Қоғам

Қоғамдық тұрақтылықтың темірқазығы

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов­тың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қалалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қалалық ҚХА кеңесі мүшелері, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық институттар, жастар ұйымдары мен елорданың сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.

Осы жылдары Ассамблея орнықты әрі функционалды инфрақұрылым ретінде қалыптасты. Оның құрамында 23 этномәдени бірлестік, 36 шығармашылық ұжым, 12 жастар қанаты, 3 этнолингвистикалық мектеп, сондай-ақ Медиация орталығы, Ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, журналистер клубы және медиа алаңдар жұмыс істейді.

Ассамблеяның мерейлі 30 жылына арналған қалалық іс-шаралар жоспары іске асырылып, оның аясында 60 ірі әртүрлі форматтағы бас­тама өткізілді. Аталған іс-шаралар мәдени, жастар, әлеуметтік, білім беру, медиация және ақпараттық бағыттарды қамтыды. Мерейтойлық іс-шаралардың басталуы 1 наурыз күні Достық үйінде «Қайырымдылық керуені»  акциясының іске қосылуымен қатар өтті. Бұл жыл бойғы жұмыстың негізгі бағытын қоғамдық диалог пен әлеуметтік жауапкершіліктің үйлесімі айқындады.

Жыл ішінде қала Ассамблея­сының іс-шараларына елорда тұрғындары мен қонақтарынан ондаған мың адам қатысты, бұл халықтың жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді.

Есепті кезеңде қала Ассамблеясының қызметі мемлекеттік және өкілді органдармен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырылды. Астана қаласы мәслихатының Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл жөніндегі комиссиясы жұмысын жалғастырып, бұл басқарушылық шешімдердің үйлесімділігін қамтамасыз етуге және қалалық бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру кезінде қоғамдық құрамдасты күшейтуге мүмкіндік берді.

2025 жылы Ассамблеяның шығармашылық ұжымдарының жетістіктер қоржыны тағы бір маңызды нәтижемен толықты: «Радуга» орыс ән-би ансамбліне «Халықтық» атағы берілді. Осылайша ол қалалық АНК құрамындағы осындай мәртебеге ие болған алтыншы ұжым атанды. Сонымен қатар, желтоқсан айында аккредитация­лық комиссияның кезектен тыс отырысы өтіп, «Әзербайжандар қауымдастығы» және «Әлем әйел­дерінің достығы орталығы» қоғамдық бірлестіктермен толықты. Бұл қоғамдық өкілдіктің кезең-кезеңімен кеңейіп, дамып келе жатқанын көрсетеді.

2025 жылы азаматтық бірегейлікті және патриоттық сананы қалыптастыруға, әсіресе жастар арасында, басымдық берілді. «Алтын күн» патриот­тық ән фестивалі өткізілді, елордадағы жоғары оқу орындары мен колледждерде «Ассамблея күндері» ұйымдас­тырылды, студенттік ассамблея­лар мен АНК-ның арнайы кабинеттерін құру арқылы студент жастарды Ассамблея қызметіне тарту жұмысы жалғастырылды. Нәтижесінде білім беру және ағартушылық іс-шаралармен мыңдаған жас қамтылып, жұмыстың тәрбиелік және профилактикалық бағыты күшейтілді.

Есепті жылдың маңызды бағыттарының бірі этномедиация және қақтығыстардың алдын алу саласындағы қызмет болды. Астана қаласы АНК Медиация орталығы құрамында 8 қоғамдық және 12 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Жыл ішінде «Елдесу және татуласу» жобасы аясында дөңгелек үстелдер, кездесулер мен семинарларды қоса алғанда 5 іс-шара өткізілді.

2025 жылғы сәуір айында мемлекеттік қызметшілер, учаскелік инспекторлар мен мектеп директорларының орынбасарлары қатарынан 50 адам медиативтік дағдыларды дамыту бойынша екі күндік оқыту семинарынан өтті. Қазан айында Достық үйінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Болгария сарапшыларының қатысуымен халықаралық ғылыми конференция өтіп, оның қорытындысы бойынша медиация институтын одан әрі дамытуға арналған практикалық ұсынымдар әзірленді.

Ассамблея қызметінің әлеуметтік бағыты 2025 жылы «Жомарт жан» орталығының, Аналар кеңесінің және жастар бірлестіктерінің жұмысы арқылы нақты практикалық көрініс тапты. Есепті кезеңде жалпы сомасы 22 миллион теңгеден асатын 8 қайырымдылық акция­сы өткізілді. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 200-ден астам балаға көмек көрсетілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, сондай-ақ емдеу­ді қажет ететін азаматтарды жүйелі қолдау жалғасын тапты.

Есепті жылы Достық үйі елорданың негізгі қоғамдық және диалог алаңы ретіндегі мәртебесін растады. 2025 жылы мұнда 326 іс-шара өткізілді, оның ішінде 5 халық­аралық, 14 республикалық және 307 қалалық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, жалпы қамту 83 567 адамды құрады. Жыл бойы Достық үйіне экскурсиялар мен ресми делегациялар аясында мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары келді.

2025 жылы Достық үйі Астана қаласының туристік маршрутына енгізіліп, этносаралық келісімнің символы ретіндегі қоғамдық және имидждік қызметі кеңейтілді. Ақпараттық бағытта есепті жылы «Ассамблея. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында 3 шығарылым, Birlik Talks подкастының 3 эпизоды және қалалық Ассамблея мүшелерінің қатысуымен 2 бейнеролик дайындалды. Бұл АНК-ның медиа кеңістіктегі және әлеуметтік желілердегі қатысуын күшейтуге мүмкіндік берді.

Қалалық Ассамблея қызметтің жаңа бағыттарына да белсенді түрде кірісті. Бүгінгі таңда ірі кәсіпорындар базасында 4 Еңбеккерлер ассамблеясы құрылды, Инклюзивті және Спорттық ассамблеяларды дамыту алгоритмдері, сондай-ақ «Елтану» ағартушылық жобасы талқылануда. Әрине, аталған бағыттар этносаралық келісім саясатын іске асыру үшін жаңа күштердің, тұлғалардың және мүмкіндіктердің тартылуына ықпал етеді.

2025 жылдың қорытындылай отырып, Астана қаласының «бейбітшілік қаласы» ретіндегі имиджін нығайтуда жүйелі сабақтастық танытқанын атап өтуге болады. Есепті жылы Ассамблея инфрақұрылымының тағы бір нысаны – «Бейбітшілік пен келісім паркі» пайдалануға беріліп, ол жаңа қоғамдық кеңістік әрі бірлік пен диа­логтың символына айналды.

Этносаралық келісім күнделікті, жүйелі және жауапты еңбек арқылы, сенімге, диа­логқа және азаматтардың белсенді қатысуына негізделе отырып қалыптасатынын айқын көрсетеді.

2025 жылға қойылған міндеттер тұтастай алғанда орындалды. Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблея­сының қызметін одан әрі дамытуға, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға берік негіз қаланды.

Айгүл УАЙС 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button