Басты ақпаратБілімМәселе

Оқулық неге ала-құла?

Қазір екі сыныпта қатар оқып жатқан құрдас екі оқушы бірдей білім алып жатыр деп айту қиын. Себебі бір мектеп «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықпен оқытса, екіншісі «Алматыкітап», үшіншісі «Мектеп» немесе «Арман-ПВ» баспасының кітабын пайдаланады. Бір елде бір білім стандарты бола тұра, оқулықтардың мұншалықты ала-құла болуы – ойлантатын мәселе. Бір тақырып бір оқулықта жан-жақты қамтылса, екіншісінде үстірт қана өтеді, ал кей тапсырмалар бір кітапта бар да, екіншісінде мүлдем кездеспейді. Мұндай бей-берекетсіздік оқушының ғана емес, мұғалімнің де жұмысын күрделендіріп, білім сапасына тікелей әсер етіп отыр.

Бір оқулық болса бір сәрі…

Оқулықтардың әртүрлі авторлық ұжымдар мен баспалардан шығуы олардың мазмұны мен тілдік деңгейінің үйлеспеуіне әкелуде. Бір оқулықта тақырып қарапайым әрі балаға түсінікті тілмен берілсе, екіншісінде сол материал күрделі терминдерге толы, ауыр тілмен жазылған. Астана сияқты ірі қалаларда пәтерден-пәтерге көшіп, бала оқытып жүргендер аз емес. Баласы басқа мектепке ауысса, мектепте қолданылатын кітаптың баспасы ұқсамай қалса, ата-аналар қайтадан оқулық іздеуге, бала жаңа оқулықпен оқуға мәжбүр болады. Бұл мәселені ата-аналар мен ұстаздар жыл сайын көтеріп келеді. Әсіресе бастауыш сынып оқулықтарының тілі баланың жас ерекшелігіне сай келмейтіні жиі сынға алынады. Алайда қоғамда осынша талқыланып келе жатқан бұл түйткіл әлі күнге дейін нақты әрі жүйелі шешімін тапқан жоқ.

Бірнеше жыл бұрын сала сарапшылары 1-11-сыныптарға арналған 173 оқулықты талдаған еді. Зерттеу нәтижесінде олардың 40-ы – «Алматыкітап», 53-і – «Атамұра», 64-і – «Мектеп», ал 10-ы «Арман-ПВ» баспасынан шыққаны анықталған. Бұл дерек елімізде оқулық саясатының қаншалықты ала-құла екенін айқын көрсетеді. Бір елде бір стандартпен білім беріліп жатқанмен, оқулық мазмұнының мұншалықты әркелкі болуы – білім жүйесіндегі жүйесіздіктің нақты көрінісі. Яғни «Бір ел болған соң, бір оқулық болу керек» деген қағида сақталмай отыр. Сонымен қатар кейбір оқулықтардағы шетелдік мысалдар мен образдар оқушының танымын шатастырып, ұлттық санаға жат ақпарат беріп отыр. Қазақ баласының күнделікті өміріне қатысы жоқ ұғымдар мен көріністердің жиі кездесуі оқулықтың тәрбиелік маңызын әлсіретіп, ұлттық дүниетанымның қалыптасуына кері әсер етеді. Оқулық тек білім құралы емес, баланың сана-сезімін, көзқарасын қалыптастыратын негізгі тәрбие тетігі екенін ескерсек, бұл мәселені елеусіз қалдыруға болмайды.

Әр баспадан шыққан оқулықтардың білім сапасына кері ықпал ететіні сарапшылар тарапынан да жиі айтылып жүр. Мамандар қазіргі оқулықтар оқушылардың функционалдық сауатын дамытуға емес, тест тапсырмаларын жаттауға бейімделгенін алға тартады. Әртүрлі мазмұн мен қиындық деңгейі бар оқулықтар балаға жүйелі ойлауды емес, механикалық жаттауды үйретеді. Нәтижесінде оқушы алған білімін өмірде қолдана алмайды. Бұл – оқулық мазмұнын әзірлеудегі сапа мен бірізді стандарттың болмауынан туындаған күрделі кемшілік.

Бұл мәселе Мемлекет басшысы деңгейінде де бірнеше рет көтерілген. Осыдан 5 жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оқулықтардың сапасына арнайы тоқталып: «Мен өзім бірнеше оқулықты оқып, олардың сапасыздығына таңғалдым» деп ашық айтқан болатын. Сол жиында Президент Қазақстан тарихы пәні бойынша бірыңғай оқулық әзірлеуді тапсырды. Бұл оқулықтағы олқылықты мойындап қана қоймай, оны жүйелі түрде шешуге бағытталған нақты қадам еді. Демек, Президент атап өткендей, әрбір пән бойынша оқулықтардың мазмұнын үйлестіру үшін біртекті, ортақ стандарт қажет. Оқулық саясаты нарық заңына емес, ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс. Бірізді, сапалы, ұлттық мазмұны берік оқулық қана білім сапасын арттырып, болашақ ұрпақтың зияткерлік және рухани дамуына негіз бола алады.

