Әлеумет

Сөз мергендері мен көз мергендері

Елордада әз-Наурыз мерекесі аясында Ұлттық спорт күніне орай қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері арасында «Сөз бен сана» тақырыбында тастаяқтан турнир өтті. Салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған іс-шара дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Аталған турнирді Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Elorda Aqparat» медиа­холдингі және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп өткізді.

Доданың ашылу салтанатында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек іс-шараның мән-маңызын атап өтті.

– Берекелі Рамазан айын шығарып салып, қос мереке – әз-Наурыз бен қасиетті Ораза айтта өздеріңізбен жүздесіп отырмыз. Бұл күндер – татулық пен берекенің, жаңару мен ізгіліктің символы. Қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері арасындағы дәстүрлі тастаяқ турнирі салауатты өмір салтын дәріптеумен қатар, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, ұлт руханиятын насихаттауға бағытталған. Сонымен бірге бұл бастама зиялы қауым өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, рухани әрі мәдени үндес­тікті арттыра түсетіні сөзсіз, – деді ол.

Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп өз сөзін «Бұл жолғы басқосу – береке мен бірліктің, рухани жаңғырудың айқын көрінісі. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл үшінші жыл қатарынан Наурыз­нама онкүндігі кең көлемде аталып өтуде. Осы күндердің әрқайсысы мазмұн тұрғысынан айшықталып, бүгінгісі Ұлттық спорт күніне арналып отыр. Қаламгерлер тек сөз өнерінің шебері ғана емес, сонымен қатар ұлттық ойын­дарда да өздерінің шымырлығы мен ептілігін таныта алатынын көрсетіп келеді. Сондықтан тастаяқ турнирі – тек жарыс емес, рухани үндестікті арттыратын, достық пен ынтымақты бекемдейтін тағылымды іс-шара» деп түйіндесе, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы бұл бастаманың қаламгерлер арасындағы барыс-келісті нығайтудағы рухани маңызын жоғары бағалады.

Додаға қатысушыларға батасын беріп, жарысты бастап берген жазушы Қойшығара Салғараұлы Наурыз мейрамының тарихи мәніне тоқталды.

– Бұл мерекенің мән-маңызына терең үңілсек, оның тамыры тым әріде жатқанын аңғарамыз. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл мейрам біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдың аяғында Мөде хан заманында-ақ тойланған екен. Ежелде бұл күн «Жас күн» деп аталған. «Жас күн» – жаңару мен жаңғырудың, тіршіліктің қайта түлейтін шағының белгісі. Ал осы мереке қарсаңындағы басқосу дәстүрін «Арылу» деп атаған деседі. Бүгінде біз оны «Көрісу күні» деп атап жүрміз. Бір қызығы, әлемнің арғы жағындағы кейбір халықтарда да осыған ұқсас дәстүрлер сақталған. Бұл ата-бабаларымыздың бай мәдениеті мен өркениетінің кең тарағанының айғағы болса керек. Кейінірек Хорезм мәдениетінің ықпалымен бұл мереке «Наурыз» атауына ие болған. Ал «Нау­рыз» сөзінің өзі де түпкі мағынасы жағынан «жаңару», «жаңа күн» ұғымымен сабақтас. Ендеше осы жаңа күн – Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты, бүгінгі тастаяқ додасы табысты болсын! – деді ол.

Турнир барысында қатысушылар тек шеберлігін сынап қана қоймай, ұлттық спортты дамыту мәселелері төңірегінде пікір алмасып, ұлттық ойындардың маңызын кеңінен талқылады.

Сәскеден көз байланған шаққа дейін додаға түскендердің арасынан Ербол Ерденбек қарсыластарынан басым түсіп, бас жүлдені иеленсе, Наурызбек Сарша екінші орын, Ғабит Тәжімұратов пен Толқын Табысбек үшінші орын алды. Сондай-ақ бірқатар қатысушылар «Мәдениетті ойыншы», «Ең үздік ойыншы» сынды арнайы аталымдар бойынша марапатқа ие болды. Қойшығара Салғараұлы, Алдан Смайыл және Уәлихан Қалижан «Ыбырай Алтынсарин атындағы», «Қайым Мұхамедханов атындағы», «Жамбыл Жабаев атындағы» арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button