Моңғолия Ғылым академиясында алғаш рет Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтакыновтың Қазақстанның қазіргі дамуы және Қазақстан — Моңғолия ынтымақтастығын нығайтудың келешегі тақырыбындағы лекциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Моңғолия Ғылым академиясының Президенті Содномсамбуугийн Дэмбэрэл, ғылыми және білім беру қауымдастығының 90-нен астам өкілі, оның ішінде университеттер мен зерттеу орталықтарының басшылары, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Елші Қазақстандағы негізгі саяси және экономикалық реформалар туралы баяндап, конституциялық өзгерістердің құқық үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның орнықты экономикалық өсімі және Орталық Азиядағы жетекші транзиттік хабтардың бірі ретіндегі рөлін күшейтуі айтылды. Бұл ретте инфрақұрылым, логистика және цифрландыру салаларындағы басымдықтарға назар аударылды.
Сонымен қатар сауда-экономикалық салада, ауыл шаруашылығында, логистика мен цифрлық технологиялар бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ экология, су ресурстарын басқару және аграрлық ғылым салаларындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға айрықша мән берілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға 2026 жылы өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық туралы ақпарат ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша пікір алмасу өтіп, Моңғолияның ғылыми қауымдастығы қазақстандық әріптестермен академиялық алмасуларды және сараптамалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.



