Жас жұбайлар неке қиды
Наурыз мейрамы қарсаңында дәстүрлі түрде атап өтілетін Шаңырақ күні аясында Сарыарқа ауданында«Отбасы ұлт қазынасы» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты жиынның басты ерекшелігі – символдық неке қию рәсімі болды. Іс-шара барысында жаңадан шаңырақ көтерген үш жас отбасы көпшілік алдында неке қию рәсімінен өтіп, бір-біріне адалдықтың белгісі ретінде жүзік алмасты. Бұл сәт жастар үшін ерекше толқынысқа толы, есте қаларлық маңызды кезең болды. Осылайша Жас жұбайлар өзара сүйіспеншілік пен сенімге негізделген бақытты отбасылық өмірдің алғашқы қадамын жасады.

Сонымен қатар, бірнеше онжылдық бойы бірге өмір сүріп келе жатқан үлгілі екі отбасы да шараның құрметті қонағы ретінде қатысып, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар берік некенің сыры – өзара құрмет, сабырлылық пен түсіністік екенін атап өтіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

«Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз мерекесі мен Шаңырақ күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. Біздің ауданымыз әрдайым жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі жас отбасыларға махаббат, бірлік пен береке тілеймін», – деді Астана каласынын жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.