Жүйе жөнделмей, олқылық оңалмайды

Оқулықтағы олқылық мәселесін жиі айтып жүрген белгілі сарапшы, химик-педагог Аятжан Ахметжанұлы оқулық жазудағы жүйе өзгермесе, оқулықтың олқылығы оңалмайды дейді.

– Осыдан 12 жыл бұрын «Оқулық олқы болса, оқушы қайдан оңады?» деген мақала жазған едім. Содан бері осы мәселені айтып келемін. Өкінішке қарай, жағдай айтарлықтай өзгерген жоқ. Қазір біреу «Оқулық сапасы қашан оңалады?» деп сұраса, көбіне «Қазіргідей оқулық жазу жүйесінде оқулық сапасының оңалуы қиын» деп жауап беретін болдым. Себебі мәселе жеке авторларда емес, оқулық жазу жүйесінің өзінде.

Мектеп оқулығы бірнеше кезеңмен дайындалады. Алдымен Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік стандартты бекітеді. Одан кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен министрліктің Орта білім комитеті үлгілік оқу жоспарын әзірлейді. Соның негізінде білім беру бағдарламалары жазылады. Бағдарламаларды көбіне мектеп мұғалімдері мен ғалымдар бірлесіп дайындайды. Бірақ бұл олардың негізгі жұмысы емес. Бірі университетте, бірі мектепте жұмыс істейді. Яғни бағдарлама жазу – көбіне қосымша қызмет. Тіпті бір сыныптың бағдарламасын бір маман, келесі сыныптың бағдарламасын басқа маман жазуы мүмкін. Дайын болған бағдарламаларды Білім академиясы мен Білім мазмұнын сараптау орталығы тексереді. Алайда сарапшылардың да не­гізгі жұмысы бұл емес. Олар да көбіне мектепте немесе университетте қызмет атқаратын мамандар. Оның үстіне кейбіріне еңбекақы төленсе, кейбіріне мүлдем төленбейді. Ал ақысы төленбеген жұмыстың сапасы қандай болатыны белгілі. Осыдан кейін дайын болған бағдарламалар еліміздегі бірнеше баспаға беріледі. «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Арман-ПВ» сияқты баспалар өз авторлық ұжымдарын жинап, оқулық жазуға кіріседі. Бірақ оқулық авторларының да негізгі жұмысы – сабақ беру. Сондықтан оқулық көбіне негізгі жұмыстың арасында, қолы бос уақытта жазылады. Кейде тіпті кейбір тараулар студенттерге тапсырма ретінде беріліп, кейін өңделіп қолданылатын жағдайлар да кездеседі. Ал оқушы оқулық арқылы білім алғаннан кейін сол білімді тексеретін ұлттық емтихан – ҰБТ тапсырмаларын тағы басқа мамандар әзірлейді. Байқасақ: бағдарламаны біреулер жазады, оқулықты басқа адамдар дайындайды, ал емтихан тапсырмаларын үшінші адамдар әзірлейді. Бір сөзбен айтқанда, бірізді жүйе жоқ. Ертең оқулықтан қате шықса, біреуі бағдарламаны, біреуі баспаны, енді бірі сараптама орталығын кінәлайды. Қазақта «Молда көбейсе, қой арам өледі» деген сөз бар. Біздің оқулық мәселесі де соған ұқсайды. Демек, әркім қосымша жұмыс ретінде қарайтын істен сапалы оқулық шығуы қиын. Себебі адам үшін негізгі жұмыс әрқашан бірінші орында тұрады. Ал мемлекет үшін ең маңызды құндылық – болашақ ұрпақ. Егер сол ұрпақтың қолындағы оқулықтың сапасын дұрыстай алмасақ, білім сапасы туралы айту да қиын. Оқулық олқы болса, оқушының да оңуы қиын.

Батыл өзгеріс керек

Оқулық мәселесін шешу үшін, ең алдымен, жүйелі әрі батыл қа­дамдар қажет:

Біріншіден, оқулықтарда мазмұндық бірізділік қалыптастыру – уақыт күттірмейтін міндет. Бір пән бойынша бірнеше баспаның оқулығын қатар қолдану тәжірибесін кезең-кезеңімен қысқартып, кемінде бастауыш сыныптарда бірыңғай оқулыққа көшу қажет. Себебі бастауыш – баланың білім іргетасы қаланатын ең жауапты кезең.

Екіншіден, оқулықтарды сараптау және бекіту жүйесін түбегейлі қайта қарау керек. Қазіргі сараптама формалды сипаттан арылып, нақты мазмұн, тілдік сәйкестік, жас ерекшелігі және ұлттық құндылық тұрғысынан қатаң бағалануы тиіс. Сараптамаға тек шенеуніктер емес, тәжірибелі мұғалімдер, әдіскерлер, ғалымдар мен қоғам өкілдері кеңінен тартылғаны жөн.

