Бауырларда бірлік, татулық жоқ жерде…

Астаналықтар Музыкалық жас көрермен театрының сахнасынан белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасын тамашалады. Спектакльді елордаға гастрольдік сапармен келген Қарағандының «Dat» тәуелсіз театры ұсынды. Туған бауырлардың бір қалада тұрып, күйбең тіршіліктің кесірінен бір-бірімен араласпауын, ауылдағы қара шаңыраққа бас сұқпай, ақ сүт беріп өсірген аналарының хал-жағдайына қарайласпауын, басқа да қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін қойылымның қоюшы режиссері – аталмыш театрдың жетекшісі және бас кейіпкерлерінің бірін сомдаушы Дунай Еспаев.
«Бір түп алма ағашы» бұған дейін талай театрда сахналанды. Пьесаны қаламгер Қайырбек Сәдуақасов орыс тіліне аударып, сол тілде де ұсынылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазылған туынды тоқырау кезеңіндегі жұрттың жағдайынан емеурін танытады. Бірақ қазір өмір, қоғам өзгерді ме? Бір туған бауырлар бір-біріне неге жаттай болып кетеді? Өздеріне ғұмыр сыйлаған ананы неге ұмытады? Спектакль осы сауалдарға жауап іздеп, тіршілік түйткілдері, соның салдарынан адамның жан дүниесіндегі болатын өзгерістер, ізгіліктің, мейірімділіктің азаю жөнінде сыр шертеді.
Қойылым лейтмотивіне көрнекті күйші-композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» күйі дұрыс таңдалды деп есептейміз. Автор бұл күйдің туу тарихы туралы айтқанда: «Ақ жауынды» қазақтың басындағы барлық проблема шайылып кетіп, қоғам кір-қоқыстан тазарса екен деген идеямен жаздым» деп үнемі айтып жүреді. Сондай-ақ спектакльде қолданылған белгілі әнші Динара Кемелханның репертуарындағы «Қара шаңырақ» әні драманың табиғатын ашады.
Желісіне тоқталар болсақ, төрт баланы тәрбиелеп өсірген ана мүгедек болып, арбаға таңылған кенже ұлымен ауылда қалады. Үлкен ұлы мен қос қызы қалада тұрады. Ананың туған күніне солардың бәрі қара шаңыраққа жиналады. Мәселенің бәрі содан басталады. Күйбең тірліктің қамымен жүріп, қаладағы бауырлар бір-бірімен араласуды қойған. Жағдайлары да мәз емес екен, қаладағы келін қайын жұртын менсінбейді, тіпті екінші анасының туған күніне де келмейді. Шетелдерде үнемі қыдырып, қызмет істейтін жұбайы оған тек ақша үшін керек екенін сездіреді. Дунай Еспаевтың өзі сомдаған Ерғали дейтін кейіпкер соған қатты қиналады. Әлия болса, күйеуімен және баласымен тар бір бөлмеде тұрады. Ал Ләйлә отбасымен жатақхананы мекен етеді. Бір үйдің қос қызына ортақ – баспана мәселесі. Ауылға жиналатын бауырлар ащы судың кесірінен бастарындағы қиындықтарды айтып, ақтарылады, тіпті кикілжіңге дейін барады. Арада ана мен мүгедек болып қалған бауырлары шырылдайды.
Бір түп алма ағашынан тараған бұтақтардың бірлігі, татулығы жөніндегі аңыздан тарқатылатын туынды бір отбасының одан айырылуын, содан қайғы-қасірет туындайтынын көрсетеді. Ақырында бауырлардың «шайқасына» шыдамаған кенже ұл өзіне-өзі қол салады. Осылай қайғылы аяқталатын спектакль отбасылық өмір туралы ойлануға жетелейді.
Бір атап өтерлігі, спектакльде кейіпкерлерді сомдайтындар кәсіби әртістер емес, оған түрлі қызмет істейтін адамдар мен студенттер, тіпті мектеп оқушылары да тартылған. Бізді Зарқымбек бейнесін сомдаған Тоқтар Ерсінұлы өнерімен ерекше тәнті етті. Ол 8-сыныпты енді ғана бітірді. Болашағын да театрмен байланыстырып, мектептен кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына белгілі әртіс, Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолданың шеберханасына түскісі келеді. Жасөспірім актердің есімі қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне қойылғанын да айта кетейік. Ендеше, жас Тоқтардың өнер көгінде самғауына тілектеспіз.
«Dat» театры – өткен жылдың аяғында ғана құрылған өнер ұжымы. Аяқалысын қоғамдағы күрделі мәселеден бастап, жастарды өнерге баулып жатқан театрға ақ жол тілейміз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



