Отбасы – бақыт мекені
Шаңырақ күнінде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Көңілді старт – 2026» отбасылық эстафетасы өтті.
Спорттық іс-шара «Отбасы – бақыт мекені» ұранымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында ұйымдастырылды. Эстафета дәстүрлі түрде осымен 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Негізгі мақсат отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

– Биыл жарысқа 45 отбасы қатысты. Басты талаптың бірі ретінде ерлі-зайыптылардың 35 жастан аспауы қажет болды. Бағдарлама іріктеу және финалдық кезеңнен тұрды. Іріктеу кезеңінен өткен 15 үздік отбасы жылдамдық, ептілік және ұйымшылдықты талап ететін қызықты сайыстарда бақ сынады. Бұл күн барлық қатысушыға ұмытылмас әсер қалдырды деп сенеміз, – деді өз сөзінде елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат.
Сайыс барысында отбасылар ұлттық киім киіп, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен мәдениетінің салтанатын асырып, асық ату, арқан тартыс, ханталапай секілді түрлі ұлттық ойындарды ойнап, өзара бақ сынасты.

– Жас отбасылар сайысына алғаш рет қатысып тұрмыз. Әлеуметтік желі арқылы эстафетаның өтетінін көріп, қатысуға ниет білдірдік. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің көрінісі деп ойлаймын. Жарысқа қатысу үшін жұбайыммен бірге жаттығып, жоспар құрып, тыңғылықты дайындалдық, бұл өз кезегінде шаңырағымыздағы береке мен бірлікті бекіте түсті, – деді қатысушылардың бірі Ажар Көкетай.
Эстафета жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталып, алғысхаттар алды. Мәселен, бірінші орынға 200 мың теңге сыйлық берілсе, екінші орынға – 150 мың теңге, үшінші орын 100 мың теңгемен марапатталды. Белсенділік танытқан 12 отбасыға 20 мың теңгеден сыйлық үлестірілді. Эстафетаға келген жанкүйерлер де назардан тыс қалмады. Олар «Үздік ұлттық киім», «Үздік жанкүйер», «Ең жас жанкүйер» және «Ең креативті қолдау» атты арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Индира Бержанова



