Ел тынысы

Ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат

Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат.

Жалпы, конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бастамасынан туындаған қадам. Соның аясында ауқымды жұмыс атқарылды.

Нәтижесінде Ата Заңымыздың Преамбуласынан бастап, негізгі бөлімдеріне дейін тұжырымдамалық өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл мемлекеттілігімізді заман талаптарына бейімдеудің жарқын көрінісі екені анық.

Шын мәнінде, Конституция – елдің ұзақ мерзімді дамуының берік негізі. Қоғам мен мемлекеттің стратегиялық бағыты, ең алдымен, Ата Заңда айқындалады. Сондықтан жаңа жобада Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған саяси, әлеуметтік және экономикалық даму бағдарын нақтылайтын, сондай-ақ, тұрақты әрі орнықты өсудің құқықтық іргетасын қалайтын басымдықтарға ерекше көңіл бөлінген. Мұның бәрі кездейсоқ өзгерістер емес, уақыт талабынан туған жүйелі жаңғыру екені сөзсіз.

Сонымен қатар бұл жаңғыруды Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық моделін қалыптастыру деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Ата Заңымыздың жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақтыланып, әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндік қағидаттарына баса мән берілген. Осылайша, Әділетті Қазақстан қағидаты нақты конституциялық нормалар арқылы бекітілетін басқару философиясына айналып отыр.

Жаңа өзгерістер Парламенттің өкілеттігін күшейтуді және саяси жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Сол арқылы заң шығарушы биліктің рөлі артып, өкілді органның Үкімет пен атқарушы билікке ықпал ету тетіктері кеңейеді. Бұл қадам халық үніне құлақ асуды және саяси шешімдерді қабылдауда қоғамның мүддесін кеңінен ескеруді күшейте түседі.

Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік артып, басқару жүйесі барынша ашық әрі нәтижелі болады деуге толық негіз бар. Осылайша, қабылданатын шешімдердің сапасы жақсарып, қоғамның билікке деген сенімі нығаяды.

Жалпы, жаңа Конституцияны ішкі факторлар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген салмақты жауап деп қабылдаймыз. Себебі, әлемде орын алған тұрақсыздық, геосаяси өзгерістер және ішкі әлеуметтік сұраныстар мемлекеттің құқықтық негізін жаңаша қарауды талап етіп отыр. Осы орайда ұсынылып отырған жоба еліміздің ұлттық мүддесін қорғауға және егемендігі мен тәуелсіздігін сақтауға бағытталған заманға сай құжат екені анық.

Конституциялық реформаларды жүзеге асыру – тек биліктің емес, барша халықтың ортақ жауапкершілігі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана әділетті, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Сондықтан осындай тарихи кезеңде барша қазақстандықты Президентіміздің айналасына топтасып, бірліктің озық үлгісін көрсетуге шақырамын.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button