Дәстүрлі BI Marathon қайырымдылық марафоны өтті

Астанада дәстүрлі 10-BI Marathon қайырымдылық марафоны өтті. Ауқымды іс-шараға Нұра, Сарайшық және Есіл аудандарының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қатысушылары белсенді түрде атсалысты. Жалпы орталық атынан марафонға 128 адам қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
BI Marathon — мыңдаған адамды ортақ игі мақсатқа біріктіретін қайырымдылық шарасы. Биыл марафонға жалпы саны 4869 адам қатысып, оның ішінде 220 адам скандинавиялық серуен бағыты бойынша бақ сынады. Іс-шараға BI Group компаниясы, қала тұрғындары, серіктестер, кәсіби спортшылар мен әуесқой жүгірушілер қатысты.

10 жылдан бері өткізіліп келе жатқан марафон балаларға көмек көрсету жолында қоғамды біріктіріп келеді. Қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қайырымдылық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Сарайшық ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы атынан марафонға Фарида Батырбекова, Раиса Темирғалиева, Ұлбала Беймағамбетова, Бақытжан Ибраева, Майраш Смакова және Әлия Табаева қатысты.
Есіл ауданының өкілі Кама Исенова 1-орын иеленді. Сонымен қатар, аудан атынан Алмас Кеншинбаев пен Мұхтарам Исаққызы Сидикова қатысып, жоғары белсенділік танытты.
Ал Нұра ауданынан марафонға ең егде қатысушылардың бірі — 88 жастағы Сабыржан Балғазаров қатысып, көпшілікке сергектік пен белсенділіктің үлгісін көрсетті.



