Мерекеде Астанада қандай іс-шаралар өтеді?
Астанада 21-22 наурыз күндері Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. Бұл күндері негізгі ауқымды іс-шаралар елорданың басты алаңдарында өтеді: қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және ЭКСПО аумағында, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сонымен қатар, 21-22 наурыз күндері қаланың алты ауданының тұрғын алаптарында ересектер мен балаларға арналған интерактивтері бар концерттік бағдарламалар өтеді.
Негізгі мерекелік алаңдарда фуд-корттар мен ұлттық тағамдар және қолөнер бұйымдары сатылатын жәрмеңкелер жұмыс істейді, шеберлік сабақтары мен ұлттық дәстүрлердің көрсетілімдері ұйымдастырылады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін қазақ күресі, садақ ату, гір спорты, қол күрес, асық ату бойынша жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.
Мерекелік алаңдарда астаналықтар алғаш рет роботтар мен жасанды интеллект элементтері бар ерекше интерактивті аймақтарды тамашалай алады. Мұнда келушілер цифрлық даму қарқын өздері сынап көріп, технологиялармен ойнап, инновациялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесетінін көре алады.
Қаланың алты ауданының негізгі локацияларында театрландырылған қойылымдар, жарқын анимация және қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер өтеді.
Есіл ауданында дәстүрлі түрде негізгі орталық ЭКСПО аумағы болады. Мұнда 20-22 наурыз аралығында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Бұл күндері таңғы сағат 10:00-ден бастап барлық алаң жұмыс істейді, оның ішінде заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған алты тақырыптық киіз үй орнатылады. Бірінші киіз үйде интерактивті дисплейі бар жасанды интеллект аватары болады. Екінші және үшінші киіз үйлерде қонақтар VR-көзілдірік арқылы виртуалды әлемге ене алады. Төртінші киіз үй «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналмақ, онда робот-ит, дрон-полицей көрсетіліп, «Тазабек» кейіпкері жұмыс істейді. Бесінші киіз үйде ерекше қажеттіліктері бар адамдар жасаған өнімдер жәрмеңкесі өтеді, бұл инклюзияны қолдауға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған кеңістік болады. Алтыншы киіз үйде қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қонақтар халық шеберлерінің бұйымдарымен таныса алады.
Сағат 10:00-ден бастап жасанды интеллект көмегімен арнайы төрешілері бар спорт іс-шаралары өтеді.
ЭКСПО аумағы ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз және басқа да мәдени элементтер қойылады. Биыл безендіру 9 метрлік «Келіншек» композициясымен, сондай-ақ «Алаша тоқу» және «Арба» тақырыптық инсталляцияларымен толықтырылады.
21 және 22 наурыз күндері сағат 13:00-ден бастап басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер басталады.
ЭКСПО аумағында фотобудкалар мен алтыбақандар орнатылады.
21 наурыз күні сағат 14:00-де Халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік ел даңғылы, 53/1) «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі ашылады.
Оған отандық өндірушілер қатысып, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен қатысушыларының өнімдері ұсынылады.
Қонақтарға арнап концерт, Наурыз көжеге толы үлкен қазан және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Көрме орталығында фотоаймақтар мен ұзындығы 12 метрлік LED-туннелі бар интерактивті кеңістік ашылады.
Орталық залда сахна, «Жеті қазына» экспозициясы және қызғалдақтар көрмесі орналастырылады. Сондай-ақ Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі мен ұлттық спорт ойындары өтеді.
Келушілер қазақ күресі, асық ату, садақ ату, арқан тарту және басқа да жарыстарға қатыса алады.
Балалар үшін шеберлік сабақтары, шығармашылық жұмыстар мен ойын аймақтары бар арнайы арт-кеңістік ұйымдастырылады.
Іс-шаралар 22-23 наурыз күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.
Есіл ауданында 21 наурыз күні сағат 12:00-де Пригородный тұрғын алабында (Арнасай көшесі, 127, №24 мектеп) мерекелік бағдарлама өтеді. Сонымен қатар киіз үй тігіледі. 22 наурызда сағат 12:00-де «Бағыстан» тұрғын кешенінде (Е-117 көшесі, 37-үй) концерт өтеді.



