Басты ақпаратЕл тынысы

Әдебиеттің өнерге әсері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Әдебиеттің ой-сананы өсірумен қатар эстетикалық тәрбие беру қасиеті бар және өнермен де қабысатын кездері көп. Мәселен, «Астана Опера» театрын алайық. Аталмыш өнер ошағының 90 пайызының негізінде әдеби туындылар жатыр.

Көрермен «Астана Опера» сахнасында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын тыңдаған кезде әсем ариялардан ләззат алумен қатар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тарауларын ашады. Либретто кітаптың мазмұнын қайталап айтып бермесе де, оның ішкі иірімдеріне бойлатады. Абай әлемін көрсететін кітапхана сахнасының өзі неге тұрады? Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы да дәл солай. Қазақ халық поэмасы театрда Ғабит Мүсіреповтің либреттосы негізінде дайындалды.

«Астана Опера» ұлттық классикамен ғана шектелмейді. Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын алып көрейік. Чио-Чио-санның жан тебірентерлік хикаясының артында Дэвид Беласконың «Гейша» драмасы жатыр. Оны либреттошылар Луиджи Иллика мен Джузеппе Джакоза опера мәтініне айналдырды. Ал танымал «Севиль шаштаразы» – шын мәнінде Пьер Бомаршенің комедиясы. Тек мұнда кейіпкерлер Дж.Россини музыкасының тілінде үн қатады. Чезаре Стербинидің либреттосы түпнұсқаны сақтады. Сондықтан бүгінде көрермендер Фигароның қылықтарына күле отырып, бір уақытта композитор мен XVIII ғасырдағы француз драматургіне қол соғады. Ал Дж.Пуччинидің «Турандот» операсы либреттосының негізінде ХІІ ғасырдағы парсы поэзиясының классигі Низамидің поэмасы жатыр. Бұл поэма ХVIII ғасырдағы парсы ертегілерінің еуропалық жинақтарына енгізілген еді. Италиялық драматург Карло Гоцци оны өзінің «театрға арналған ертегілер» жанры үшін осы жинақтан алған.

Театрдың балеттік репертуары да сүйікті кітаптардың жанды сипаттамасы іспетті. Юрий Григоровичтің хореографиясындағы көпшілік жақсы көретін «Щелкунчик» спектаклі көрермендерді Эрнст Теодор Амадей Гофманның көңілсіз әрі ғажайып хикаясына жетелейді. Онсыз қарапайым ойыншықтың Тышқандар патшасын қалайша жеңе алатынын түсіну мүмкін емес. Ал сахнада Ролан Петидің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы» жүретін кезде көрермен Виктор Гюго романынан Эсмеральданың танымал билері, собор қабырғасындағы хикаяның аяқталуы сынды көріністерді таниды.

Тіпті, «Астана Операның» балаларға арналған репертуары да кітаптардың айналасында құрылады. Цезарь Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі (Марина Польдің либреттосы) – Шарль Перроның, ал Дюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті – ағайынды Гриммдердің нақ өзі. Осылайша театр жас көрерменді кішкентай кезінен бастап кітап пен спектакльге жетелейді.

«Астана Опера» әртістері кез келген рөлге дайындалу барысында ең алдымен қолға әдеби дереккөзді алады. Онсыз кейіпкердің мінезін, автордың интонациясын түсіну мүмкін емес. Жизельді орындайтын балерина елес қыздар жайлы аңызды оқыса, Виолеттаның партиясын дайындап жатқан опера солисі Александр Дюманың «Камелия ұстаған ханым» романын қайта ашады.

Біз әртістерден бос уақытында нені оқитынын сұрап көрдік. Олардың жауаптары әртүрлі болып шықты. Көбісі Абайдың Қара сөздерін, қазақ поэзиясын сүйіп оқиды, енді біреулері детектив жанрын құп көреді, ал басқалары философиялық әрі психологиялық кітаптарды оқумен шұғылданады. Кейбіреу­лері кәсіби біліктіліктерін шыңдау үшін арнайы бағыттағы әдебиеттерді оқиды. Өйткені «Астана Операдағы» жұмыс – бұл үздіксіз білім алу процесі іспетті.

«Джузеппе Вальденгоның «Мен Тосканинимен ән айттым» атты еңбегіне тоқтала кетейін, бұл – мансабыммен тікелей байланысты болған алғашқы кітап. Мен одан өзіме керекті көптеген пайдалы дүниені таптым. Сахнада өзімді қалай ұстау керегін, дауысым залға жақсырақ естілуі үшін қай жерде тұру керектігін және осы секілді басқа да қажетті кеңестерді алдым» дейді «Астана Опера» әншісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Расул Жармағамбетов.

Оның әріптесі, «Астана Опера» симфониялық оркестрі фагот тобының концертмейс­тері Әсет Нелдібаев Астрид Линдгреннің «Балақай мен Карлсон» ертегісін бала кезінен қатты жақсы көрген.

«Мультфильм түсірілген қысқа нұсқасын емес, толық әрі үлкен трилогияны оқитынмын. Бұл мен үшін нағыз жаңалық болды. Осы ертегі өмір бойы менің жадымда сақталып қалды. Есейе келе, әсіресе көне, классикалық детективтерді ұната бастадым. Солардың ішінде Агата Кристидің еңбектері ерекше орын алады. Мен оның романдарын қайта-қайта оқимын, сонда да олар мені еш жалықтырмайды. Александр Дюманың шығармалары да мен үшін сондай. Әрине, ол «Үш нояннан» басталған. Қазіргі заманғы жазушылардың ішінде маған Бернар Вербер қатты ұнады. Оған кездейсоқ тап болдым. Біреу маған «Періштелер империясы» кітапшасын қалдырып кетіпті. Сөйтіп оны бір кеште оқып шықтым. Тіпті түні бойы оқыған шығармын. Десе де, өзімді осы жанрдың жанкүйерімін деп айта алмаймын. Кейін Вербердің «Құмырсқалар», «Құмырсқалар революциясы» барын білдім. Мұның бәрі – сондай жұмбақ әрі философиялық әдебиет. Біртүрлі болып көрінгенімен, өте қызықты. Ал жалпы, жаныма жақын әдебиетті таңдайтын болсам, детективтер мен тарихи кітаптарға тоқталар едім» дейді музыкант.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button