Астанада қырғыз халқының көрнекті жазушысы Сұлтан Раевпен кездесу өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті дәрісі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Айта кетерлігі, былтыр елорда төрінен бастау алған бұл жоба бүгінде талай мазмұнды кездесулерді қамтып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ең бастысы, аталмыш жоба бүгін халықаралық деңгейге көтеріліп отыр.
Жобаның бүгінгі арнайы қонағы – бауырлас қырғыз халқының көрнекті жазушысы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) басшысы Сұлтан Раев. Қаламгер «Әдеби процесс және интеграция» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, танымал ақындар, жазушылар, журналистер, оқытушылар мен жас қаламгерлер қатысты. Спикер әдебиет әлемінің өткені мен бүгінгі жетістіктері, сөз өнерінің ұлтқа берер құндылығы және тәлім-тәрбиелік мәні жайлы жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен қазақ жазушыларының шығармалары өзге тілдерге аударылып, оқырманға жол тартып жатқандығын тілге тиек етті. Кездесу барысында қойылған «Шығармашылық тоқырауға ұшырағанда өзіңізді қалай жетілдіресіз?» деген сауалға жазушының: «Тоқырау болмаса, жазушы өспейді» деген жауабы жастарды ерекше серпілтті.
Кездесу соңында қатысушылар жазушымен еркін пікір алмасып, қызықты сұрақтарына жауап алды және естелік суретке түсті. Бұл дәріс әсіресе жас буынға мол әсер қалдырып, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түсті.



