
Құқыққорғау органдары өкілдерінің халықты түрлі алаяқтық әрекеттерден сақтандыру бойынша халықпен кездесулері жалғасуда. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында сондай жиынды Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары Есіл ауданындағы №54 “Нұр-ай” балабақшасының ұжымы мен ата-аналары үшін өткізді.
Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова балабақшада өткен жиында «Қаржы пирамидалары, қаржылық алаяқтық құрығына түспеу» тақырыбында ақпарат берді.

-Қазір оңай ақша табудың жолын ұсынатын жарнаманың түр-түрі кездеседі. Олардың бәрі дұрыс жолға бастамайды. 2021 жылдан бастап Қазақстанда 100-ге жуық қаржы пирамидасы жойылды. Олардың азаматтарға келтірген шығыны – 37 млрд теңге болды, 86 мың салымшы анықталды. 226 адам сотталды. Бұлар қаржы пирамидасы екені нақты дәлелденіп, сотқа өткендері ғана, ал одан басқа әлі дәлелденбей жатқаны қаншама, — дейді А. Жалғасова.
Қаржы пирамидалары бойынша қылмыстарды тергеп-тексеру амалдарын жүргізумен ұзақ жылдар бойы айналысқан маман бұл салада мол тәжірибесі бар қызметкер ретінде көпшілікке алаяқтар құрбаны болмаудың амалдарын түсіндірді, олардың халықтың қалтасын қалай да қағу үшін баратын айла-шарғысын баяндап, қаржы пирамидаларының белгілерін атап берді. Ол әсіресе, отбасының жағдайын барынша көтеруге күйеуінен гөрі көбірек ұмтылатын әйелдер қауымы, декреттегі және үй шаруасындағы қыз-келіншектер және жасы келген қарттар сондай пирамидалар мен алаяқтардың құрығына тез түсіп қалатынын жеткізді.

-Қаржы пирамидасы екенін ажыратудың қарапайым белгілері бар. Біріншісі, ешқандай күш жұмсамай, өте көп табысқа кенелетініңізге үйіп-төгіп уәде беруі. Екінші, міндетті түрде жаңа клиенттер табуға шақыру. Үшінші, ғаламтордағы аспаннан алтын жаудыратын ғажайып жарнамасы, алайда жұмыс берушінің жүзін көрсетпеуі. Төртінші, компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында ғана тіркелуі. Қаржы тартуға лицензиясының болмауы. Бесінші, заңдық қолдауының жоқтығы. Алтыншы, салымды немесе жарнаны қолма қол, криптавалютамен немесе мобильді банк аударымдары арқылы төлеткізуі. Сол үшін түбіртектердің берілмеуі. Негізгі белгілері осылар. Алайда заманауи қаржы пирамидалары қулығын асыруды үйреніп, түрлі инвестициялық жобалар, желілік маркетинг, тұтынушылық кооперативтері, криптобизнестің атын жамылып, астыртын әрекет етуде, — дейді маман.
Екінші спикер, осы департаменттің жедел уәкілі, анықтаушысы Шыңғыс Мейірбеков «Дипфейк және жаңа қауіп-қатер, дроптар деген кімдер?» тақырыбында ақпараттар берді.
-Бүгінде дипфейктер азаматтық қоғамға аса үлкен қауіп төндіріп тұр. Олардың саны 2019 жылдан бері 550 пайыз өскен. Қазақстанда ІІМ дерегі бойынша былтыр дипфейк бойынша 40 қылмыстық іс қозғалған. Бір мысал келтірейін, елордалық бір әйел өзін шетелдікпін деп таныстарған ер адаммен ұзақ уақыт ғаламтор арқылы жазысып, сөйлесіп жүріп, оған 9 млн теңгесін аударған. Ғаламтордағы махаббат әдемі ертегіге ұқсағанымен оның астарында алдап соғып, ақшасын алу сияқты арам ниеттің болу фактілері жиі кездеді,- дей келе маман дауыстық және бейнелік дипфейк, әлеуметтік желілердегі дипфейкті ажырату жолдарын түсіндірді.
Жиын барысында ата-аналарға қаржы пирамидаларының белгілері туралы түсірілген арнайы бейнероликтер көрсетілді. Департамент өкілдері халықтың көзін ашып, құқықтық сауаттылығын арттыратын осындай кездесулерді барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында өткізуді жоспарлап отыр.
Райхан Рахметова
Фото: Василий Крась



