Төлеген Айбергенов аллеясы жасыл желекке бөленді

Бүгін, 20 сәуір, мектебіміздің ауласында ерекше рухани әрі экологиялық іс-шара өтті. Ақиық ақын, мектебіміз атын иеленген тұлға — Төлеген Айбергеновтің құрметіне арналған аллеяны көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның құрметті қонақтары: ақынның мұрасын ардақтап келген қыздары — Айбергенова Айнар Төлегенқызы мен Айбергенова Махаббат Төлегенқызы. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері: танымал журналист Мәди Манатбек және «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы, медиа зерттеуші Төлен Зәрубайұлы Тілеубай қатысып, игі іске өз үлестерін қосты.
Аллеяға отырғызылған көшеттер мектеп ауласының сәнін келтірді. Бұл көшеттер — мектептің болашақ жасыл желегі ғана емес, ұлы ақын рухына деген тағзым мен ұрпақ сабақтастығының белгісі. Табиғатты аялау — баршамыздың міндетіміз.

Ақын рухымен сырласқан ерекше сәттер мектеп сахнасында жалғасын тапты. Мәртебелі қонақтар — Айнар Төлегенқызы, Махаббат Төлегенқызы, Төлен Зәрубайұлы және Мәди Манатбек оқушылар дайындаған ашық іс-шара бағдарламасын тамашалады. Бұл жай ғана концерт емес, ақын рухымен сырласқан, өнер мен өлең өрілген ерекше кеш болды. Кездесу барысында жыр маржаны, мектептің жас дарындары Төлеген Айбергеновтің отты жырларын нақышына келтіріп оқып, көрерменді тәнті етті.

Шәкірттер қазақтың қасиетті қара домбырасымен күй төгіп, әсем әнмен қонақтардың ризашылығына бөленді. Айбынды жас ұлан, мектеп — «Жас шекарашы» және «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, саптық дайындық пен Отанға деген адалдық рухын паш етті. Қонақтар оқушылардың өнеріне жоғары баға беріп, ақын мұрасын қастерлеп жүрген жас ұрпаққа жүрекжарды тілегін айтты. Мұндай кездесулер оқушылардың бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, ұлы тұлғалардың өнегелі жолын жалғастыруға серпін береді.

Бүгінгі ерекше кездесудің тағы бір маңызды сәті – мектептің кітапхана қоры мен Айбергенов музейінің кітаптармен толығуы болды. Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің қыздары — Айнар Төлегенқызы мен Махаббат Төлегенқызы білім ордамызға мазмұны бай, түрлі жанрдағы 45 бағалы кітапты салтанатты түрде табыс етті. Сыйға тартылған әдебиеттердің ішінде оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін, рухани азық болатын құнды дүниелер өте көп.

Бұл сыйлықтың мәні: білімге қолдау. Қонақтардың бұл тартуы – өскелең ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятып, білім жолындағы ізденістеріне үлкен демеу болды. Әрбір кітап – шәкірттер үшін жаңа мүмкіндіктер мен биік белестерге жол ашатын темірқазық іспетті. Мектеп ұжымы мен оқушылар ақын ұрпақтарына осынау қомақты тартуы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Олар бұл кітаптар мектеп төрінде сақталып, талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына қызмет ететінін жеткізді.



