БАҚ саласындағы заңнама жетілдірілуде

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атап айтқанда, оның сөзінше балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылуда. Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа толмаған азаматтар үшін әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салуды көздейтін онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірледі.
Аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.Оны тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, қажет болса жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр.



