Басты ақпаратЕл тынысы

Астана-Белград: ықпалдастық артады

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Сербия Президенті Александр Вучич Астанаға ресми сапармен келді. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті. Мемлекеттер басшылары қазақ-серб қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылады. Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерде саяси диалогты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне баса назар аударылды. 

Ынтымақтастықтың берік іргетасы қаланды

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін Қазақстан мен Сербия президенттері келіссөз залына барды.

«Біз Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктесіміз санаймыз. Бірқатар бағытта, әсіресе, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда­ғы ықпалдастығымызды нығайту үшін көп жұмыс атқардық. Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сауда қатынастарымыз табысты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компания жемісті еңбек етіп жатыр. Негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз достық қарым-қатынасымызға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екеніне сенімдімін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы келіссөзде.

Александр Вучич Қазақстанға ресми сапармен келгеніне ­қуанышты екенін айтты.

«Қонақжайлық танытқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің пікіріңізбен толық келісемін, елдеріміз арасында шынайы стратегиялық қарым-қатынас орнаған. Сіздің қолдауыңыздың арқасында сауда-экономикалық байланыс­тарымыз жоғары қарқынмен дамып келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен энергетика салаларында ықпалдастық орнату арқылы достығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Сізді жақын арада елімізде қарсы алуға дайынбыз» деді Сербия Президенті.

Екіжақты тиімді байланыстар нығаяды

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.

«Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтас­тықты дамытуға тың серпін бе­ру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана мен Белград арасында ­конструктивті саяси диалог жолға қойылып, парламент­аралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамуда. Президент Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді. Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде Александр Вучич қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Белград Астанамен сан қырлы ынтымақ­тастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады. Сербия Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс саласына қосар үлесін арттыруға мүдделі екеніне тоқталды.

«Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды жобалар болмақ. Сондай-ақ қазақстандық SCAT компаниясына әуе кеңістігінде бесінші деңгейлі еркіндік беру мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ортақ іс-қимыл арқылы аталған мәселені шеше алатынымызға сенімдімін. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер жұмылдырамыз» деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталы­ғы секілді бағыттарда өзара ықпалдастықты арттыруға зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуметтік-­экономикалық дамуындағы жетістіктерді жоғары бағалап, мұны әлемдегі өсіп-өркендеудің үлгісі деп атады.

Келіссөз барысында екіжақ­­ты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, атап айтқанда, сауда-ин­вестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, құрылыс және туризм салаларындағы ықпал­дастық мәселелері ­қарастырылды.

«Алтын Қыран» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізді.

«Сербия Сіз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында зор жетістіктерге жетіп, өркендеп келеді. Халықаралық беделі де арта түсті. Алдағы уақытта еліңіз Сіздің парасатты басшы­лығыңызбен жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байланысымыз күшейе түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде өзара әріптестікті жандандыру өте маңызды. Сондықтан біз осы қарқынды сақтап, түрлі саладағы ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз. Бұған толық мүмкіндік бар. Өзара сенім мен достық рухында өткен мазмұнды келіссөздер – соның айқын дәлелі. Бүгінгі келісімдер серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді деп санаймын. Біз бұл бағытта бірлесіп әрекет етуге әрдайым дайынбыз» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

«Бұл – қазақ жұртының Сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін!» деді Мемлекет басшысы.

Сербия Президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтып, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.

«Алтын Қыран» орденін ­ерекше құрметпен қабыл алдым. Бұл марапат маған өзара бай­ла­ныстарымызды арттыру және бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ортақ істе зор жауапкершілік жүктей­ді. Келешек ұрпақтың игілігі үшін Сербия мен Қазақстанның достығы нығая беруіне тілектеспін» деді Александр Вучич.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button