Баланың кітап оқу мәдениетін қалай көтереміз?

Жасыратыны жоқ, ойын-сауық технологиялары мен әлеуметтік желілер жан дүниемізді жаулаған заманда баланы кітап оқуға қызықтыру, жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін көтеру деген мәселе күн тәртібінен түспейді. Қазіргі балалар осыдан 30-40 жыл бұрынғы балалармен салыстырғанда айтарлықтай кітапты аз оқиды. Бұл құбылыстың себебі көп.
Ең алдымен, әр баланың ой-санасын бірден жаулап алатын ойын-сауық техникасы мен гаджеттер шамадан тыс көбейді. Соның әсерінен альфа буын виртуалды әлемде «өмір сүреді»: сол жерде ойын ойнайды, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Кітап оқуға құлығы да, мұршасы да жоқ. Екінші бір себеп, қазір тез шаршап қалатын балаларды ата-анасы сабақтан соң қосымшаға, секцияға, үйірмеге апарады. Күні бойы стреспен жүретін баланың кітап бетін ашуға мүлдем уақыты жоқ. Үшінші бір себеп, үйде әке-шешесі кітап жинамайтын, оқымайтын баланың да кітапқа қызығушылығы болмайды. Үлкендер әр бөлмеде бір-бір смартфонына үңіліп отырса, балалар да гаджетке кіндігімен байланады. Тағы бір себеп, қазір кітап көбейсе де, баланың ой-өрісіне сәйкес келетін көркем-әдеби кітаптар аз. Әр бала оқыған шығармадан бас кейіпкер ретінде өзін көргісі келеді. Баланың жасына, талғамына қарай оқысы келетін көркем әдебиет тапшылығы мәселені ушықтыратыны анық. Біз айта бермейтін тағы бір себеп – кітап оқу құндылығын бала санасының деңгейінде түсіндірудің жетіспеушілігі. Осы тақырыпты тереңірек талдауға тырысып көрейік.
Баланың ой-өрісіне сай кітаптар аз
Жоғарыда тізбелеген себептердің ішінен баланың ой-өрісіне, қабылдауына сәйкес келетін кітаптар аз дегенге тоқталайық. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева Қызылордадағы Ұлттық құрылтай аясында өткен әлеуметтік-даму секциясының жиынында: «Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп қайта-қайта шығара береді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгейде жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуымыз керек» деп бар шындықты жайып салды. Бір автордың кітабы 1000 рет шыққан! Бұл сөзді өзге емес, сол кітаптарды шығаратын, сүзгіден өткізетін құзырлы министрлік басшысының өзі айтты. Әрине, бір автордың кітабы мемлекеттік тапсырыспен қайта-қайта шыға берсе, балалар өзі іздеген кітабын қайдан табады?! Ал біз болсақ: «Неге қазақ балалар әдебиетін дамытуға дұрыс көңіл бөлінбейді?» дейміз.
Қазақ балалар әдебиетінің елеусіз қалғаны рас. Қазір бұл салаға жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Балаларға арналған кітаптар шығып жатыр. Бірақ аздаған данамен шығатын кітаптар барлық балаға жетпейді. Қазір елімізде 20 миллионнан асатын халық тұрады, соның ішінде 7 миллионға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Өзіңіз ойлаңызшы, 7 млн балаға 1-2 мың дана кітап деген жете ме? Мысалы, өркениетті елдерде қаражатты ең алдымен балалардың білім алуына, рухани жағынан өсуіне, балалар әдебиетіне салады.
