Ел тынысы

Елордада ЖИ саласындағы ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды

Астанадағы «Тұран-Астана» университетінде Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналған «ЖИ-трансформация: университет зертханасынан нарыққа дейінгі инновация жолы» атты XVI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

​Екі күндік форум барысында бейінді министрліктердің басшылары, әлемнің 10 елінен, соның ішінде ҚХР, Малайзия, Германия, Үндістан және ТМД елдерінен келген жетекші ғалымдар мен технологиялық сектор сарапшылары Қазақстанның цифрлық жаңғыруы мен ғылыми-технологиялық егемендігін нығайту жөніндегі мемлекеттік міндеттерді іске асыру мәселелерін талқылады.

Пленарлық отырысты аша отырып, университет ректоры, профессор Гүлжамал Жапарова жоғары мектептің стратегиялық рөліне тоқталды.

«Бүгінде университет жай ғана білім беру орталығы емес, технологиялар трансфері тізбегіндегі негізгі буын болып табылады. Біздің міндетіміз — инновацияның университет зертханасынан нарыққа енуіне дейінгі жолы жүйелі және құқықтық тұрғыдан қорғалған жағдай жасау. ЖИ дәуіріндегі ғылым мен білімді жаңғырту Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайту үшін ғалымдардың, бизнестің және мемлекеттің күш-жігерін біріктіруді талап етеді», — деді ол.

Ғылыми білім сабақтастығы мен пікірталастың халықаралық контексті туралы «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, профессор Орақ Әлиев өз ойын білдірді: «Инновациялық қызмет — бұл ең алдымен тұтас жүйе. Жаһандық цифрлық бәсекелестік жағдайында ғылыми мектептердің бірлігі мен зерттеушілер ұрпақтары арасындағы білім сабақтастығы ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудің іргелі шартына айналуда».

ЖИ технологиялардың ұлттық қауіпсіздік пен адами капиталды дамытудағы стратегиялық маңызына геосаясат саласының сарапшысы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов тоқталды. Ол өз сөзінде: «Қазіргі геосаяси жағдайда ғылыми жетістіктерді нақты бәсекеге қабілетті өнімге айналдыру — мемлекетіміздің әлемдік деңгейдегі позициясын нығайту мәселесі. Университет қабырғасында инновациялық экожүйенің құрылуы бізге предиктивті аналитиканы дамытып, зияткерлік меншікті қорғауға ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект шешімдерін ауқымды етіп, Қазақстанның нақты экономика секторындағы технологиялық егемендігін қамтамасыз ете алатын зерттеушілердің жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті.

​         Өткен конференция қорытындысы бойынша жобаларды жеделдету және инновациялық өнімдерді нарыққа шығару үшін университеттік хабтарды қалыптастыру механизмдері қаралды. Өнеркәсіптік экология, денсаулық сақтау және киберқауіпсіздік саласындағы отандық зерттеулерді халықаралық ғылыми мектептермен интеграциялау, ғылыми-технологиялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Әлеуметтік-экономикалық салада ЖИ алгоритмдерін қолдануды реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.

​         Мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының білім алушылары арасындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік жұмыстар конкурсы форумның маңызды бөлігіне айналды. Конкурстың Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойына орай өткізілуі ғылымға қызмет ету дәстүрлерінің сабақтастығын — ғарышты игерудегі ерлік жетістіктерден бастап, заманауи цифрлық серпілістерге дейінгі жолды айқындауға мүмкіндік берді. Тоқтар Оңғарбайұлының жеке үлгісі мен ел дамуына қосқан үлесі жас зерттеушілер үшін негізгі бағдар болып, кәсіби мамандардың жаңа буыны арасында отандық ғылымның жоғары жетістіктерін дәріптеуге ықпал етті.

​Конференция жұмысының нәтижесі бойынша резолюция қабылданды. Ғылыми еңбектер жинағы мен әзірленген ұсынымдар заң шығару және салалық қызметте пайдалану үшін бейінді мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button