Ел тынысы

Қысқы Олимпиадаға дайындыққа 13,3 млрд теңге бөлінді

2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық үшін 13,3 млрд теңге бөлінді. Оған қоса, ТОП-деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші жұмылдырылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметте баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Олимпиадалық резервті дайындау мақсатында спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1262 спорт нысаны бар. Бұл инфрақұрылым қысқы спорт түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

— Қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 149 мыңға жуық адамды құраса, спорт мектептерімен қамтылған балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңға жетті. Бұл ретте ұлттық команданы қалыптастыру халықаралық жарыстардағы нәтижелер бойынша жүзеге асырылады. Министрлік республикалық федерациялардың және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуеті бар спортшыларды іріктеді, — деді Е. Мырзабосынов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Тізімге халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, әлем чемпионаттары мен кубоктарында түрлі деңгейдегі медальдарды жеңіп алған спортшылар енді.

— Олардың ішінде фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында 2025 жылғы әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко бар. Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, әйелдер арасындағы Гран-приде Софья Самоделкина алғашқы тарихи күмісті жеңіп алды, — деп толықтырды министр.

Шорт-тректен Денис Никиша 2024 жылы әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алып, бұл жетістігін 2025 жылы да қайталады. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдерінде екі алтын медаль жеңіп алды. 2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан Қытайдың екі фаворит командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.

Нәтижелерді қамтамасыз ету үшін министрлік спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық команданы дайындаудың кешенді жоспарын жасады. Оның аясында оқу-жаттығу жиындары, медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс істеу қарастырылған.

— Ойындарға сапалы дайындық мақсатында ұлттық командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді, спортшыларымыз 125 халықаралық жарыстарға қатысты.  Қаржыландырудың жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялар қаражатынан – 585 миллион теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 миллиард теңге, Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан – 1,2 миллиард теңге бөлінген, — деді Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ, қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық командалардың бас бапкерлері анықталды. Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші жұмылдырылды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button