Тілі неге кеш шығады?

Таныс келіншектің 40 жасында дүниеге әкелген бесінші баласы үш жастан асса да тілі шықпады. Алдыңғы төрт баласында ондай қиындық болмаған, олар қалыпты жағдайда дамып, бір жасында былдырлап, екі жаста анық сөйлеген. Ал кенжесі төрттен аса ғана бір жастағы баладай буынға бөлінген дыбыстарды айтуға икемі зорға келген. Сөйтіп логопед, невропатолог дәрігерлерді жағалап, массаж жасайтын емшілерге де жиі барып жүрді. Соңғы жылдары осындай сөйлемейтін ұрпақ көбейгені жиі байқалып, мамандарды да бұл жағдай алаңдатуда.
Қазір адамның дамуына кедергі келтіретін теріс факторлар көбейген дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, баланың уақытында сөйлемеу себебін әр нәрсеге апарып тірейміз. Оның ішінде ата-ананың баламен дұрыс сөйлеспеуі, баланы телефон ұстауға ерте бастан үйір қылу, түрлі зиянды тамақ жеу, әйелдің жүктілік кезіндегі жағдайы мен босанған кездегі қиындықтары бар. Ал кей балалар 3-4 жастан асқан соң бірден сөйлеп кетеді, ондай балалардың ата-анасы бұл тұқымында бар ерекшелік екенін, яғни әкесі де солай кеш сөйлей бастағанын айтады. Баласы 4 жастан аса ғана толық сөйлеген бір әріптес сәбиіне «ЗРР», яғни «задержка речевого развития» деген диагноз қойылғанын жеткізді. Кеш сөйлейтін балалардың көбіне осы «сөйлеу қызметінің кеш дамуы» диагнозы қойылады екен.
Болмысына сәйкес, бала 4-6 айында уілдеп «ма-ма, ба-ба» деген сияқты буындарды айтып былдырлай бастайды. Ең алғашқы сөздерін 9-12 айында айта бастауы керек. Ал 1,5 жасқа келгенде оның сөздік қоры 30 сөзге жуықтайды. Екі жасында сөздік қоры 200-ге жетіп, 2-3 сөзден тұратын сөйлем құрастыра алуы тиіс. Осылайша 3 жасында оның сөздік қоры 1000-1500 сөзге жетеді. Бала күрделі сөйлемдерді де қолданып, сұрақ қоя алады. Бауырындағы сәбиінің әр кезеңдегі осындай даму жағдайының кешеуілдеуін ең алдымен анасы байқауы тиіс. 2-3 жасқа дейін сөйлеуін күтіп жүре бермей, мамандарға ертерек қаралса, соғұрлым қиындықтың алдын тезірек алуға болады. Елордалық логопед Ирина Смирнованың айтуынша, мұны көбіне сөйлеткізе алатын ортаның болмауымен байланыстырады.
– Баланың сөйлеуге деген қажеттілігінің болмауы, яғни ата-ана мен баланың арасында сауатты диалогтың жоғы. Анасы сұрағанда бала тіпті ең қысқа «иә», «жоқ» деген сөздермен жауап бермей, сұқ саусағымен көрсетеді немесе қыңқылдай бастайды. Ал ата-анасы әйтеуір баласы жыламаса екен деп, саусақпен көрсеткен кез келген затты алып береді. Бірақ баланы «ол не?», «қайсы?» деген сияқты сұрақтар қойып, сөйлеуге талпындырмайды. Бала өзін сөзсіз түсінгеніне үйреніп алады. Кейде керісінше, ата-анасы немесе тәрбиеші баланың ең алғашқы сөздерін түзеп, дұрыс айтуын талап еткенде бала қате айтудан қорқып, сөйлемей қояды. Сөйлеу қызметіне қатысатын жақ сүйектері мен бұлшық еттерінің жаттықпауы да осы мәселені туындатады. Сонымен қатар баланың тілі бір тілде шыққаны жөн. Жалпы әр баланың жағдайы жеке ерекшелігіне қарай әртүрлі қаралып, соған қарай кеңес беріледі, – дейді логопед.
Тағы бір логопед Майра Болатбекқызы да бұл мәселенің себебін ата-аналар өздерінен іздеуі керек деп санайды.
– Ата-ана баласының сөйлеуіне жағдай жасады ма? Баласын тербетіп отырып, онымен сөйлесті ме, әлди айтып, уілдеген кезінде өзі де қоса сөйледі ме? Соның бәрі маңызды. Ал 2 жасқа дейін баланың тамағы тоқ болса, жыламаса болды деп, қолына гаджет ұстатып, өзі басқа шаруасымен жүрсе, бала физикалық жағынан өскенмен, менталды тұрғыда артта қалады. Бала негізі туа салысымен сөйлеуге талпынып, қадамдар жасайды, яғни іңгәлап жылайды, сосын гуілдейді, біртіндеп былдырлайды, еріндік дыбыстарды айта бастайды. Ең оңай, екі әріптен тұратын дыбыстарды шығарып, алғашқы қарым-қатынасын құруға қадам жасайды. Егер 4 айына дейін осы белгілер болмаса, ең алдымен невропатологқа қарату керек. Бала 2 жаста екі сөздің басын құрап, 3 жаста өз ойын айта алуы тиіс, – дейді ол.
