Еңбек нарығындағы ахуал тұрақты

Халықты жұмыспен қамту – елорданы дамытудың басым бағытының бірі. Қазір еңбек нарығындағы ахуал тұрақты, жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Ол оң динамиканы және жүзеге асып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша елордада 7593 жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар 6122 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 3194-і – 35 жасқа дейінгі жастар.
– Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде Мансап орталықтарының рөлі зор. Олар жұмыс іздеген халыққа кешенді қолдау көрсетеді. Мұнда лайықты бос жұмыс орындары іріктеледі, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтеді, сұранысқа ие дағдылар бойынша оқыту ұйымдастырылады, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем көрсетіледі. Жыл басынан бері 302 жұмыс берушінің қатысуымен 17 бос орындар жәрмеңкесі өткен, мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынған. Сонымен қатар «Электрондық еңбек биржасы» порталында 1980 жұмыс берушіден шамамен 5600 бос жұмыс орны орналасқан, – дейді Олжас Омар.
Қалада жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту үшін бірқатар белсенді іс-шара іске асуда. «Жастар практикасы» бағдарламасы жоғары және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектерін, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаға оқуын аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде қатысуға болады. Практика мерзімі 12 айға дейін және еңбек өтіліне қарай есептеледі. Жалақы мөлшері – 30 АЕК (2026 жылы – 129750 теңге). Зейнеталды жастағы азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы іске асуда. Бағдарлама 50 жастан асқан азаматтарды 36 айға дейін жұмыспен қамтуды көздейді және тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді. Уақытша жұмыспен қамту мақсатында қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Қатысушыларға 24 АЕК (103800 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді, қатысу мерзімі – 12 айға дейін.
Маңызды бағыттың бірі – азаматтарға сұранысқа ие дағдыны қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік беретін қысқамерзімді кәсіптік оқыту. Оқу мерзімі – 1 айдан 6 айға дейін. Оқыту оқу орталықтарында да, жұмыс берушілердің өтінімі бойынша тікелей жұмыс орындарында да ұйымдастырылады. Оқу орталықтарында оқыған кезде мемлекет оқу шығынын толық өтеп, 43574 теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Ал жұмыс орнында оқыған қатысушылар 86500 теңге жалақы алады. Сондай-ақ VR-технологияларды қолдану арқылы заманауи оқыту форматы енгізілуде. Бұл өндіріс процесін модельдеуге және мамандарды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Дайындық келесі бағыттар бойынша жүзеге асады: дәнекерлеу ісі, кондитерлік іс, токарлық іс, слесарлық іс, сондай-ақ еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы.
Мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі – кәсіпкерлікті дамыту. 2026 жылы әлеуметтік осал топтар үшін жаңа бизнес-идеяны іске асыруға 260 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Грант мөлшері – 400 АЕК, ол қайтарымсыз негізде ұсынылады. Цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Enbek.kz порталы – бос жұмыс орындарына, онлайн-оқытуға (skills enbek) және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізетін бірыңғай платформа. Портал арқылы азаматтар қашықтан жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлемдерге өтініш беріп, оқудан өтіп, жұмыс таба алады. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық Мансап орталығы қайта ұйымдастырылып, үш аумақтық филиал ашылды. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы бойынша филиал Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан. Ол Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Есіл ауданы бойынша филиал Достық көшесі, 13 мекенжайында жұмыс істейді. Мұнда Есіл және Нұра аудандары қамтылған. Ал Сарайшық ауданының филиалы А.Байтұрсынұлы көшесі, 29/2 мекенжайында орналасып, Сарайшық және Алматы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.



