Құқық

Оқушыларға заң кино арқылы түсіндірілді

Астана қаласының №29 орта мектебінде 9–11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Хулиганка» атты қысқаметражды фильмі көрсетілді.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесін, буллинг пен агрессияның себеп-салдарын ашық талқылау, қоғамдағы стереотиптердің оқушы мінез-құлқына әсерін түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру. Фильм Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Көрсетілімге құқық қорғау органдарының өкілдері, мектеп әкімшілігі, педагог-психологтар, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фильмде «бұзақы» деп қабылданатын жасөспірімнің ішкі жан дүниесі, оның агрессивті әрекеттерінің астарында жатқан қорқыныш, қысым, өзін дәлелдеуге деген ұмтылыс пен әлеуметтік ортаның ықпалы көрсетіледі. Көрсетілімнен кейін оқушылармен арнайы киноталдау ұйымдастырылып, «Көремін – Ойланамын – Әрекет етемін» әдісі арқылы фильм фрагменттері кезең-кезеңімен талқыланды. Онда оқушылар буллингтің түрлерін атап, оның тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр зардап әкелетінін айтты. Топтық жұмыс барысында агрессияға не итермелейтіні, қысымның қалай көрінетіні, қандай қолдау жағдайды өзгерте алатыны талданды. Соңында әр қатысушы өз өмірінде қандай жауапты қадам жасай алатынын айтып, зорлық-зомбылыққа жол бермеу, қиын жағдайда көмекке жүгіну және өзгеге қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда бала тәрбиесі бәрінен маңызды болып отыр. Жасөспірімдер арасында қылмыстың өршуі, есірткі қылмысына шатысуы – жүйелі түсіндіру жұмыстарының қажеттігін көрсетеді. Сондықтан бүгін мектепте арнайы “Хулиганка” қойылымын ұсынып отырмыз. Бұл туынды арқылы балалар қылмысты жолдың дұрыс емес екенін түсінеді және әр әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін ұғынады», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының” Тәрбие жұмысы бойынша координация және үйлестіру бөлімінің басшысы Эльвира Ибраева.
Талқылау барысында оқушыларға заң талаптары да түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабына сәйкес адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады; 107 және 108-баптарда денсаулыққа орташа және жеңіл зиян келтіру үшін жаза қарастырылған; 131-бап – қорлау, ал 293-бап – бұзақылық үшін жауапкершілікті көздейді. Кейбір қылмыстар үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайтыны да айтылды. Оқушыларға заңды білу – өз құқығын қорғаудың және қателіктің алдын алудың басты жолы екені түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Хулиганка» қысқаметражды фильмі басқа мектептерде де көрсетіліп, профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Шапағат Әбдір

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button