«ADAL URPAQ: Заң. Тәртіп. Сенім» қалалық форумы өтті

Астанадағы «Заң мен тәртіп» қағидатын аясында «ADAL URPAQ: Заң. Тәртіп. Сенім» атты қалалық форум өтті. Іс-шара №111 мектепте ұйымдастырылды, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
«Өздеріңізге мәлім, елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітіліп, іске асыру кезеңі басталды. Президент атап өткендей, бұл – балалардың қауіпсіздігін, дамуын қамтамасыз етуге арналған маңызды стратегиялық құжат. Оның аясында балаларға қатысты мәселені қамтитын 158 іс-шара енгізілген. Алайда бұл іске тек ұстаздар қауымы ғана емес, ата-ана, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар да бірге атсалысуы қажет. Менің ойымша, бүгінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» – өте жақсы бағдарлама. Барлығы дайын, соған шығармашылық қосылса, нәтиже де жемісті болады», – деді Астана қаласы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина.
Іс-шара өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
«Бұл – «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан «Заң мен тәртіп» айлығының қаңтар айын қорытындылау іс-шарасы. Форумға Полиция департаменті, прокуратура өкілдері, Әкелер одағының мүшелері, мектеп, балабақша, колледж басшылары және мектеп парламенттерінің жетекшілері қатысып отыр. Айлық кезінде 200 мыңнан астам оқушы қамтылып, 50 мыңнан аса ата-ана тартылды.
Жалпы осы уақытта 80-ге жуық түрлі іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары, семинарлар, оқушылар арасында «Заң 20 секундта» челленджі, Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен «Қаржы сақшысы» ойыны, Полиция департаментінің бастамасымен дропперлік тақырыбында эссе байқауы өтті», — деді Астана қаласы әкімдігі Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов.
Форум аясында «Заң балалар көзімен» сурет байқауы мен «Менің әкем – полицей» тақырыбындағы балабақшааралық байқаудың қорытынды көрмесі көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ астаналық студенттер жасөспірімдерге арнап әзірлеген құқықтық чат-бот таныстырылды. Бұл чат-бот Telegram платформасы арқылы жаөспірімдерге заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында әрбір әрекеттің құқықтық салдары мен жауапкершілігін түсіндіруге бағытталған.



