Сан қырлы диалог серіктестікке қолайлы

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабишті қарсы алу рәсімі өтті. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді. Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Чехияның әнұрандары орындалды. Одан кейін Қазақстан Президенті мен Чехия Премьер-министрі келіссөз өтетін залға барды.
Өзара ынтымақтастық ілгерілейді
Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке ілтипат білдіріп, Қазақстан жұртшылығы оны Чех Республикасында ғана емес, Еуропаға белгілі саяси қайраткер ретінде жақсы білетінін жеткізді. «Екі ел арасында бұрыннан тығыз әрі достық қарым-қатынас орнаған. Сауда-саттық табысты дамуда. Қос халықтың бір-біріне құрметі зор. Ірі халықаралық құрылымдар шеңберінде бірлесе әрекет етіп келеміз. Бұл – өте маңызды. Елшіліктеріміз белсенді жұмыс істеп тұр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Өзіңізбен бірге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Кеше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нәтижесі елдерімізге пайдалы болады деп ойлаймын. Өз тарапымнан сан қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға бар күшімді саламын» деді Президент.
Андрей Бабиш қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. «Қазақстан – Орталық Азиядағы аса маңызды мемлекет. Сондықтан осынау ғажап елге сапармен келу – мен үшін зор мәртебе. Жақында жаңа Конституция қабылдадыңыздар. Құтты болсын! Сіздердің бұл бағыттағы тәжірибелеріңіз бізге де пайдалы болады деп есептеймін. Қазақстанға келу көптен бергі арманым еді. Өйткені мен университетті аяқтағаннан кейін, яғни, 1978 жылы Шымкент және Жамбыл (Тараз) қалаларымен өзара байланыс орнатқан департаментте жұмыс істедім. Қазақстан – энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр станцияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын. Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жетістіктері таңқаларлық. Екі елге ортақ дүние көп. Чехия мен Қазақстан үкіметтері өзара ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін аянбай еңбек етеді деп ойлаймын» деді ол.
Қарым-қатынастың жаңа кезеңі
Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Президент өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқталды. «Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті» деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның сындарлы әрі прагматикалық сыртқы саясатына жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог сан қырлы серіктестікке қолайлы жағдай жасайды. Парламентаралық ықпалдастық қарқынды дамып келеді.
Сауда серіктесінің бірі
Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды. «Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Андрей Бабиш бүгінгі сапар екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты. «Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз» деді Чехия Премьер-министрі.
Чех Үкіметінің басшысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі қуат өндірудің әртараптандырылған тәсіліне негізделгеніне мән берді. Сондай-ақ ол чех компанияларының аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады. Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа Конституция қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұған мемлекеттілікті нығайтатын және елді жарқын болашаққа жетелейтін маңызды қадам ретінде баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергиясы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейтіні, ортақ тарихи оқиғалар мен мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделетіні жайында айтылды.
Мемлекет басшысы қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіруді көздейтін бірегей жобаға атсалысқаны үшін чехиялық әріптестеріне ризашылығын білдірді. Президент Өңірлік экологиялық саммитте бұл бастаманы еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау саласында жеткен жетістіктерінің бірі ретінде атаған болатын. Премьер-министр Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру үшін жобалар тізімін әзірлейді. Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.