Біздегі балалар әдебиетінің елеусіз, немқұрайды қалған сала екеніне нақты мысал келтірейін. Авторды қолдау дегенді біз жасанды байқау өткізу деп түсінеміз. Құзырлы министрлік балалар шығармаларына арналған байқау өткізіп, жеңімпаздарды марапаттайды, олардың шығармалары бір-екі газет-журналға шығады. Сонымен іс бітті. Ал бұл үрдіс тоқтамау керек. Байқауға қатыса алмаған қаншама автор бар. Олардың кітаптарын кім шығарады? Дүкендерге кім апарады? Насихат жұмысы қалай жүргізіледі? Маркетинг жоқ жерде авторды қолдау деген сөз – жай ғана қанатбелгі үшін жасалған іс. Мысалы, әр өңірден балалар тақырыбына жазатын авторларды жинап алып, соларға тапсырыс беру керек. Прозалық, поэзиялық шығармалар жазсын. Өйткені балаларға қазір бәрі керек. Сондықтан құзырлы министрлік алдағы уақытта балалар әдебиетін шынайы қолдайтын бағдарлама жасап, оны ашық, әділ түрде жүзеге асырса, жағдай өзгереді. Авторларды ынталандыру деген мәселе бар. Жас жазушыларға шабыт, ынта, ықылас беретін қолайлы жағдай туғызсақ құба-құп. Қазір балалар тақырыбына жазып жүрген ақындар да, жазушылар да бар. Сол таланттардың шығармашылық жағынан дамып-жетілуіне дұрыстап көңіл бөлсек – әңгіме басқа. Шынайы көңіл, жанашырлық болған кезде балалар әдебиеті дамиды. Мысалы, 1 мың данамен шыққан кітап бір ғана облысқа таралып кетеді. Бірақ 1 мың кітаптың (оны демеушінің немесе өз ақшаңа шығарсаң) өзін сату, тарату оңай емес. Көбінесе орыс, өзге тілдерден аударылған, мазмұны жас балаға түсініксіз кітаптар нарықты жаулап жатыр. Бір жағынан бизнес қой. Бірақ қазақ автордың өзі жазған көркем шығармаларды көп тиражбен шығаруға ең алдымен көңіл бөлінсе құба-құп.
Балаларды қандай шығармамен қызықтырамыз?
Әлеуметтік желілер күн сайын жарқ-жұрқ еткен дүниелермен баланың назарын өзіне аударып жатқан заманда қандай қызықты шығарма жазылуы керек? Қазіргі балалар әдебиетіндегі өзекті мәселенің бірі – балаларға арналған жаңа, қызықты, заманауи көркем шығармалар жеткіліксіз. Балаларға жазылған көркем шығарма қызықты, шағын, ұнамды болса ғана әр баланың көңілінен шығады. Бұл үдеден шығатын шығарма жазу оңай емес. Ал қиын деп қол қусырып отыра берсек, қазақ балаларын басқа тілдегі авторлар қызықтырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым болып тұр. Сонда қандай шығармалар жазылуы керек?
Ең алдымен шағын әңгімелер, шағын ертегілер, қызықты өлең-жырлар, заманауи комикстер көптеп шығарылса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, ұлттық комикстерді дамытуды жапондардан үйренуге болады. Жапон балалары 300 беттік мангаларды бас көтермей оқиды. Себебі ол – балаға өте қызықты шығарма. Суретпен және мәтінмен берілген хикаялар әр жапон баласының жүрегінен орын алған. Ұлттық комикс дегеніміз осы. Ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңірудің ең оңай, ең тиімді жолы. Ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтердің арасындағы байланысты сақтаймыз десек, әр бала оқырманның ұлттық дүниетанымын қалыптастыратын шығармалар көптеп шығарылса ұтарымыз анық. Комикстердің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес, құзырлы комиссия жоқ. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыстап көңіл бөлетін уақыт келді. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың мазмұны шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға Бэтмэн, Өрмекші адамды емес, заманауи ұлттық қаһармандарымызды бейнелесек, ұтамыз. Мәселен, орыстың «Маша мен аю», мысықтар туралы мульттоптамасын қазақ балалары неге тапжылмай отырып тамашалайды? Онда ізгілік, мейірім, адамгершілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың мейірімге сусаған жүрегінің шөлін басады. Ол өнімнің қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты балаға бір көрген кезде шынайы ізгіліктің дәнін себетін аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, балалар да бірден қызығады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар. Жасандылық көзге ұрып тұрады. Әрине, бізге Логикомикс сияқты өнім жасау қиынға соғады. Бірақ ниет етсек, бәрін де іске асыруға болады.
Бала күн сайын не оқыса, не көрсе – соған еліктейді. Психикасы солай. Мысалы, телеөнімдерді алайық. «Balapan»-дағы «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көріп жүр. Олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қояды. Кішкентай көрермендер де қайталап көре береді. Біраз уақыттан кейін одан жалығып, басқа тілдегі телеарналарға ауысады. Мысалы, шетел тілінен аударылған «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызықты. Себебі баланың психикасына қарай жалықтырмайтын, өзіне тартып алатын оқиғалардан құралған. Яғни балалар аудиториясының сұранысына нағыз келетін дүниені әлемдік нарыққа шығарған. Кітап өнімдерін де осылай сұранысқа сай шығаратын кез келді.
