Басты ақпаратМәдениет

Елорда тарихын хаттаған

Ұлттық баспасөз күні қарсаңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханада елорданың алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейін­гі қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірін кең қамтыған «Елорда шежіресі» және «В ритме столицы» деп аталатын қос бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Астананың даму жолы, ел өміріндегі маңызды оқиғалар, қаланың қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар мен шешуші кезеңдер жүйе­леніп, басылым беттерінде жарияланған материалдарды хронологиялық тәртіппен топтастырған бұл еңбек «Elorda Aqparat» медиасеріктестігіне қарасты «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай жарық көрді.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, депутаттар, медиасала өкілдері мен баспасөз ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай жүргізді.

Жиынның ашылу салтанатында модератор Бибігүл Жексенбай, цифрлық дәуір мен жасанды интеллект заманында аға буынның айтқан әрбір ойы хатталып, қағазға түсуі керектігін, сонымен қатар осындай кездесулерде айтылған пікірлер мен ойлар – ертеңгі тарихтың негізі. Сондықтан оларды жинақтап, жүйелеп қалдыру – бүгінгі буынның жауапкершілігі екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің басшысы Олжас Сыдықбек 35 жылдық мерейтой аясындағы ұжым жетістіктеріне тоқталып, елордалық басылымдардың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Ол Президент пен Үкіметтің дәл осы қалада отырғанын, мемлекеттік маңызы бар барлық шешімдердің елордада қабылданатынын айта келе, сол ақпаратты жедел әрі сенімді түрде халыққа жеткізу – газеттер мен сайттардың күнделікті миссиясы екенін айтты. Одан кейін жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл елорданың шежіресін жазуға сіңірген еңбегін еске алып, Ақмоланың астана болып қалыптасу кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті. Ол 2007 жылы жарық көрген «Елорда сәулеті» және «Архитектура столицы» кітаптарында елордадағы жаңа ғимараттардың қалай салынғанын, олардың сәулеттік ерекшеліктерін кеңінен жазғанын айтты. Сонымен қатар, кітап жазу барысында Астананың бас жоспарын жасаған жапондық архитектордан арнайы сұхбат құрғанын да қағыс қалдырмады. Әрі тұсауы кесілген жаңа кітаптарда да «Астана ақшамы» газеті әр жылдары көтерген өзекті мәселелер мен елорда тарихының маңызды белестері қамтылғанына ризашылық білдірді.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі публицист Сауытбек Абдрахманов болса Астана идеясының өзі Тәуелсіздіктің нақты көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елордалық басылымдардың дүниеге келуі де осы тарихи бетбұрыспен тікелей байланысты. Ол тіпті «қалалық газет» деген ұғымның шартты екенін мысалдармен түсіндіріп, Washington Post, New York Times, «Московские новости» сынды басылымдардың да бастапқыда қалалық газет болғанын айтып, солар сияқты елордалық басылымдар тек қаланың емес, тұтас мемлекеттіліктің орнығуына үлкен үлес қосқанын, республикалық ауқымда таралып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқырманды елорда тынысымен таныстыр­ғанын жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған мемлекет және  қоғам қайраткері Дархан Мыңбай журналистиканың тарихи миссиясына тоқталып, Аристотельдің «Тарихты дәл бейнелеуде ғылымнан гөрі поэзия ыңғайлы» деген сөзін мысалға келтірген ол  бүгінгі тарихты журналистер жазып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір қалам иесі өз еңбегіне жай ақпарат ретінде емес, тарихта қалатын құндылық ретінде қарауы керек. Сондай-ақ ол «Астана ақшамы» газетінің экономикадан бұрын мемлекеттік тілге қызмет етіп келе жатқанын, мәдениетті көтеру мен тілді түзеуге зор үлес қосқанын айтты.

Ал газетіміздің бұрынғы бас редакторы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осы басылымда елорданың зиялы тобы қалыптасқанына тоқталды.

