Балаларға – базарлық

Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Халықаралық балалар кітабы күніне орай бірқатар мазмұнды іс-шара ұйымдастырды.
Айталық, орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында балалар ақыны Серікбол Хасанмен «Бала тілін тапқан ақын» атты кездесу өтті. Оған «Көкжиек» клубының мүшелері, №62 мектеп-лицейдің 3-сынып оқушылары және оқырмандар қатысты. Ақын балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің балалық шағы туралы әсерлі естелігімен бөлісті. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасса, автор «Бесбармақ» атты кітабын қолтаңбасымен мектепке сыйға тартты.
Ал №10 көпшілік кітапханада №60 «Арай» балабақшасының мектепалды даярлық тобы мен №43 қосымша білім беру мектеп-орталығы 5-сынып оқушыларының қатысуымен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Дала қоңырауы» атты тағылымды іс-шара өтті. Қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен еңбегі туралы кеңінен мағлұмат алып, оның шығармаларынан үзінділер оқыды. Сонымен қатар «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Бұл кім?», «Әй, достарым», «Өзен» сияқты өлеңдері оқылып, тәрбиелік мәні зор әңгімелері сахна қойылымы арқылы көрініс тапты, кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ағартушының шығармалары мен ол туралы зерттеу еңбектері ұсынылды.
Шапағат ӘБДІР



