«Заң және тәртіп»: есірткі жасыру нүктелері әшкереленуде

Астанада есірткі жасыру нүктелері әшкереленуде деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Есіркіден ада орта қалыптастыру жолында «Заң және тәртіп» қағидаты, «Астана – есірткісіз қала» жобалары аясында Сарыарқа ауданының прокуратурасы мен аудандық полиция басқармасы «Сарыарқа» ауданы әкімдігімен бірлесіп қала ішіндегі тұрғын алаптарды аралады.
Мұндағы мақсат – жасырын нарколабораториялар мен есірткі қойып кететін тұлғаларды анықтау, тұрғындарға қоғам дертімен дұрыс күрес жүргізу шарттарын түсіндіру.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында біз есірткі заттарының таралуына жол бермеу бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізіп отырмыз. Халыққа ақпарат жеткізу, тұрғындарды хабардар ету, күдікті фактілерді дер кезінде хабарлау – бұл бағыттағы негізгі іс-шараларымыздың бірі. Біз уәкілетті органдармен бірлесіп, ықтимал есірткі зертханалары мен притондардың орналасу орындарын қадағалаймыз және қажетті тексерулер жүргіземіз. Сонымен қатар, тұрғындарға есірткі заттарының белгілері мен қауіптілігін түсіндіру жүргізіліп, азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі – ерекше маңызды», – дейді Астана қаласының Сарарқа ауданы әкімдігінің қызметкері Дамир Хисматуллин.
Құзырлы органдардың өнімді еңбегінің арқасында жы басынан бері Сарыарқа ауданында 400-ден астам есірткіге қатысты қылмыстық іс тіркелген. Астана қаласы, Сарыарқа ауданы прокуратурасының аға бөлім прокуроры Бекболат Мұрат пен бөлім прокуроры Бақытжан Көшімхан бастаған құзырлы органдардың өкілдері есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп, нұсқаулық көрсетілген брошюраларды үлестірді.

Заңды белшесінен басатын астыртын істерді әшкерелеуде иісшіл иттің көмегі – орасан. Наркологиялық өнімнің иісін қашықтан сезіп, белгі беретін ақылды жануарды үйрету жұмысымен айналысатын кинолог мамандар да осы рейдтен табылды. Мысалы, «Байтал» атты рокфеллер иті осы күнге дейін адам таба алмайтын, есірткі пакетін мұқият жасырып, пайдаға асырмақ болған тұлғаларды құрықтауға себепкер болған.
Егер сізге тыйым салынған заттарды сақтау/сату фактілері, сондай-ақ оған қатысы бар тұлғалар туралы фактілер мәлім болса, сіз сенім телефонына 8-777-771-63-93 (тәулік бойы) немесе 102 нөміріне хабарлай аласыз.
+7 (7172) 54-76-03 дағдарыс бөлімінің сенім телефоны. Анонимді қоңырау болатынына кепілдік беріледі.




