Әлеумет

Суды үнемдеу – ортақ жауапкершілік

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты экосағат өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Оқу-ағарту министрлігі бірлесе ұйымдастырды.

Кездесуге Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Сенат депутаты Бекболат Орынбеков, ЕҰУ басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықов, ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай қатысты. Жиында университеттің 500-ден астам студенті жиналып, өзге жоғары оқу орындарынан 2 мыңнан астам студент онлайн форматта қосылды. Экосағат «Адал азамат» мемлекеттік біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп, экологиялық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және су ресурстарын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Іс-шарада сөз алған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін қозғады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты пайдалану – елдің орнықты дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан суды үнемдеу – баршаға ортақ жауапкершілік. Қазақстанда судың шамамен 60 пайызы – ауыл шаруашылығына, 30 пайызы – өнеркәсіп мекемелеріне, қалғаны тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жұмсалады. Әр бағыт бойынша суды үнемдеудің тиімді жолдары бар. Болашақта жас мамандар су ресурстарын тиімді басқару, жаңа технологияларды енгізу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен жаңа идеяларыңыз Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қоса алады. Күнделікті өмірдегі тіпті шағын әрекеттердің өзі үлкен нәтижеге жеткізеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз еліміздің су ресурстарын сақтап, оны келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз» деді министр.

Өз кезегінде ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай университет құрылымындағы өзгеріс­тер мен су саласы бойынша дайындалып жатқан мамандар жайы­на тоқталды.

– Директорлар кеңесінің шешімі­мен Жаратылыстану ғылымдары факультеті қайта құрылып, Жаратылыс­тану ғылымдары институты ашылды. Бүгінде институтта 2700-ден астам студент білім алып, 130-дан астам оқытушы қызмет етеді. Мұнда гидрология және су ресурстары саласы бойынша мамандар даярлауға ерекше мән берілуде, – деді Д.Мыңбай.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков су ресурстарын сақтау, экология және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіліп келетінін атады. Парламент Сенатында су мәселесіне, соның ішінде Арал теңізіне қатысты халықаралық келісімдер қарастырылып, оларды ратификациялау жұмыстары жүргізілуде.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button