара жатып, өзенге құстың қауырсынын лақтырып отырды, анасы сол арқылы амандығын біліп отырды. Халық Шыңғыстың ағаларын жек көре бастады, өйткені олар халықты қатыгездікпен жаныштады.
Майқы би бастаған он екі би зарын айтып, жылап келіп анасынан оларға Шыңғысты беруін сұрады. Анасы айтты: «Өзенге барыңдар, не нәрсе көресіңдер, бақылаңдар» деп. Олар өзенге келгенде қалқып аққан қауырсындарды көрді. «Егер өзенде қауырсын ағып жатса, онда ол тірі, ағысқа қарсы жүріңдер, судағы аққан қауырсындарды бақылап отырып оны тауып аласыңдар» деді. Билер жаяу жүріп кетті. Анасы: «Ол кәрі ат мініп жүреді, қолында сұңқары болады. Тек Дүйін деп айғайлау керек» деп айтты. Билер келіп қолында сұңқары бар періштедей жас жігітті көрді. «Дүйін» – деп ұрандады билер. Ол бірақ бір көрінбей кетіп қайта шыққан кезде билер тағы бір «Дүйін» деп ұрандады. Шыңғыс тағы көрінбей кетті. Үшінші рет көрінген кезде билер тағы да бір «Дүйін» деп ұрандады. Бұл жолы ол тұра қалды, үшінші ретте ол сөзге келе бастады. Билер жылап, «Дүйін Шыңғыс» деп ұрандады». Ол «Мен жайында кім айтты?» деп сұрады. «Сенің анаң – Алаңғу, біз хансыз өмір сүре алмаймыз, сенің ағаларың елді зарлатты» деді билер. «Мен барайын, бірақ қалай барамын?» деп сұрады Шыңғыс. «Арбамен апарамыз» деді билер. Олар арба жасап, оған Шыңғысты отырғызды. Майқы би ақсақ болатын. «Мен сенімен бірге арбада отырамын, өйткені мен ақсақпын, әрі басқа билер арбаны тартқанда билерді басқарып отырамын» деді Майқы би. Екеуі арбада отырды, қалған билер арбаны тартып келе жатты. Арба Алаңғудың үйінің алдына келіп, Шыңғыс пен Майқы би арбадан түскен кезде Шыңғыстың артынан киіз үйге билерден бірінші болып кім кіреді деген сұрақ туындады. Шыңғыстан рұқсат сұрады. «Алдыда кім жүреді, арбаны тартқан өгіздер ме, әлде оларды айдаған иесі ме?» деп сұрады Майқы би. Шыңғыс күліп жіберіп, «Әрине, иесі жүреді» деді. Осыдан кейін Майқы би Шыңғыстың бірінші биі болды. Күрлеуіш Алтын ханның әйелі болды, Бөртекүшін Шыңғыс ханның әйелі болды». Әңгімені Сұлтанғазин марқұм сұлтан Ханқожадан (Тоқырауын өзенінде) естігенінен жазған.
Сұлтан ЫБЫРАЙ,
абайтанушы ғалым



