Басты ақпаратҚоғам

Әлеуметтенбеген әлеумет

2024-2025 оқу жылында елімізде аймақтардан келген 336,4 мың студент болса, 123,5 мың адам оқитын Алматыдан кейін Астана 51,9 мың адаммен екінші орында тұр. Жыл сайын қаламыздағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алып жатқан жастардың жан дүниесіндегі өзгерістер қалай болып жатыр, олардың рухани әлемін әрлендіретін қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сұрақтар көпшілікті ойландырады.

Олай дейтініміз осы күні елорданың мәдени-рухани шараларының ортасында көбіне зейнеткерлерді көреміз. Бұрын мұндай істерге қала студенттері жұмылдырылатын. Жастар астананың рухани өмірінен хабардар болып, заманы бір құрбылар бір-бірімен таныссын, әлеуметтенсін деуші едік. Алайда кім ойлап тапқанын қайдам, студенттерді мәдени шараларға шақыруды тоқтату керек дегелі олар да ортадан қол үзіп барады.

Өз еркі өзінде, қолындағы қымбат iPhone-ына үңілген бүгінгі жастар мұражайлар мен кітапханаларға жылдап бас сұқпайды. Білімнің шыңына ұмтылатындары сирек. Елордада болып жатқан ауқымды мерекелерден, мәдени оқиғалардан тыс қалды. Көкірек көзіне сәуле түспей, қоғамнан оқшаулана бастағанның басы – осы. Өсе келе мұның бәрі руханияттың жетіспеушілігін тудырады, жақсылық пен жамандықтың арасын ажырата алмай, адами болмысына кемдік түседі. Олар рухани өсуде, парасаттың баспалдағымен көтеріліп, кемелдікке ұмтылуда кенжелеп қалды. Бос уақытын смартфоннан төгілген ақпараттың нөпірінде малтығумен өткізген өнеге емес, өмір емес. Жүйесіз ақпарат жақсылыққа жеткізбейтінін айтып жүрміз. Жастардың бойында ұлттың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және қазақы дүниетаным мен адамды сүю моральдары бар қоғамға жататынын, осы әлемнің бір мүшесі екенін сезінуден қалады. Үлкен өмірде қажеттілігі бар сыйласу, ізет, төзім, қазақша ойлау қабілеті және әлеуметтік бейімділік сияқты қасиеттері құрдымға кетіп, қаулап өсіп келе жатқан дүбәра ұрпақтың қатарын көбейтеді. Жастар түгіл, ағайын-туыс та бұрынғыдай бір-бірін іздеп, сағына кездесіп, арқа-жарқа болып жатпайды. Барлығын виртуалды өмір ауыстырған. Қашықтан байланыс, алыстан сыйласу туыстық арасын алыстатып барады. Ортақ құндылық болмаған соң, алмасатын ой да, айтатын әңгіме де сарқылған, сөздері де қабыспайды. Бұл да олардың әлеуметтенуіне зиянын тигізуде. Ғаламтордың адам алдар тартымдылығы, оның қолжетімділігі де сор. Дүниетанымы қалыптаспағандарға кері әсер етіп, түрлі арзан, адамгершілікке жатпайтын, жақсылықтан тайдыратын түрлі бағдарлама, қосымша жас адамның уақыты мен адами келбетін айтпағанның өзінде, өмірінің де түбіне жетіп отыр. Жақсыны жақсы, жаманды жаман дейтіндер аз. Моральдық азғындықтың небір қитұрқылығы қоғам назарын аударудың таптырмас құралына айналып барады. Ешкім айыптамайды. Мәдени деңгейіміздің жеткен жері.

Қазіргі қоғам жастардың саяси және әлеуметтік белсенділігінің артуын қоғам дамуына ұтымды пайдалануға, олардың күш-қуатын ізгілікке бағыттауға мүдделі болуы керек. Олардың бойындағы жасампаздықты оятып, теріс құбылыстармен күресуге және адамгершілік, мейірімділік, әділдік, адалдық және басқа да қасиеттерді бекітуге бағыттай отырып әлеуметтендіруге қадам жасалуы тиіс еді. Жас адамның өміріне зиянын, нашақорлық, тәуелділік, түрлі маниялардың мың қатпарында болашағымызды мешеу ететін әлеуметтік желінің зардабы ауыр. Мінеки, елім-жерім менікі деп нық басып, болашағына сенімді жастардың саны азайып, өмірдің қайсысы нақты, қайсысы виртуалды екенін шатастырғандарға қарның ашады. Гаджет адамның рухани өмірін толтырмайды. Бұрынғы кезде қаламызда жастарға арналған орталықтар, клубтар жұмыс істейтін. Тегін үйірмелер де оларға қолжетімді еді. Қазір мұның бәрі кеміген. «Астанада білім алды» деген студент – ертең ел тұтқасын ұстар азамат. Елордадан еліне барғанда білімі мен білігіне қоса, көрген өнегесі де сын болады. Осыны ойлағанда, жастардың дауысы бәсең, тірлігі тым сүреңсіз көрінеді.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button