«Astana aqshamy» газеті қаланың тыныс-тіршілігін жазып келеді. Газеттің алғашқы редакторы Кенже Жұмағұловтан бастап, қазіргі бас редакторы Еркін Қыдырға дейін басшылық еткен азаматтардың еңбегі зор. Оның ішінде Жұмагүл апайдың атын ерекше атап өткен жөн. Ол кісілер қиын кезеңдерде жанын салып жұмыс істеді. Астана астана болғалы осы жерде қаланың жаңа зиялы тобы қалыптасты. Осы 35 жыл ішінде газет қаланың шежірешісі болды деп айтуға болады. Біз де осы басылымда аз-кем қызмет атқардық. Шамамыз келгенше газетті жалпақ жұртқа танытуға атсалыстық. Бауыржан Омаров, Талғат Батырхан, Ғалым Қожабеков сияқты азаматтармен бірге қызмет атқардық. Газеттің бүкіл баяны жинақталып, үлкен кітап болып шығуы біз үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де қажетті дүние деп есептеймін. Екі басылым да өздерінің атына заты сай, Астананың мәртебесіне лайықты жаңа қарқынмен шығып жатыр» деді Нұртөре Жүсіп.

Академик, қаламгер Уәлихан Қалижан қала тарихына тоқталса, Қоғамдық кеңес төрағасы, саяси ғылымдар докторы ­Зулфуһар Ғайыпов «Астана ақшамы» газетін елорданың жылнамасы деп атады.

Ал газеттің тұңғыш редакторы Кенже Жұмағұлов басылымның алғашқы ауыр кезеңдерін еске алып, сол жылдары журналист табудың өзі қиын болғанын, соған қарамастан газет бүгінгі биік деңгейге жеткенін атап өтті.

Оның пікірінше, қазіргі таңда еліміздегі мұрағаттық жұмыс­тың үлкен жүгін де осы газеттер көтеріп отыр. Болашақта студенттер мен зерттеушілер ғылыми жұмыстарын дәл осы басылымдарға сүйеніп жасайтынын да жасырмады.

Бұдан кейін, академик, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Кәрімбек Құрманәлі Әлихан Бөкейхановтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөзін мысалға келтіріп, баспасөздің қоғамдағы орнына тоқталып, қазақ баспасөзі жай ғана ақпарат құралы емес, ұлттың рухани жүгін арқалап отырған тәрбие құралы екенін айтқан ол жастардың әлеуметтік желілерге көбірек әуестеніп, газет-журнал оқудан алшақтап бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, кітап оқу мәдениеті газет оқудан басталатынын алға тартса, Мәжіліс депутаты, ақын-журналист Жанарбек Әшімжан қалалық газеттердің табиғаты ерекше екенін айтып, олардың қаланың күнгейі мен теріскейін қатар көрсететін рухани шежіре екенін жеткізді.

«Қазір қазақ баспасөзі алағай да бұлағай кезеңді бастан өткеріп отыр. Бұл құбылыс – тек қазақ баспасөзіне ғана тән емес, жалпы әлемдік үрдіс. Дегенмен Мемлекет басшысы тарапынан ұлттық басылымдарды қолдау ешқашан әлсіреген емес. Сондықтан алдағы уақытта ұлттық басылымдарымыздың басындағы күрделі мәселенің де күрмеуі шешіледі деп сенеміз. Осындай қиын кезеңде жоқтан жонып бар жасап, бірде тіресіп, бірде күресіп жүріп газеттің туын түсірмей келе жатқан «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің басшысы Олжас Дәуренұлына, бас редактор Еркін Қыдырға және жалпы редакция ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін» деді .

Ал зейнеткер Еркін Дәуеш «Астана ақшамы» газетін қалаға келген күннен бері үзбей оқитынын, өзі де газетке мақала жазып тұратынын тілге тиек ете келді де, бұрынғы штаттан тыс тілшілер институтын қайта жандандыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Бұдан бөлек, «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Лариса Увалиева басылымдардың еліміздің ең қиын, мемлекет қалыптасуының шешуші кезеңінде дүниеге келгенін атап өтті. Ол астананы көшіру туралы тарихи шешім қабылданған сәттен бастап газет елорданың салыну барысын күнделікті хаттап, болашаққа жеткізу миссиясын атқарып келе жатқанын да айрықша атады.

Іс-шара барысында бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабековке «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табысталып, иығына шапан жабылды. Сондай-ақ Бибігүл Жексенбай «Astana aqshamy» газетінің түлегі, ардагер журналисі Раушан Мырзахметті, газеттің тұңғыш бас редакторы Кенже Жұмағұловты және бұрынғы бас редакторы Мағжан Садыханұлын Бас редакторлар клубының «Ақпарат ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button