Жылқымен жарысқан уақыт

Қазақ халқы үшін жыл басы – тек күнтізбелік өзгеріс қана емес, ол табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің қайта түлеуінің белгісі. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз әр жылды жануардың атымен атады әрі оның өзіндік мәні мен сипаты болды.
Жылқы жылы – жылан жылынан кейін, қой жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 7-ші жылы. Жылқы – еркіндіктің, батылдықтың және байлықтың символы. Сондықтан жылқы жылы қазақ ұғымында әрдайым береке мен ырыс әкелетін, жақсылыққа бастайтын кезең ретінде қабылданған.
«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Ұлттың болмысын, мінезін, еркін рухын түсіну үшін оның жылқыға деген көзқарасына үңілу жеткілікті. Сан ғасырлар бойы кең далада тіршілік кешкен қазақ үшін жылқы – сенімді серік, адал дос, тіршіліктің тірегі болды. Ат үстінде өткен өмір салты халықтың дүниетанымын қалыптастырып, батырлық пен еркіндіктің символына айналды. Сондықтан да жылқы жылын – тек уақыт өлшемі ғана емес, рухтың асқақтығын, қозғалыс пен жаңаруды білдіретін кезең деп түсінген дұрыс.
Дегенмен, тіліміздегі «жылқы жылың алдыңда» деген тұрақты тіркеске қарап, «жылқы жылы қыс қатты болады немесе қан төгіліп соғыс болады» деп болжайтындар да бар. Бірақ осы тіркеспен мағыналас айтылатын «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген сөзді хакім Абай «Шыңғыстың сапарын көрсеткен сөз» («Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы») деп түсіндіреді. Демек, жылқы жылы қазақ халқы үшін нақты бір ғана оқиғамен шектелмейді. Ол – тарихтың әр белесінде маңызды өзгерістер мен бетбұрыстарға тұспа-тұс келіп отырған. Соның айқын дәлелі ретінде 1990 жылды атауға болады. Дәл осы жылы, яғни жылқы жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Бұл құжат ел тәуелсіздігіне бастар тарихи қадамдардың бірі болып, ұлттық сананың оянуына, азаттыққа деген ұмтылыстың күшеюіне зор ықпал етті. Осылайша, жылқы жылы қазақ тарихында тек символдық мәнге ғана емес, ел тағдырын айқындаған маңызды оқиғалармен де ерекшеленді.
Жылқы жылы туған балалар еркіндікті сүйетін, еңбекқор, жігерлі және ақкөңіл болып өседі. Олар өте жылдам, тапқыр, сергек және көпшіл келеді, сонымен қатар көшбасшылық қасиетке ие, мақсатына жету жолында табандылық танытады.
Ең алғашқы жылқы қазақ даласында қолға үйретілгені туралы ғылыми тұжырымдар да осы өңірдің адамзат өркениетіндегі ерекше орнын айқындай түседі. Жылқыға жүк артып, оны көлік әрі сенімді серік ретінде пайдаланған халықтың жауынгерлік қуаты еселеп артты. Атқа мінген көшпелілер ұлан-ғайыр даланы еркін игеріп, байтақ әлемнің төсінде шапшаң қозғалып, алыс қашықтықтарды бағындыруға мүмкіндік алды. Бұл тек тұрмыс жеңілдігі ғана емес, сонымен қатар әскери тактика мен мәдени дамудың жаңа кезеңін қалыптастырды. Осылайша, жылқыны қолға үйрету қазақ даласын өркениет бесігінің бірі ретінде танытып, көшпелі халықтардың тарихи артықшылығын айқындаған маңызды құбылысқа айналды.
«Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы», «Алып анадан, ат биеден туады», «Жылқы еті жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді», «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген мақал-мәтелдердің өзі-ақ қазақ халқының жылқыға деген айрықша құрметін аңғартады. Бұл нақыл сөздерде жылқының тек тұрмыс-тіршіліктегі орны ғана емес, оның халық дүниетанымындағы биік мәртебесі, мінезі мен қасиеті де көрініс тапқан. Сондай-ақ жылқы дала заңдары мен әлеуметтік қатынастардың да негізгі өлшемдерінің бірі болған. Көшпелі қоғамда жылқы саны адамның дәулетін, абыройын айқындап қана қоймай, құқықтық-әлеуметтік жүйеде де маңызды рөл атқарған. Мысалы, ердің құны «жүз жылқы» деп белгіленсе, түрлі даулар мен айыптар «ат-шапан айып» түрінде өтелген. Бұл – жылқының тек шаруашылықтағы маңызын емес, оның қоғамдағы құқықтық, мәдени және моральдық құндылық ретіндегі орнын көрсетеді. Яғни жылқы қазақ өмірінде дала заңдарының экномикалық жақтағы тірегі ретінде бағаланған.
Қысқасы, жылқы жылы халық жадында ел өміріндегі маңызды өзгерістер мен рухани құндылықтардың көрінісі ретінде сақталып келеді. Биылғы жылқы жылы да қазақ халқы үшін өткен мен бүгінді жалғайтын, болашаққа бағыт беретін тағылымы мол кезең болмақ.
Желмен жарысып, зымырап өтіп жатқан уақыт желден жаралған жылқыдай жүйрік те еркін.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



