Ел тынысы

Білім – ұлттық болмысымыздың тірегі

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай ел дамуының өзекті мәселелері кеңінен талқыланған маңызды қоғамдық алаңға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтай мінберінен айтқан білімге қатысты ойлары аталған салаға жүктелген жауапкершілікті тағы бір мәрте айқындап берді. Бұл пікірлер біз, білім беру ұйымдарын басқарып отырған азаматтар үшін бағыт-бағдар ғана емес, кәсіби қызметімізге терең оймен қарап, нақты әрекетке көшуге шақырған салмақты үндеу болды.

Президент ел болашағының сапалы білім мен саналы ұрпаққа тікелей байланысты екеніне баса назар аударды. Бұл – жалпы сипаттағы тұжырым емес, әр мектептің, әр педагогтің, әр басшының күнделікті жұмысына қойылған нақты талап. Өйткені мектеп – мемлекеттің іргетасы қаланатын негізгі әлеуметтік институт. Мұнда берілген білім мен көрсетілген тәрбие ертеңгі қоғамның сипатын айқындайды.

Бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрған міндет күрделене түсті. Қазіргі мектеп тек академиялық білім берумен шектелмейді. Ол – ұлттық сана қалыптасатын, азаматтық жауапкершілік орнығатын, еңбек пен адамгершілік құндылықтары ұштасатын орта. Мемлекет басшысы сөз еткен «жауапты азамат» ұғымының мазмұны дәл осы мектеп қабырғасында айқындалуы тиіс. Бұл бағытта әрбір ұстаздың кәсіби ұстанымы мен әрбір сабақтың мазмұны шешуші рөл атқарады.

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер білімнің қоғамды біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын стратегиялық күш екенін көрсетті. Президенттің білім сапасын арттырумен қатар тәрбие мәселесін қатар қоюы – заман талабынан туған орынды қадам. Себебі тек білімді ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, сыни ойлай алатын, жауапкершілікті сезінетін ұрпақ тәрбиелеу – тұрақты дамудың басты шарты.

Мектеп директоры ретінде Мемлекет басшысының бұл ұстанымы менің кәсіби көзқарасыммен толық үндеседі. Біздің міндет – педагогикалық ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, жаңашылдық пен ұлттық болмысты үйлестіру, әр оқушының жеке қабілетін ашуға жағдай жасау. Еркін ойлайтын, өз пікірін дәлелдей алатын, ел болашағына бейжай қарамайтын, туын тұғырдан түсірмейтін тұлға қалыптастыру – бүгінгі мектептің басты миссиясы.

Президенттің құрылтайдағы сөзі білім беру саласына айқын бағдар берді: мектеп – болашақ қоғамның негізі қаланатын орта. Сондықтан әрбір білім беру ұйымы сапалы білім мен тағылымды тәрбиені қатар алып жүруі тиіс. Осы талап толық орындалған жағдайда ғана елдің интеллектуалдық әлеуеті нығайып, қоғамдық тұрақтылыққа берік негіз қаланады.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген білім мәселесі – ұстаздар қауымына көрсетілген үлкен сенімнің белгісі. Сол сенімді ақтау – барша педагогтердің ортақ міндеті. Өйткені білімді, саналы, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – Тәуелсіз Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі.

Гүлжазира Сұлтанова,

Астана қаласы

Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеплицейінің директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button