Басты ақпаратМәдениет

Алғыс – құрмет белгісі

Мейірім жаршысындай көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мереке – Алғыс айту күні. Бұл – ұлтымыздың өмір салтында берік қалыптасқан, берекенің бастауын ынтымақ-бірлік деп танитын қазақтың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртатын күн.

Бұл мереке – қазақтың кең даладай пейіліне, жан баласын жат көрмейтін адамшылығына тағзым ететін, ел бірлігінің іргетасын бекітіп, азаматтардың өзара құрметін ұлықтап, келісім мен қоғамдағы татулықты нығайтатын күн. Он жыл қатарынан аталып келе жатқан Алғыс айту күні елімізге қилы заманда зордың күшімен келген этнос өкілдерінің тарихымен тығыз ұштасады. Деректер бойынша 1937 және 1944 жылдар аралығында КСРО-ның түкпір-түкпірінен Қазақстанға 5 миллионнан астам адам жер аударылған. Бұлар – Қиыр Шығыстан жер аударылған кәрістер, Сібір мен Волга жағасын жайлаған немістер, Кавказ халықтары. Бұлардың көбі жатырқамай, жатсынбай құшағын ашқан қазақ жерінде бақытын тапты. Бүгінгі ұрпақ та басты құндылығымыз – достық пен бірліктің жалауын ту етіп, ел ауызбіршілігін сақтай білгенде кез келген қиындықты еңсеретініне сенімді. Мың алғысты болған ұлтымыздың абыройы асқақтап, ашық аспан астында мәңгілік жасасын!

1 наурыз-ҚХА құрылған күні – Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі. Елордалық Достық Үйінде «Алғыс айту күні: диалог және қоғамдық келісім мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ақсақалдар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың, аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» РҚБ жастары қатысты. Астана қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов Алғыс айту күні – ортақ тарихқа құрмет, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну және мойындау екенін атап өтті.

– Біз ризашылық тек сөз емес екенін түсінуіміз керек. Бүгінде ол қайырымдылық қызметімен және Ассамблея аясында жүзеге асырылатын нақты бағдарламалармен тығыз байланысты. Бұл – қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтін нақты бастамалар. Қала Ассамблеясының мүшелеріне балалар мен білім беруді қолдау бойынша бастамалар үлкен қолдау тапты. Мәселен, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында елордалық ҚХА қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды, оның барысында 100-ден астам бала мектеп сөмкелері мен оқу керек-жарақтарын алды. Акция Аналар кеңесі мен «Жомарт жан» орталығының белсенді қолдауымен өткізілді, бұл аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу жылына дайындалуға көмектесуге мүмкіндік берді. Біз мұны есеп беру үшін емес, көрсету үшін жасаймыз: біз бір-бірімізді құрметтейміз, өзара көмекті бағалаймыз және мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Көптеген іс-шаралар Аналар кеңесі мен медициналық қоғамдастық өкілдерінің белсенді қолдауымен өтетінін атап өткен жөн. Бұл тиімді көмек көрсетуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі – алғыс пен бірліктің біздің басты құндылықтарымыз болып қала беретіндігінің көрсеткіші, – деді спикер.

Астана қаласы мәслихатының депутаты әрі құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Владислав Сергеев мұндай кездесулер қазақстандық қоғам бірлігінің жарқын үлгісі болып табылатынын атап өтті. – Енді біздің ортақ міндетіміз – алғыс пен бірлікті сақтау, өйткені Қазақстанның болашағы осыған байланысты. Ел мен елорда басшылығының дана саясатының арқасында біз сенімді түрде алға жылжи аламыз, – деді депутат.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басқару институтының директоры Зулфухар Гаипов мерекенің рухани маңызына тоқталды.

– Біз ерекше күн – Алғыс айту күніне орай жиналдық. Бұл – ризашылық пен мейірімділік, құрмет пен келісім мерекесі. Ризашылық — бұл шынайы сезім, адамның ең асыл қасиеттерінің бірі, – деді ол. Астана қаласының «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің басшысы Лариса Пак та өз пікірін білдірді.

– Менің ата-бабаларым қазақ жеріне өз еркімен келген жоқ. Бірақ дәл осы жерде олар өмір сүруге жай орын ғана емес, жаңа отан тапты. Мұндай отбасылар мыңдаған. Қиын кезеңдерде Қазақстан мен қазақ халқы оларға мейірімділік танытты. Қоныс аударушыларды түсіністікпен қарсы алды, соңғысымен бөлісті, даланың қатал жағдайында аман қалуға көмектесті. Бүгінде елімізде жүзден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Бұл – дана саясаттың, өзара сыйластық пен өзара көмек дәстүрлерінің нәтижесі, – деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button