Ел тынысыҚоғам

Жаңа жүйе – жаңарған мемлекеттік қызмет

Қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметке қабылдау мәселесі тек кадрлық рәсім ғана емес, ол – мемлекеттің сапалы дамуына әсер ететін маңызды фактор. Себебі мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігі, ең алдымен, қызметке кімнің келіп жатқанымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, іріктеудің жаңа жүйесін енгізу – мемлекеттік қызмет саласындағы ауқымды реформалардың нақты көрінісі. Әсіресе, «Е-қызмет» жүйесі арқылы жүзеге асып жатқан цифрлық шешімдер конкурс рәсімдерінің ашықтығын арттырып, әділдікті қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндік беріп отыр. Бұл – заманауи талаптарға сай мемлекеттік аппарат қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз осы тақырып төңірегінде жаңа жүйенің ерекшеліктері мен оның артықшылықтары туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ­Астана қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының ­басшысы Әлия Бегалықызы Смағұловамен сұхбаттасқан едік.

– Әлия Бегалықызы, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін енгізудің негізгі мақсаты неде?

– Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесінің негізгі мақсаты – кадр қабылдау процесін барынша ашық, әділ, тиімді және азаматтарға қолжетімді ету. Бүгінде қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген талабы өзгерді. Азаматтар мемлекеттік қызметке қабылдау барысында формальды талаптардан гөрі әділ бәсекені, ашық рәсімдерді, түсінікті тетіктерді және адами фактордың барынша азайтылуын күтеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа іріктеу жүйе­сі – уақыт талабы мен қоғам сұранысына берілген нақты жа­уап. Бұл өзгерістер Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тікелей байланысты. Аталған тұжырымдамада мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, заманауи HR-құралдарды енгізу, кадрлық процестерді цифрландыру, меритократия қағидатын нығайту және сервистік модельге көшу басым бағыт ретінде айқындалған.

– Соңғы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінде қандай негізгі жаңашылдықтар ен­гізілді?

– Иә, соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде биыл 1 сәуірден бастап іріктеу тәртібі түбегейлі жаңарып, жаңа форматқа көшті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы №196 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу тәртібіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Осы құжат аясында іріктеу кезеңдері оңтайланып, конкурстық рәсімдердің мерзімі едәуір қысқарды. Енді мемлекеттік органдар бос лауазымды 5-7 жұмыс күні ішінде жаба алады. Жаңа тәртіпке сәйкес, жеке қасиеттерді бағалау кезеңі конкурс шеңберінен тыс шығарылды. Сонымен қатар мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға арналған тестілеу алынып тасталды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеру және заңнаманы білу деңге­йін анықтауға арналған тестілеу нәтижелері бойынша берілетін сертификаттар, сондай-ақ жеке қасиеттерді бағалау қорытындылары тест тапсырылған күннен бастап 1 жыл бойы жарамды болып есептеледі. Яғни тиісті сертификаттары бар кандидаттар осы мерзім ішінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жария­ланған конкурстарға қатыса ­алады.

Конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған үздік 5 кандидат жіберіледі. Бұл іріктеу үдерісінің бәсекелестік сипатын арттырып, лайықты үміткерлерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйеге сәйкес, басшы­лық лауазымдарға үміткерлер эссе жазу және әңгімелесу кезеңдерінен өтеді. Ал атқарушылық және төменгі лауазымдарға кандидаттар практикалық бағалауға жіберіледі.

– Әлия Бегалықызы, жеке қасиеттерді бағалау кезеңі конкурс шеңберінен тыс шығарылды дедіңіз. Осы тұста жеке қасиеттерді бағалау кезеңі бойынша өзгерістер бар ма?

– Иә, әрине. Жеке қасиеттерді бағалау жүйесі жаңа форматта үш бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл әр лауазымның ерекшелігін ескеріп, үміткердің кәсіби әрі тұлғалық құзыретін жан-жақты бағалауға жол ашады.

Бірінші бағдарлама басшы­лық лауазымдарға арналған. Онда үміткердің проактивтілік; коммуникативтілік; талдамалық ойлау; стратегиялық ойлау; көшбасшылық; әдептілік; нәтижеге бағдарлану; сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік; жауапкершілік; қызметті басқару секілді маңызды құзыреттері ­сараланады.

Екінші бағдарлама басшылық емес лауазымдарға бағытталған. Бұл бағдарламада қызметкерге тән негізгі құзыреттер, яғни проактивтілік; коммуникативтілік; талдамалық ойлау; әдептілік; нәтижеге бағдарлану; сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік; жа­уапкершілік деңгейі бағаланады.

Үшінші бағдарлама жұмыс өтілі талап етілмейтін төменгі лауазымдарға арналған. Бұл кезеңде үміткердің әлеуметтік және эмоционалдық интеллекті, сондай-ақ логикалық ойлау қабілеті ескеріледі.

Сонымен қатар бағалау нәтижелерін пайдалану тәртібі де нақтыланған. Мәселен, бірінші бағдарлама бойынша алынған қорытынды екінші бағдарламаға сәйкес келетін лауазымдарға жарамды. Ал төменгі лауазымдарға арналған үшінші бағдарлама бөлек бағалау өлшемдеріне негізделгендіктен, оған алдыңғы бағдарламалардың қорытындылары қолданылмайды. Үміткерлер тестілеуді бір ай ішінде үш реттен артық емес тапсыра алады.

– Сөзіңізде практикалық дағ­дылары арқылы бағаланады дедіңіз. Жаңа форматтағы іріктеуде практикалық бағалау қалай жүзеге асырылады?

– Жаңа іріктеу жүйесінде басшылық емес және төменгі лауазымдарға кандидаттар практикалық бағалаудан өтеді. Жеке қасиеттерді бағалау нәтижесі бойынша үздік 5 кандидат бір жұмыс күні ішінде қашықтан екі практикалық тапсырманы орындайды.

Басшылық емес лауазым­дар­ға арналған тапсырмалар аналитикалық жазба әзірлеу, ресми хаттар мен сауалдарға жауап дайындау, сондай-ақ өтініштерді қарау бағытында беріледі. Ал төменгі лауазымдарға үміткерлердің ойын ашық, нақты әрі ықшам жеткізу қабілеті және жалпы сипаттағы сұрақтарға жазбаша жауап беру дағдысы бағаланады. Бұл кезең кандидаттың нақты жағдайда шешім қабылдау қабілетін, ­аналитикалық ойлауын және кәсіби дайын­дығын айқын­дауға мүмкіндік береді.

Әділ әрі ашық іріктеу жүйесі қоғамда сенім қалыптастырады. Нәтижесінде кәсіби және бәсекеге қабілетті азаматтар мемлекеттік қызметті саналы түрде таңдай бастайды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button