Ел тынысыСаясат

Президент: Жаңа Конституция — жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында қазіргі конституциялық реформаны Ата заңға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

— Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.

Жаңа Конституция — жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны — жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз, — деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келетінін айтты.

— Қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайды. Ол кезде бас құжаттың үштен бірі жаңартылды. Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Осындай ұсыныс көптеген қоғамдық алаңда, сарапшылар ортасында айтылды.

Дегенмен бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана еліміздің конституциялық негіздерін біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл менің шешім.

Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келеді, сондықтан халықтық сипатқа ие болды. Әуелі күн тәртібіне парламенттік реформа мәселесі ғана қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар бұл бастаманың аясынан шығып кетті, — деді ол.

Ол азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түскенін айтты.

— Азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызға жуығы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның түрлі аспектісін қамтыды. Нәтижесінде конституциялық комиссияға келіп түскен өтініштердің саны он екі мыңға жетті.

Негізгі заңның жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.

Жалпы, бұл үдеріске бүкіл қоғам білек сыбанып кірісті. Азаматтарымыз eGov және eOtinish платформаларында ойларын ортаға салды. Комиссия отырыстарын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көргендер саны миллионнан асты, — деді Қасым-Жомарт  Тоқваев.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button