
Президенттің қатысуымен өткен барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарының III республикалық форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық депутат жиналды. Форум елдің даму мәселелері мен алдағы жоспарларды талқылайтын алаңға айналды. Іс-шараның маңызы туралы мәжіліс депутаты Олжас Құспеков ой бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Мемлекет басшысы көлік-транзит саласының дамуына тоқталып, соңғы жылдары инфрақұрылым жүйелі жаңартылып келе жатқанын айтты. Өткен жылы 1500 шақырым теміржол салынып, жөндеуден өтті, ал биыл 3700 шақырымнан астам жаңа желі пайдалануға берілмек. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылуда. 124 вокзал күрделі жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін толық жаңғырылады. Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Астана — Алматы күре жолы жөнделіп, батыс өңірлермен байланыс күшейтілуде. Биыл тағы 2300 шақырым жергілікті жол жаңғырылады, ал алдағы үш жылда 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай болады, — деді депутат.
Сонымен қатар ол форумда білім саласы мәселелері де көтерілгенін атап өтіп, бұл сала ерекше көңіл бөлуді қажет ететінін жеткізді.
-Мемлекеттік мектептерде оқушылар ақысыз білім алады, колледждерде 150 мыңнан астам студент мемлекет есебінен оқиды. Жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны жыл сайын артып келеді.
Президент жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және цифрландыруға жол ашатынын айтты, — деді ол.
Қазақстан бейбіт ел, әлемнің түкпір-түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен қарсы алады. Бүгінде біздің төлқұжатымыз халықаралық қауымдастықта жоғары сенімге ие, бұл – Қазақстанның әлемдік деңгейде беделді, сенімді әрі ашық мемлекет екенін көрсететін айқын белгі.
-Жастарға үндеуінде: «Референдумға қатысу — ел тағдырына бей-жай қарамау, өз таңдауыңды жасау — туған елдің жарқын болашағын өз қолыңмен құру деген сөз», — деді Президент. Сөз соңында Мемлекет басшысы ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген сөзін еске салып, бірліктің, адалдық пен ниеттің маңызды екенін атап өтті. Шын мәнінде әрбіріміз өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, елдің болашағына үлес қосуға ұмтылуымыз қажет. Себебі тек шынайы ниет пен бірлік — Қазақстанның өркендеуі мен тұрақты дамуының кепілі, — дейді О. Құспеков.



