Басты ақпаратМәдениет

Қала мен даланың тартысы

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» әңгімесінің желісімен осы шығарма аттас комедияның премьерасын ұсынды. Спектакльдің инсценировка авторы және қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қоюшы-суретші – Шынар Елембаева. Музыкамен көркемдеген – Қайрат Тоқымбетов.

Әлемде қазақтан өткен еліктегіш халық жоқ шығар. Бұл тұрғыдан балаға ат қоюға келгенде де ұлтымыз алдына жан салмайды.

«Егер он миллион қазақты аралап шыға алсаңыз, дүние жүзіндегі барлық ұлт пен тайпаның аттарын түп-түгел кездестіре алатыныңызға кәміл сенемін. Қазақтар үшін дү­ние­жүзілік есімдерді емін-­еркін иемдену ХХ ғасырдың 30-60-жылдары аралығында ерекше дамыды. Сол кездегі саяси оқиғалардың тірі көрсеткішіндей Октябрь, Социал, Аврора, Потемкин, Рева, Люция, Коммуна, Стахан, Чапай, Шорс, Роман, Роллан, Максим, Маркс, Энгельс есімді балалар көше-көшелерде құлындай шауып жүрді. Тіпті бүтін бір мемлекеттер мен астаналардың атына ие боп қалған қара домалақ балалар да аз кездеспейді» дейді автор аталмыш әңгімеде.

Спектакльдің шығарма­шы­лық құрамы осы мәселені негізге алып, бүгінгі заманда ұлттық құндылықтардың аяқ­асты болуын, шетелге шығып, мансап пен ақшаның соңынан қуудың салдарынан салт-дәстүрдің бастап­қы мазмұнынан айырылып, даңғаза формаға айналуын, тіл мәселесінің тасада қалуын ащы мысқылмен көрсетеді.

«Бонапарттың үйленуі» – күлкі арқылы көрерменге күрделі сұрақ қоятын қазақы комедия. Қалада тұратын бір отбасы арқылы тұтас қоғамның ұлттық құндылықтарға көз­қарасын, діни ұстанымын, дәстүрге деген жауапкершілігін әшкерелейді. Бүкіл мәселе Бонапарт есімін иеленген жігіттің үйленуінен басталады. Оның әкесі Әбдәшім ауылда өссе де, есейгенде қалаға кетіп, тамырынан ажырап қалады. Анасы Ұлтуған болса орысша өскен, ана тілінде екі сөздің басын әрең құрайды. Бұл отбасындағы бала тәрбиесі, негізінен, ананың мойнына артылған екен. Осылайша Бонапарттың болмысы да қазақылықтан ада болып қалған. Қазақылық Әбдәшімнің ағайыны, ауылдағы Дөржан мен Испания мемлекетінің құрметіне Испанәлі атанған жас жігітке ғана керек. Спектакль желісін бір сөзбен ауыл мен қаланың тартысы деп атауға болады. Заманауи көрінеміз деп ұлттық негізді әлсірету – спектакль көтеретін өзекті тақырыптың бірі. Сонымен қатар қоғамдағы күрделі мәселелерге тіке қарай алмау, шындықты айналып өту, жалған беделдің тасасына тығылу секілді құбылыстар да өткір сынға алынады. Күлкі мен ой қатар өрбиді. Бұл қойылым күлдіру үшін емес, күлкі арқылы көрерменді оятуға бағытталған. Ақыры Дөржан мен Испанәлі мақсатына жетеді. Той бастапқыда ойластырылғандай қаладағы қымбат мейрамханада емес, ауылда өтеді. Ауылға оралатын Әбдәшімді туған топырақ тебірентеді. Қойылымның соңында кейіпкерлер шыр­қайтын көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың ақын Жабайыл Бейсеновтің өлеңіне жазылған «Ауылым» әні туынды мазмұнын аша түсті.

Спектакльде басты рөлдерді екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Малаев, Жанқалдыбек Төленбаев, Боранбай Молдабаев, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Қасымхан Бұғыбай, Самат Байыров, Гауһар Жүсіпова, Айшолпан Жаңабергенова, Дастан Әлімов, актрисалар Айман Карпсейітова, Айнұр Жетпісбаева және театрдың жас әртістері Бейбарыс Сәрсен, Әли Қалдар, Ұлан Қабыл, Диана Жолдыбек, Еңлік Айым­ғазы сомдайды.

«Қазақ боп өмір сүру қызық сияқты» деп түйіндейді автор Дулат Исабеков әңгімені. Біз бұған «қазақ – қызық халық» деген ойды қосамыз. Қойылым осындай ойға жетелейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button