Үшіншіден, ұлттық мазмұнды күшейту оқулық саясатының негізгі бағытына айналуы қажет. Әрбір мәтін, әрбір тапсырма мен сурет қазақ баласының өміріне, дүниетанымына жақын болуы тиіс. Қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі оқулық беттерінде жүйелі түрде көрініс тапқанда ғана білім мен тәрбие қатар жүреді. Ұлттық болмысқа жат мысалдар мен бейнелерге жол бермеу баспалар үшін қатаң талап болуы керек.

Төртіншіден, мұғалімнің рө­лі мен пікірін ескеру маңызды. Оқулықты күнделікті қолданатын – мұғалім. Сондықтан жаңа оқулықтарды енгізер алдында оларды апробациядан өткізіп, педагогтардың нақты ұсыныстары мен ескертпелерін ескерген жөн. Бұл – оқулық сапасын бақылаудың тиімді жолының бірі.

Оқулық – жай ғана оқу құралы емес, ұлттың интеллектуалдық айнасы. Сондықтан оқулық саясатына немқұрайлы қарау болашаққа немқұрайлы қарау­мен тең. Бірізді, сапалы және ұлттық мазмұны берік оқулық қана білім сапасын арттырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.

Ұлт болашағының өлшемі

Оқулықтың сапасыздығынан ба, әлде мұғалімнің біліксізді­гінен бе, қалай десек те, бүгінгі қазақ мектебіндегі оқушылардың өзі ана тілінде оқыған мәтінін толық түсінбейді. Яғни қазақ тілінде білім алып жүрген балалардың бір бөлігі оқыған дүниесінің мазмұнын саралап, негізгі ойын анықтап, соның негізінде тұжырым жасап, оны ауызша да, жазбаша да жүйелі жеткізе алмайды. Бұл – тек жеке оқушының кемшілігі емес, оқыту жүйесіндегі олқылықтың көрінісі. Әдебиет пәнінің мұғалімдері бұл жағдайды оқулықтағы сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған нақты грамматикалық жаттығулардың аздығымен байланыстырады. Тапсырмалар көбіне мәтінге негізделіп беріледі де, ережені нақты түсіндіретін, дағды қалыптастыратын мысалдар жеткіліксіз. Оның үстіне мәтін хрестоматияда, ал автор туралы мәліметтің оқулықта берілуі оқушыға қосымша қолайсыздық туғызады. Кейбір мұғалімдер оның біреуін оқытып, біреуін оқытпайтын жағдай да кездеседі. Екі кітапты қатар алып жүру де, бірін оқып, бірін елемеу де оқу үдерісінің жүйесіздігін көрсетеді. Осындай мазмұндық бөлшектенудің орнына барлығын бір арнаға тоғыстырған тұтас оқулық ұсыну әлдеқайда тиімді болар еді. Сондай-ақ грамматика ережелерін түсіндіру үшін биотехнология секілді жаратылыстану саласына қатысты күрделі мәтіндерді ұсынудың қаншалықты орынды екені де ойландырады. Егер оқушы грамматиканың өзін толық меңгермей жатса, оған мазмұны мүлде қабыспайтын, терминге толы мәтінді қоса беру танымдық жүктемені арттырғаннан басқа нәтиже бермейді. Тілдік негіз берік қалыптаспайынша, өзге саланың мазмұнын кіріктіру оқушының түсіну қабілетін күшейтпей, керісінше, шатас­тырып жіберуі мүмкін.

Жалпы, Қазақстанда бір пәнге қатысты материалдардың қосарланып, қатар жүруі қалыпты құбылысқа айналып барады. Тіпті 1-сыныпқа енді ғана қадам басқан баланың өзі бір пән бойынша кемінде екі кітапты – оқулық пен қосымша хрестоматияны немесе жұмыс дәптерін – бірге алып жүруге мәжбүр. Бұл, бір жағынан, мазмұнды толықтыру мақсатынан туындағанмен, екінші жағынан, оқу үдерісін күрделендіріп, баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін артық жүктеме қалыптастырады.

Бастауыш сынып оқушысы үшін ең маңыздысы – материалдың ықшам, түсінікті әрі бірізді берілуі. Ал бірнеше кітаптың арасында мазмұнның бөлшектенуі оқушының зейінін шашыратып, жүйелі қабылдауына кедергі келтіреді. Сондықтан оқу материалының құрылымын қайта қарап, мүмкіндігінше мазмұнды бір арнаға тоғыстыру баланың оқуына да, денсаулығына да оң әсер етер еді.

P.S: Оқулықтағы олқылық бір күннің немесе бір жылдың мәселесі емес, ол – білім сапасына тікелей әсер ететін жүйелі түйткіл. Оқулықтағы ала-құлалық пен мазмұндық сәйкессіздік жойылмайынша, білім сапасын арттыру туралы айту қиын. Әсіресе бастауыш сыныпта жіберілген қателік кейінгі білім сатысында орны толмас олқылыққа айналады. Сондықтан оқулық мәселесі тек баспалардың немесе жекелеген авторлардың шаруасы емес, ол – мемлекет деңгейінде шешілуі тиіс стратегиялық мәселе. Бірізді, сапалы әрі ұлттық мазмұны берік оқулық – болашақ ұрпақтың даму кепілі. Сапалы оқулықсыз сапалы білім болмайды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button