Ақынды ардақтады

Астана қаласының Мемлекеттік архивінде көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының 80 жас мерейтойына орай «Ешкім бөліп алмайды ақынды елден…» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Архив тек қана мемлекеттік мекемелердің ғана емес, елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың да құжаттарын жинаумен айналысады. Сондай еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың бірі – Серік Тұрғынбекұлы. Елорда архивінде де ақынның қоры ашылған. Осы жиынды жүргізген аталмыш мекеме директоры Жангелді Бимолдин атап өтті.
«Ақын – халықтың рухани айнасы десек, оның әр жырынан елдің қуанышы мен мұңы, жүрек сыры, замана тынысы сезіледі. Серік Тұрғынбекұлының поэзиясында ол ерекше орын алады. Ақын Ақмоланың елорда болуына үлкен үлес қосты, Астана қалыптасуының басы-қасында болды. Ақынның биылғы мерейтойы бұл – жеке адамның ғана емес, қазақ жырының, қазақ руханиятының мерекесі. Серік Тұрғынбекұлы қазақ поэзиясына өз үні мен өз тынысымен келіп, қазақ жырының көкжиегін кеңейтті» деді Жангелді Бержанұлы.
Қонақтардың назарына «Қаламмен өрілген өмір» атты мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттерден құралған көрме ұсынылды. Ақынның жүріп өткен жолынан сыр шертетін көрмеге ақынның кітаптары мен марапаттары, суреттері, қолжазбалары қойылды. «Жыр-ғұмыр» атты бейнеролик көрсетілді.
«Замандас лебізі» бөлімінде ақын, аудармашы Әбжан Әбілтай естеліктерді жаңғыртып, Серік Тұрғынбекұлы мен Кеңшілік Мырзабековпен көзбе көз танысқан күннен әңгіме өрбітті. 17 жасында орта мектепті бітіріп, Алматыға барғанда онда 20 жастан енді ғана асқан қос ақынмен кездескенін, содан бері Серік шайырмен араласып келе жатқанын айта келе, оған да 60 жылға жуықтап қалғанын жеткізді. Серік Тұрғынбекұлының бар болмысын, кісілік келбетін ашатын арнауын оқып берді.
Астана қаласының Мемлекеттік архивінің ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы, белгілі композитор, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуғали Қышқашбаев астана елорда болғанда Серік Тұрғынбекұлынмен жақын танысқанын айтып өтіп, архивтің тұлғалардың мұрасын сақтаудағы үлкен орнына тоқталды. Кейбір елге белгілі азаматтардан ештеңе қалмағанын өкінішпен айтып, ақынмен бүгінгі кездесудің маңызын атап өтті. Серік Тұрғынбекұлының өлеңдеріне белгілі композиторлар Еркеғали Рахмадиевтен бастап, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Жоламан Тұрсынбаев, Марат Омаров секілді өзі де ән жазғанын жеткізді. Жиналғандар сондай «Достарым» әнін тыңдады.
Ақын Мұхарбек Жәкейұлы Серік Тұрғынбекұлын алғашқы рет туған ауылында мектеп оқушысы кезінде, көрнекті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің 50 жас мерейтойында көргенін, сол жылдары Алматыдағы ақынға өзінің ақын болу арманы туралы хат жазатынын, соны Серік Тұрғынбекұлы осы күндерге дейін сақтағанын айта келе, алғысын жеткізді. Сол хаттар да елорда архивінен орын алатынына қуанатынын айтып өтті.
Ақындар Ахат Расул мен Ұмтыл Зарыққан, Еркеғали Бейсенов Торғай топырағының қасиеті жөнінде әңгімелей келе, тілектерін жеткізді, өлеңдерін оқыды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топжарған» ақындар клубының мүшелері Нұрхан Әлмаханұлы мен Назерке Қалжігіт Серік Тұрғынбекұлының «Құлагер» ақын Ілияс Жансүгіровке арнауы мен «Әйел сүйсе» атты өлеңін оқып берді. Серік Тұрғынбекұлының елорданың қалыптасуына қосқан үлесін ескеріп, Астана қаласының Құрметті азаматы атағын беру керектігі туралы ұсыныс айтылды. Айтпақшы, 22 мамыр күні елордада ақынның шығармашылық кеші өтеді. Оның атауы да «Аспан асты Астана» аталады.
Жиынды ақынның жары Жанна Тұрғынбек пен Серік Тұрғынбекұлы түйіндеп, жиналғандарға алғыс айтты. Ақын архивтің маңызы туралы айта келе, Қазақ радиосында қызмет істегенде қазір өмірде жоқ талай көрнекті тұлғалардан сұхбат алғанын, сол сұхбаттар радионың «Алтын қорында» сақтаулы екенін, ал Сәбит Мұқановпен сұхбаты жазушының Алматыдағы музейінде бар екенін жеткізді. Мұқағали Мақатаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов жайындағы естеліктерін жаңғыртты.
Қалалық архив атынан ақын мен жарына құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан мен орамал жабылды. Өлең оқыған «Топжарған» клубының мүшелеріне алғыс хат тапсырылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



