Тағылым сыйлаған күн

Елордамыздағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінен жүрекке жылу сыйлаған ерекше күн – 25 мамырда 49 жас түлек қанат қағып ұшып, үлкен өмірге жолдама алды. Осылайша, бұл – мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған бүлдіршіндер үшін алғашқы белес, ал түлектер үшін балалықпен қоштасып, болашаққа батыл қадам басатын айтулы сәт.
Салтанатты іс-шара биыл «Тұлға еткен мектебім» атауымен ұйымдастырылып, жас ұрпаққа тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор рухани кешке айналды, ұлттық құндылық пен білімнің қадірін ұлықтады. Ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлының «Білімді адам – өз халқының асыл мұрасын бойына сіңірген жан», «Өз еліңнің тарихын білмесең, өзіңді де толық таныдым деп айта алмайсың», «Дүниені тану, білімге талпыну – әрбір адамның өміріндегі ең асыл мұраттың бірі» деген тағылымды сөздері шәкірттердің жүрегіне жол тауып, олардың бойында елге, білімге, тарихқа деген сүйіспеншілігін арттырды.
Кезекті оқу жылының мәнін тереңдете түскен тағы бір ерекшелік – Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы, «Айқап» журналының 115 жылдық мерейтойы және білім ордамызда ашылған Әлкей Марғұлан музейінің 20 жылдығы. Ұлт руханияты үшін маңызды даталар ұстаздар мен оқушылардың жүрегіндегі елдік рухты бұрынғыдан да асқақтата түсті. Тағы бір айта кететіні, мектеп өміріндегі үзілмес игі дәстүр – 17 жылдан бері табысталып келе жатқан «Әлкей Марғұлан сыйлығы» биыл да өз жалғасын тапты.
«Үздік оқушы», «Зерделі оқушы», «Парасатты, мәдениетті оқушы», «Өнерпаздар мен өнертапқыштар», «Жыл спортшысы», «Жас оқырман», «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациялары бойынша үздік деп танылған шәкірттер марапатталып, олардың еңбегі мен талабы көпшілік алдында лайықты бағасын алды.
Жұлдыз БАЛҒАБАЙҚЫЗЫ,
Астана қаласы Әлкей Марғұлан
атындағы №40 мектеп-лицейі директорының тәрбие
жұмысы жөніндегі орынбасары



