Жұртының ерке ұлы еді…

Жақсылық тіпті мектепке бармас бұрын-ақ күрес десе елеңдеп, ауладағы балалармен күш сынасуды ұнататын. Ол туралы өзі айтатын. Жақсылықпен бірге Олимпиада ойындарында, дүбірлі спорт жарыстарын тамашалаған кезде байқағаным, ол арқасы қозып, тыныш отыра алмайтын. Әттең, әдісті дұрыс жасай алмады ғой, аяқтан шалу керек еді деп мазасызданатын. Күрес аяқталған соң сол баланың жанына барып, ақылын айтатын.
Жақсылық Олимп шыңына көтерілмес бұрын қиянатты көп көрді. Одақ чемпионаттарынан нөмірі бірінші балуан болса да шеттетілетін. Төрешілер, спорт басшылары әлі жассың, келесіде сен барасың деуден тайынбайтын. Алайда ерік-жігері күшті, ерінбей-жалықпай ол өзі қатысқан жарыстардың барлығынан жеңіспен оралып жүрді. Міне, мына нәтижелер соның куәсі болса керек.
1975 жылы КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанды. Екі дүркін КСРО чемпионатында, яғни, 1975 және 1980 жылдары жеңіс тұғырына көтерілсе, алты рет жүлдегер атанған. Ол ол ма, сол кездегі дүбірлі жарыс – Бүкілодақтық ауыл спортшыларының біріншілігінде қатарынан үзбестен тоғыз рет бірінші орыннан көрінді. Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар. 1981 жылы Финляндияның «Тул» спорт клубы ұйымдастырған халықаралық жарыста жеңістің биік тұғырынан қол бұлғады. Ал бұл жарысқа әлемнің жүзге тарта елдерінен кілең мықты балуандар бас қосқан еді. Сол жылы Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнирде де топ жарды.
Жақсылықтың ізгі істері қалды. Ол өз атындағы шаруа қожалығын басқарды. Қожалығында мыңдаған малы болды, Мыңбай ауылында ондаған әлеуметтік ғимараттар салып, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етті.
– Мен Олимп шыңына көтерілгенше қиянатты көп көрдім. Сол кезде нөмірі бірінші балуан болсам да сын сәтте спорт магнаттары тобықтан қағып отырды. 1976 жылы Канаданың Монреаль қаласында жалауы желбірейтін XXI жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалған. Жақсылық өзінің Олимпиадаға баратынына сенімді болды. Красноярск қаласының тумасы Алексей Шумаков оның алдын орап кетті. Шумаковты ол еркін ұтатын. Мына қызықты қараңыз, Сол Шумаковпен ойда жоқта Лондонда кездесіп қалдық. Жақсылықты көрген кезде оны бас салып, құшақтай алды. Екеуі дос екен. «Жақсылық болмағанда, мен Олимпиада чемпионы болмас едім» деп ағынан жарылды. Бұл сөздің сырын сұрағанымда қарапайым Жәкең жымиып, «Монреальға менің баратыныма ол да сенімді болды». Бірақ басқалар құсап шу көтерген жоқпын, жолымды бергеніме ризашылығы ғой деді.
48 келі салмақтағы Жақсылықтың қарсыластары кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықтылар болды. Олимпиада чемпионы А.Шумаков, атақты румын балуаны Константин Александру, поляк Роман Керпач, болгар А.Христов, тағы басқалар Жақсылықтың мықтылығын мойындады. Оған кілемде жол берді.
Мәскеу Олимпиадасынан кейін Д.Қонаев өз резиденциясында саңлақтарды қабылдады. Жақсылықты құшағына алып, «бір жапырағым менің, еліміздің атақ-даңқын шығардың ғой. Сендер де Жақсылық сияқты таланттарға қолдау көрсетіңдер» деп тапсырды.
Жақсылық – тірі. Оның ізбасарлары мыңдап саналады. Алайда ол өзінен кейін Олимп шыңын бағындырған қазақ жастарын көре алмады. Арманына қол жеткізе алмады. Келешекте қазақ жастары арасынан олимпиада чемпионы шығып жатса, Жақсылықтың рухы шат болып, бір аунап түсетін шығар…
…Өмір-жалған! Амал бар ма, қазақ елінің арда ұлы, Олимпиада ойындарының чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров тірі болғанда санаулы күннен соң 75 жасқа толар еді. Ол өзінің 70 жасқа толған мерейтойына тоғыз ай қалғанда ковидтен қайтыс болды. Ажалға кім араша тұрған, Жақсылық біздің есімізде, грек-рим күресінен қазақ жастары арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған батыр ұлын қазақ елі ұмытқан емес. Ұмытпайды да. Оның есімімен аталатын көшелер еліміздің қалаларында жетерлік. Астананың төрінде Қабанбай батыр атындағы даңғылындағы Жақсылықтың асқақ ескерткіші тұр. Дәл сол жерде батыр атындағы Жекпе-жек спорт сарайында тұрақты түрде байрақты бәсекелер өтіп тұрады.
