Тәрбиелік мәні бар қойылым

Астана қаласындағы Жастар театры сахнасында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Соңғы аялдама» атты әлеуметтік трагедиясы көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға прокуратура және полиция басшылығы, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева, астаналық прокурор Ғабит Мұқанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, елордалық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру, мәдениет саласының өкілдері мен психологтар қатысты.

Жиналған жастардың алдында қала прокуроры Ғабит Қасымбеков құттықтау сөз сөйлеп, олардың білімді, тәрбиелі, адал азамат ретіндегі рөліне тоқталып, болашақтарының жарқын болуын тіледі.

Спектакль жасөспірімдермен жеке таңдау, жауапкершілік және нашақорлыққа тартылудың салдары туралы ашық диалогтың мәдени-танымдық алаңына айналды.

Актерлердің шебер ойыны арқылы көрермендерге заң талаптарын сақтаудың және саналы таңдау жасаудың маңыздылығы айқын көрсетілді.

Қойылымды профилактикалық және білім беру бастамаларына белсенді қатысып жүрген елордалық мектептердің 300-ге жуық оқушысы тамашалады.

Көрсетілім «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі ведомствоаралық жұмыстың бір бөлігі болды.




