Астанада Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштері үшін цифрлық шешімдер таныстырылды

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жауынгерлік даярлық жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Отырыс барысында Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлығын цифрландыру жобалары мен Әскери-теңіз күштерінің жауапкершілік аймағындағы ахуалды жария ету ақпараттық жүйесінің таныстырылымы, яғни Әскери-теңіз күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін құрудың бірінші кезеңі қаралды.
Жауапты мамандар оқу-жауынгерлік қызметті цифрландырудың ағымдағы жай-күйі төңірегінде баяндап, жеке құрамды даярлаудың тиімділігін арттыруға бағытталған перспективалық шешімдерді таныстырды. Соңғы үлгіде жасалған үдеткіш кешендерді, оқытуды басқарудың автоматтандырылған платформаларын және бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін бағалаудың талдамалық құралдарын енгізуге жіті назар аударылды.
Қорғаныс министріне Әскери-теңіз күштерінің жауапкершілік аймағындағы жағдайды жарықтандырудың ақпараттық жүйесі көрсетілді. Әзірленіп жатқан цифрлық кешен теңіз бағытындағы ахуалды мониторингілеуге және талдауға арналған. Сонымен қоса бұл әрі қарай Әскери-теңіз күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуге негіз болмақ.

Қорғаныс ведомствосының басшысы цифрландыру Қарулы күштерді заманауи дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
– Цифрлық технологияларды енгізу әскери қызметшілерді даярлау сапасын едәуір арттыруға, уақыт пен ресурстық шығындарды қысқартуға, одан бөлек оқу процесін жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің барынша шынайы жағдайына жақындатуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Кеңес соңында Қорғаныс министрі Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық жүйесінде цифрлық шешімдерді одан әрі дамытып, ауқымын кеңейту және Әскери-теңіз күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қарулы күштердің оқу-жауынгерлік қызметін цифрлық трансформациялау жөніндегі жұмыс қазіргі заманғы технологиялық мүмкіндіктер мен елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қойылатын талаптарды негізге ала отырып жалғасатын болады.