…Жақсылықпен таныс болған қырық жылға таяу уақытта төрт Олимпиада ойындарында, Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарында, бірнеше халықаралық жарыстарда, Өскемен мен Семейде, Шығыстың Көкпекті, Жарма аудандарында бірге болған едік. Сонда байқағаным, Жәкең нағыз халықтың сүйікті ұлы болды. Жұрт құшағына алып, балаша еркелететін. Қойған сауалдарға тиянақты жауап қайтаратын. Мына бір оқиғалар көз алдымнан өтіп жатты.
…1984 жыл. Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымын. Бізбен қатар оқитын Торғайдың Амангелді деген жігіті бірде мені Жақсылықпен таныстырды. Екеуі Семейдің мал дәрігерлік институтында бірге оқыпты. Кез келген адаммен тіл табысып, шүйіркелесе кететін Жақсылықпен тіл табысып, араласа бастадық. Екеумізді спорт жақындастырды десек те болады. Күрес түрінен қазақ жастары арасында Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы жайлы облыстық газетке мақала жазғаным есте қалыпты. Оқу бітіріп елге оралған соң оқта-текте болса да хабарласып тұрдық. Ол кезде Алматыда күн сайын дерлік түрлі кездесулер, айтыстар жиі өтіп тұрады. Кездесе қалғанда әңгімелесіп, спорт тақырыбын қаузайтынбыз. Бір байқағаным, Жақсылық өте қарапайым, үлкенмен де, кішімен бірден тіл табысып, емен-жарқын әңгімелесетін. Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға түсерде Жәкеңнің тиыны таусылып қалып не істерін білмей дал болады. Бірде қаланы қақ жарып ағып жатқан еліміздің бас өзені – Ертістің жағасына келеді. Міне, қызық! Өзеннің жағасында малдасын құрып алып балаларды Ертіс өзенінің ар жағына малтып шыққандарға бес сом ақша беремін деп отырған егде жастағы адамды көреді. Бес сом қыруар қаржы. Салып ұрып жанына келеді.
– Аға, мен дайынмын.
Көзін сығырайта қараған ел ағасы кенеттен:
– Қай жақтың баласысың? Ертіс – ағынды, асау өзен. Бұл өміріңе қауіпті ғой, – деді байыппен.
– Талас өзені де асау. Оның арғы-бергі жағына күніне бірнеше рет, тіпті кейде он рет жүзіп өтетінбіз.
Хош, сонымен Таласты бағындырған жүректі балаң жігітке сол күні Ертістің арғы-бергі жағына екі рет жүзіп өтуге тура келді. Он сомдықты ұсынып жатып, жарысты ұйымдастырған қария, балам, алған бетіңнен қайтпайтын өжет екенсің, осы бетіңнен тайма, – деді ризашылықпен.
Сол жолы сабақты іс сәтімен дегендей, Жақсылық Семейдің мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. Бес жылда еркін күреспен, соңынан грек-рим күресімен мықтап шұғылданды. Олимп шыңын бағындыру қасиетті де киелі Семей елінен басталды десе болғандай. Семейге келген сайын ол қаланы аралайтын, ерке Ертістің жағасына барып, жастық шағын еске алатын. Семейге деген Жәкеңнің ыстық-ықыласы ерекше еді. Тек Семейде емес, шырайлы Шығыста Жақсылықтың достары, спортты серік еткен інілері аз емес, Олимпиада чемпионы келе қалса балалармен кездесулер өткізетін. Семейліктер де Жақсылықты ерекше құрметтейтін, өз балаларындай бауырына тартатын. Соның нақты дәлелі емес пе, өткен жылы Семейдегі дарынды балаларға арналған спорт академиясына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Бұл шараға біз де қатысқан едік. Жарыс жастарға тәлім беретіндей әсерлі өткен еді.
…Қайран, Жақсылық! Сұм ажал тұңғыш Олимпиада чемпионын арамыздан ерте алып кетті. Халқымыз Жақсылығын алақанына салып еркелетті, көзі тірісінде Семейдегі спорт академиясына есімін берді. Таяуда өз атындағы спорт академиясында Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтпек. Абай облысының әкімі Берік Уәли байрақты доданың ел есінде қалатындай, балғын балаларға тәлім-тәрбие беретіндей әсерлі өтуіне тапсырма беріпті. Бәрекелді! Жақсылық елінің сүйікті азаматы болды. Оның ізбасарлары мыңдап саналады. Алдағы күндері күрес түрлерінен қазақ жастары арасында Олимп шыңын бағындыратын оғландар шығатынына кәміл сенеміз…
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақстанның құрметті спорт қайраткері»,
спорт журналисі



