Жамбыл фестивалінен – бас жүлде

Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Халықаралық музейлер күніне орай өткен «Мәңгілік тұлғалар» II халықаралық музейлер фестивалінде Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Сәкен Сейфуллин музейі бас жүлдені иеленді.
Музей Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау және музей ісін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатыр.
Жамбыл мен Сәкеннің байланысына келсек, Сәкен жыр алыбымен бірнеше рет кездесіп, оның насихатына үлкен үлес қосты. Өткен ғасырдың 20-жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов арқылы Жамбылды ауылына іздеп барып, шығармашылығына қызығушылық танытты. Шамғали Сарыбаевтың «Терме» жинағынан да Жамбылдың жырларын оқып, ол туралы мәлімет алды. Сәкен халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтағаны белгілі. Мәселен, 1931 жылы шыққан «Қазақтың ескі әдебиеті нұсқалары» жинағына жыл алыбының бір топ өлеңін енгізді. Соның ішінде «Жабай батыр» дастаны мен Құлмамбетпен Жамбылдың айтысы бар.
Сәкен Сейфуллиннің «Көптомдық шығармалар жинағының» 6-томына жазған алғы сөзінде профессор Тұрсынбек Кәкішев Сәкенге қатысты: «Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қарақожа, Мұсайып, т.б. өнер қайраткерлерінің мұраларын ел аралап жүріп жазып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кездесіп, Жетісуға аты мәшћүр өзге жыршылардың сөздеріне назар аударған» дейді.
Сәкеннің «Жамбылдың жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» дегені де бар. Сондықтан Жамбыл мерейтойына арналған фестивальде Сәкен музейінің бас жүлде алғаны заңды сияқты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



