«Сырға салу» дәстүрімен танысты

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Наурыздың барлық бояулары» ұлттық дәстүрлер циклі аясында «Сырға салу» дәстүрі сахналанған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның оқушылары қатысып, ұлттық салт-дәстүрімізбен танысты. Бөгенбай батыр ауылының ақ жаулықты әжесі балаларды Наурыз мерекесімен құттықтап, жарапазан айта келген бүлдіршіндерді шашу шашып қарсы алды. «Сырға салу» дәстүріне куә болған оқушылар ән мен биден шашу шашып, мерекенің көркін кіргізді. Сонымен қатар Наурыз туралы сұрақ-жауап, бата жарысы мен ұлттық ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысқан оқушыларға сыйлықтар тапсырылды. Іс-шара барысында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын «Наурыз тойым – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.