Жақсыдан үйренеміз десек…
Біз көбінесе салыстырғанды ұнатамыз. Кітап оқуға баланы қызықтырудағы Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесіне үңіліп көрейікші. Балалар әдебиеті – бұл елде креативті экономиканың өнімі. Балаларға арналған шығармалар авторлары мен балалар кітапханаларын қолдау, балалардың кітап оқу мәдениетін көтеру арқылы әлемдегі алдыңғы орынға шықты. Соның дәлелі: оңтүстіккореялық балалар жазушылары мен иллюстраторлары Андерсен сыйлығы, Астрид Линдгрен сыйлығы, Opera Prima, Bologna Childrens Book Fair, Bologna Ragazzi Award сияқты халықаралық ең беделді сый-марапаттарды иеленіп жүр. 2024 жылы әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін кәріс жазушысы Нобель сыйлығын алды.
Енді бұл елде балалар кітабын шығару, насихаттау қалай дұрыс жолға қойылды дегенге келейік. ХХ ғасырдың ортасынан бастап білім беруге, әдебиетті өркендетуге бет бұрған Оңтүстік Корея ең алдымен оқитын ұлтқа айналу үшін балалар кітапханаларын дамытты. 2003 жылы елдегі MBC телеарнасы «Ғажайып кітапхана» деген бағдарлама жасап, эфирге шығарды. Осы жоба аясында тек балаларға арналған кітапханалар ашылды. Оның бірыңғай басқару жүйесі мен қаржы моделі жасалды. Негізінен, бұл жобаға жекелеген ауқатты адамдар қаржы бөлді. Іле-шала Мәдениет, спорт және туризм министрлігі «Кітапхана жүйесін дамытудың кешенді жоспарын» әзірлеп, соның аясында жұртшылыққа кез келген уақытта ашық тұратын кітапханалар желісін құрды. Әсіресе өңірлердегі балалар кітапханалары желісі тез дамыды. 2006 жылы Сеулде кітапхана ісі және ақпарат жөніндегі ең ірі халықаралық конгресс өтіп, Оңтүстік Корея үкіметіне бұл саланы жетілдіруге керемет ықпалын тигізді. Көп ұзамай елдегі ұлттық кітапханалар туралы заң қайта қаралып, кітап оқуға жәрдемдесу туралы жаңа заң қабылданды. Бұған қоса, тікелей ел президентіне бағынатын кітапхана-ақпарат комитеті құрылды. Одан әрі кітап оқу мәдениеті туралы, мектепке дейінгі ұйымдар және мектеп кітапханаларын дамыту туралы заңдар шықты. Мысалы, күн сайын мектептерде «10 минут кітап оқу» деген жоба үздіксіз іске асып келеді. Онда балалар қызықты суреттері бар шағын кітапшаларды жарысып оқиды. Кәріс кітапханашылары ата-аналармен, қоғаммен тығыз, жылы қарым-қатынас орнатқан. Олар күн сайын бір радио, телеарнаға тікелей эфирге шығып, балаларға арналған шығармаларды талдайды. Кореяда кітап оқыған балаларды ынталандыру, қызықтыру деген нәрсеге үкімет, әкімдік, мектеп, ата-ана болып мұқият көңіл бөледі. Балаларға арналған көркем шығармаларды насихаттайтын көптеген қауымдастық, кітап клубы бар. Үкімет жүргізетін саясаттың бірі – әлеуметтік ахуалы төмен, мүгедектігі бар, қартайған жандарға арналған бөлек бағдарлама. Елдегі 90-нан астам бұқаралық кітапхана осы салаға барлық күш-жігерін жұмсап, кітап оқу мәдениетін көтеруге үлес қосады.
Бізге үлгі болатын тәжірибенің бірі – кітапханашылар мен арнайы шақырылған инструкторлар жергілікті жерлердегі балалар орталықтарына, мектептерге арнайы барып, балаларға кітап оқу мәдениеті туралы дәріс өткізеді. Осы бағдарламаға Оңтүстік Корея үкіметі әр кітапхана үшін 3500 АҚШ доллары көлемінде тұрақты ақша бөледі. Бұл қаражаттың көп бөлігі жаңадан шыққан кітаптарды сатып алуға, инструкторлардың еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Балалар мен жастарға арналған ұлттық кітапхана жыл сайын оқырман сыныптары мен кітап оқу бағдарламаларын табыспен бітірген балаларды, жасөспірімдерді марапаттайды. Бұқаралық кітапханаларда қысқы, көктемгі, жазғы каникул кездерінде «BookStart», «Оқиғаны әңгімелеу», «Кітапты ойнату», «Кітап клубтары», «Кітап оқу сабағы» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



