Білім

«WorldSkills Astana-2026»: елордада студенттер арасындағы үздік мамандар марапатталды

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «WorldSkills Astana-2026» XI қалалық кәсіби шеберлік чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

16-23 мамыр аралығында елордалық колледждердің 17 алаңында техникалық және кәсіптік білім беретін студенттер қатысқан конкурстар өтті.

Қалалық чемпионатқа 340-тан астам адам қатысып, олардың шеберлігін 290 сарапшы-тәлімгер мен 45 тәуелсіз сарапшы бағалады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, чемпионатқа қатысушылар өздерінің кәсіби дағдыларын нақты өндірістік практикаға барынша жақындатылған жағдайда көрсетті. Жарыстар IT-саласы мен инженерлік технологиялардан бастап, сервистік және шығармашылық мамандықтарға дейінгі бағыттардың кең ауқымын қамти отырып, 55 құзыреттілік бойынша өткізілді.

Чемпионат қорытындысы бойынша веб-технологиялар, мобильді қосымшаларды әзірлеу, желілік және жүйелік әкімшілендіру, ақпараттық қауіпсіздік, бизнеске арналған IT-шешімдер, АКТ желілерінің инфрақұрылымы, мехатроника, мобильді робототехника, өнеркәсіптік автоматика, электроника, дәнекерлеу технологиялары, СББ станоктарындағы токарьлық және фрезерлік жұмыс сияқты құзыреттіліктер бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Құрылыс және қолданбалы мамандықтар да назардан тыс қалған жоқ: кірпіш қалау, сантехника және жылыту, құрғақ құрылыс және сылақ жұмысы, плиткамен қаптау, электр монтаждау, малярлық және декоративтік жұмыс, зертханалық және химиялық талдау, шанақ жөндеу, ағаш ұстасы ісі және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану.

Құзыреттіліктер тізіміне шығармашылық мамандықтар да енді – графикалық дизайн, сән технологиялары, компьютерлік ойындарды 3D-модельдеу, мейрамхана сервисі, аспаздық және кондитерлік іс, шаштараз өнері, наубайхана шеберлігі, флористика, мобилография, видеомонтаж, интернет-маркетинг, кәсіпкерлік, бұлтты бағдарламалау, индустрия 4.0 және басқа да көптеген бағыттар.

Олардың барлығында лауреаттар анықталды. Сонымен қатар, қалалық чемпионат аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар колледж студенттеріне арналған «Abilympics» және «DeafSkills» жарыстары өтті, оған 22 адам қатысып, кондитерлік іс, сән технологиясы, робототехника, аспаздық іс сияқты бағыттар бойынша бақ сынасты.

Студенттерден бөлек, балалар да өздерінің кәсіби дағдыларын көрсете алды. Олар үшін «BalaSkills» (мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері үшін), «DaraSkills» (3-4 сынып оқушылары үшін), «JasSkills» (орта білім беру ұйымдары үшін) жарысы ұйымдастырылды. Балалардың құзыреттілік ауқымы да аспаздық істен бастап робототехникаға дейін кең болды.
«Біз кәсіби шеберлік чемпионатын осымен он бірінші рет өткізіп отырмыз. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары осы жылдың күзінде өтетін республикалық чемпионатта Астананың намысын қорғайды.

Ал республикалық деңгейде жеңіске жеткендер әлемдік WorldSkills жарысында еліміздің атынан шығады. Биыл әлемдік кәсіби шеберлік чемпионаты Шанхайда, ал келесі жылы Германияның Дюссельдорф қаласында өтеді», – деді Астана қаласы әкімдігінің Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зәуре Қылышбаева.

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button