Оның айтуынша, сұқ саусағымен бір заттарды көрсеткен бала сөйлейді деген сөз. Бір өкініштісі, кеш жетіліп жатқан қазіргі көп балаларда сол белгінің өзі жоқ. Сондықтан ата-ана баласының саусағымен көрсеткенінің өзіне шүкір етуі тиіс. Логопедтің баламен жұмысы ең алдымен сенсорлық жүйені дамытудан басталады. Себебі «сөйлемейтін баланың тілі саусағының ұшында» деген сөз бар.
Мақаланың басында айтқан 5 баланың анасы, елордалық Жұлдыз Үкібаева баласы қазір 4 жастан асса да, әлі толық сөйлеп кете алмағанын айтып қынжылды.
– Бұл сөйлемеу деген мәселе қазір өте күрделі болып тұр. Құдды бір эпидемия сияқты. Әр кезеңнің өзінің бір ауруы болады-ау деймін, бүгінгінің дерті осы. Дамуы жай екенін сезсем де, 2,5 жасқа дейін баламның сөйлемегеніне қатты мән бермедім. Анда-мында апарып жүрдім. Жалпы менің түсінгенім – баланы босану кезінде нәресте әртүрлі жарақат алады. Тіпті кесарь тілігімен босандырып алса да сол. Менің толғағым ұзағырақ созылып кетті, бала әрі қарай кетіп қалды, баланы кесарь тілігімен алғанда бір жеріне зақым келді ме, білмеймін. Екі айында денесі сарғайып кетті, менен балаға бір вирус жұқты, өзім анемия болдым, вирус болған соң 2 жасқа дейін жиі ауырдық. Оның үстіне өзі кеш жүрді. Тек массаж жасайтын мамандарға бардық. Нақты емін айтатын орталық жоқ. Әр ата-ана өз білгенімен жүр. Балам қазір өз қатарынан 2 жыл кеш дамуда. Соңғы онжылдықта осы ЗПР, ЗРР, аутизм көбейе түсті. Екінің біріне сондай диагноз қоюда, – дейді ол.
Әлемде балалардың 5-10 пайызында «ЗРР» диагнозы бар. Бұл ауытқушылық себебінің екі түрі болады. Бірінші биологиялық түрі бойынша 5 себебі, яғни генетикалық ерекшелігі, жүйке жүйесі дамуының органикалық бұзылуы, есту қабілетінің нашарлығы, ерте жасында менингит, энцефалитпен ауыруы, сөйлеу қызметінің аномалиясы болып жіктеледі. Ал екінші түріне әлеуметтік, оған отбасындағы қолайсыз жағдай, баламен сөйлесудің жетіспеушілігі, бала мен ата-ананың арасында көңіл күй байланысының болмауы жатады.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс психиатры, қалалық Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Елена Полиенконың айтуынша, «ЗРР» көбіне қыздарға қарағанда ұлдарда жиі кездеседі. Ол да қазіргі балалардың тілінің кеш шығуын алдымен анасының босану кезіндегі жағдайымен, мерзімінен бұрын тууымен, босанып жатқан кезде алатын жарақаттармен байланыстырады. Өзге де себептерін айта келе, дәрігер «ЗРР» бойынша медицина себептерін жоққа шығаратынын жеткізді.
Байқағанымыз, ананың өзі босанбай, кесарь тілігі арқылы босандыру да баланың бойында көптеген ауытқушылықтың пайда болуына себеп. Сондықтан жүкті әйелдің мүмкіндігінше өзі босануына жағдай жасалуы тиіс. Бірақ бізде көп жағдайда ана өміріне қауіп төнбеуі үшін кесарь тілігі арқылы босандыру жиілеп кеткендей көрінеді.
Мамандар көп жағдайда ата-ананы кінәлайды. Өмірге әкелетін ұрпағы үшін алдымен жауапкершілік анасында екені рас. Дегенмен қазір балалардың тілі шықпай, миы дамымай, ақыл-ойының кеш жетілуі белең алды. Бұлай кете берсе, болашақта ел тұтқасын ұстайтын дені сау, ақыл-есі дұрыс ұрпақ азайып, бұл ұлт сапасының нашарлауына әкелері анық. Сондықтан ана мен бала денсаулығына, әсіресе әйелдің жүктілік және босану кезіндегі жағдайына өздері де, мамандар да мұқият болып, денсаулық сақтау саласында бала дамуына қатысты мәселелердің алдын алатын шаралар қабылдануы керек.
Райхан Рахметова



