«Келешек мектептері» арасында футзалдан республикалық турнир өтеді
Сәуір айының 14-18 аралығында «Келешек мектептері» оқушылары арасында футзалдан республикалық жарыс өтеді. Турнирдің мақсаты -мектеп спортының дамуына серпін беру, оқушылар арасында футзалды насихаттау, сондай-ақ спорттық-тәрбиелік жұмыстың сапасын арттыру. Сонымен қатар мектепаралық жарыстарды ұйымдастырудың тиімді моделін қалыптастыру көзделген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 7-8 сынып оқушыларынан құралған командалар қатысады. Турнир ойындары Астана қаласындағы «Келешек мектептері» базасында және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.
Бағдарламаға сәйкес, 14 сәуірде турнирдің ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ қатысушылардың шеруі мен шоу-матч өткізу жоспарланған. Кейінгі күндері іріктеу кезеңінің ойындары, ширек финал және жартылай финал кездесулері өтеді.
Финалдық ойын 17 сәуірге жоспарланған. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді. Айта кетейік, турнир мектептерде бұқаралық спортты дамытуға және оқушылардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған.



